Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда жетінші республикалық Құран байқауының іріктеу туры өтті

 Қасиетті Құран – Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша жетінші республикалық Құран байқауының Атырау облысы өкілдігінде іріктеу туры өтті. 

Орталық «Иманғали» мешітінде өткен Құран жарыс екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Яғни, қатысушылар Құранды жатқа айту және Құранды мәнерлеп оқу бойынша сынға  түсті. Сайысқа белгілі ұстаздар – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров, Хусейн Кая, Батырәлі Бердіқұлов, Еламан Бегалиев, Мұрат Мұстафаев және Ержан Қағазғалиев төрелік етті. 

«Талап бойынша, Құранды жатқа айтушылардың өзі үш бағытта, яғни 10 пара, 20 пара және 30 пара бойынша білімдерін сарапқа салуы керек еді. Алайда, қатысушылар арасында бір үміткер ғана Құранның 10 парасын жатқа айтып берді. Сол себепті, Халим Мұстафа бірінші орынға лайық деп танылды» дейді Атырау облысының Бас имамы Батыржан қажы Берденұлы. 

Ал, сайыстың екінші кезеңі, яғни, мәнерлеп оқу бойынша бірінші орынды Мақсот Құсанұлы иеленді. Балтабай Ұлан мен Саламат Иманғалиев екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Жеңімпаздардың барлығына жүлде ретіне қарай, 100 000, 75 000 және 50 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық тапсырылды. 

Айта кетелік, сайыста бірінші орынға қол жеткізген жеңімпаздар енді  Алматы қаласында өтетін жетінші республикалық Құран байқауында Атырау облысының намысын қорғайтын болады. 

 Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі. 


Толығырақ ...

БАС МҮФТИ – ЕЖЕЛГІ САРАЙШЫҚ ҚАЛАШЫҒЫНДА (ФОТО)

Қазақстанмұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Атырау облысындағы ежелгі Сарайшық қалашығында болып, мұражайдағы тарихи жәдігерлермен танысты.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ұлы дала төсіндегі Ислам» жобасы аясында республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінен тарихи көрме-мұражай ашу жоспарлануда.

«Исламды тарихымызбен сабақтастырып түсіндіру – аса маңызды жұмыс. Өйткені, біз кеше ғана мұсылман болған халық емеспіз. Қарға тамырлы қазақтың Ислам дінін жүрек қалауымен қабылдағанына сан ғасырлық тарихи жазбалар мен жәдігерлер дәлел», – деді Серікбай қажы Ораз.

Сарайшық мұражайын аралаған Бас мүфти естелік кітабына ізгі тілегін жазып қалдырды. 


Толығырақ ...

АДАМНЫҢ ИМАНЫН ӨЛШЕП, БАҒА БЕРУГЕ ҚАҚЫМЫЗ ЖОҚ – БАС МҮФТИ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Атырау қаласында «Құспан-молла» мешітінде ақшам намазынан кейін жамағатқа айтқан уағызында осылай деді.

«Кейбір бауырларымыз түсінбестіктен айналасындағы адамдарды дінсіздікте айыптап, күпірлікке шығарып жатады. Адамның иманын өлшеуге яки оның сеніміне баға беруге біздің ешқандай қақымыз жоқ. Өйткені, жүректі білуші – жалғыз Алла. Ата-анамыздың, көршіміздің, туған-туыстарымыздың, жалпы қоғамның бізде хақысы бар. Ата-анамыз болғаны үшін олармен көркем қатынас жасауымыз тиіс. Көршіміз өзге дін өкілі болса да оның көршілік хақысын беруіміз қажет. Хадисте айтылғандай, ақыретке сенетін мұсылман туыстық қарым-қатынасты үзбейді. Міне, сүннет, пайғамбар жолы дегеніміз осы», – деп жамағатқа насихатын жеткізді Серікбай қажы Ораз.

Бас мүфти «Құспан-молла» мешітінің құрылыс жұмыстарына демеушілік жасаған қайырымды кәсіпкерлерді алғыс хатпен марапаттап, ізгі лебізін білдірді.


Толығырақ ...

БАС МҮФТИ: МҰСЫЛМАНДАР ӨЗАРА ҮЙЛЕСКЕН ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ІСПЕТТІ... (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Атырау қаласында орналасқан «Әт-Тақуа» мешітінің жамағатымен жүздесті.

Мұсылмандардың бірлігі жайлы сөз бастаған Бас мүфти: «Әбу Мұса (оған Алла разы болсын): пайғамбарымыз: «Мүмін мен мүмін (яғни, күллі мұсылман үмбеті) бейнебір әрбір бөлшегі бір-бірін жымдастырып тұрған бір үйдің құрылысы секілді», – деп екі қолының саусақтарын бір-біріне айқастырды», – деген. Халқымызда: «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», – деген  тағылымы мол нақыл бар. Тағы бір хадисте айтылғандай, «мүмін бір-біріне жанашырлығымен және рақымшылығымен бір дене секілді: егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ыстығы көтеріліп, ұйқыдан қалып, мазасызданады». Қазір мұсылман жамағатына бірлік, рақымшылық, жанашырлық ауадай қажет. Біз бірлігіміз арқылы талай белестерді бағындыратын боламыз. Жамағаттың бірлігі мығым, мақсаты бір болса, дініміз де өркендейді», – деді Серікбай қажы Ораз.

Уағыз соңында Бас мүфти жамағаттың сұрақтарына жауап берді.


Толығырақ ...

БАС МҮФТИ – МАХАМБЕТ АУДАНЫНДА (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Атырау облысына жасаған сапары аясында Махамбет ауданы жұртшылығымен кездесті.

Кездесуге ауданның құрметті азаматтары, әкімшілік қызметкерлері, ардагерлер мен жастар қатысты.

Қариялар Бас мүфтиден аудан жұршылығын қасиетті Құранның қазақша мағынасы мен түсінігі туралы кітаппен, жалпы ислами бағытта жазылған құнды туындылармен қамтамасыз етуді өтінді. Серікбай қажы Ораз өз кезегінде «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдарының өтінішін орындауға уәде берді.

Мешітте өткен басқосуда ұлағатты ұстаздар қазіргі жастардың тәрбиесін түзеу мәселесінде дін қызметкерлерімен ынтымақтаса отырып қызмет ету қажеттігін атап өтті.

«Расында, бүгінгі жастар имандылыққа бет бұрып жатыр. Мешітке келетін жамағаттың 80 пайызы жастар. Өскелең ұрпақтың ізгілікке ұмтылуы құптарлық құбылыс. Алайда, «менің ғана діни көзқарасым дұрыс» деп қатып қалған қағиданы ұстанатын, радикалды пиғылдағы жастарға баршамыз дұрыс жолды көрсетуіміз керек. Өйткені, ол сіз бен біздің баламыз, туысқанымыз, көршіміз. Мәселе баршамызға ортақ болған соң бір-бірімізге көмекші болып, бірлесе қызмет етуіміз керек», – деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Бөгенбай батыр ауылынан келген азаматтар Бас мүфтиден аталған елдімекенге мешіт тұрғызу жұмысына ықпал етуді сұрады. Өз кезегінде мүфти бұл өтінішті қарастыратынын жеткізді.

Басқосуда аудан тұрғындары көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.

Бас мүфти ауданнан шыққан тұлғалардың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштап, дұға жасады. Ақ самайлы әжелер мен ақсақалдар мүфтидің қызметіне тілеулестік білдіріп, ақ батасын беріп, шығарып салды.


Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу