Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас мүфти Атырау облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Бүгін Атырау облысына сапары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз мұнайлы өлкенің зиялы қауым өкілдерімен, ел ағаларымен, жастармен кездесті.

Атырау облысы әкімдігінде өткен кездесу шарасына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысты. Кездесу барысында Бас мүфти қоғамдық тұрақтылықты сақтау, сан ғасырлар бұрын қазақ даласында қалыптасқан діни мектептің мұраларын бүгінгі күнге жеткізу сынды көптеген мәселелерге тоқтала келе, әр адамның қоғамдағы ролі туралы ойларымен бөлісті.

            «Расында, баршамыздың қоғамда өзімізге қатысты атқаруымыз тиіс миссияларымыз бар. Ақсақалдар жүрген жерде ақылын айтса, жастар тәуекелге бел буып, қызмет етсе, білім алса, орта буын өкілдері мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосса, имамдар ізгілікті насихаттасса біздің қоғам жан-жақты дамитын болады. Алла Тағала баршамыздың жұмысымызға береке берсін», - деді Бас мүфти.

Кездесу барысында Республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, білім саласының ардагері Серік Сапанов ой-пікірлерімен бөлісті.

 

            Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Атырау облысы әкімімен кездесті

Бүгін Атырауға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Серікбай қажы Ораз ресми іс-сапармен келді. Сапар аясында Бас мүфти бастаған делегацияны облыс əкімі Нұрлан Ноғаев қабылдады.

            Кездесу барысында қос тарап Атыраудағы қазіргі діни ахуал мәселесін талқылады. Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев деструктивті діни ағым өкілдері арасында түсіндіру, ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.

Бас мүфти бүгінгі таңда Атырауда мүфтияттың білімді теологтары мен тəжірибелі имамдары қызмет етіп жатқанын атап өтті. «Облыстың бас имамы Батыржан қажы Берденұлы Phd докторы, Ғұламалар кеңесінің белді мүшесі, діни салада тәжірибесі мол білікті маман. Қала, аудандарды білімді имамдармен қамтамасыз етіп келеміз. Мешіт пен имамдарымызға қажетті қолдау көрсетіп отырған Сізге, əкімдік ұжымына айрықша алғысымды білдіремін», - деді Серікбай қажы Ораз.

            Ресми кездесуде жастарды патриотизмге тәрбиелеу, өңірдегі имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру, халыққа дін мен дəстүр сабақтастығын дәріптеу, отбасы құндылығын насихаттау тақырыптарында сұхбат өрбіді. Басқосу қорытындысында қос тарап діни ағарту саласында ынтымақтастықта  жұмыс істеуге уағдаласты.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 


Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу