Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жылыой мешіті жеңімпаздарын құттықтады

 

Қасиетті Құран – Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша жетінші республикалық Құран байқауының Атырау облысы өкілдігінде іріктеу туры өткендігі туралы бұған дейін хабарланған болатын.

Орталық «Иманғали» мешітінде екі кезең бойынша өткен жарысқа  Жылыой ауданының атынан қатысқан  Балтабай Ұлан мен Саламат Иманғалиев Құранды мәнерлеп оқуда екінші және үшінші орындарды иеленген еді. Жуырда  «Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінің Бас имамы Арман Исаев жеңімпаздар Балтабай Ұланға 75 мың теңге, Саламат Иманғалиевке 50 мың  теңге көлемінде ақшалай сыйақы және сертификатты жамағат алдында табыстады.

Айта кетелік, Алматы қаласында өтетін жетінші республикалық Құран байқауында Құранды мәнерлеп оқудан Атырау облысының намысын Балтабай Ұлан қорғайтын болды. Алла Тағала шәкіртіміздің мерейін үстем қылсын деп тілейміз.

«Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінің баспасөз-қызметі.

 


 

Толығырақ ...

Құспан молла мешітінің жастар жамағаты футбол алаңында бақ сынады

«Салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында Атырау қалалық Құспан молла мешіті жастар жамағаты арасында бүгін аяқ доптан жарыс өткізді» деп хабарлайды аталған мешіттің бірінші наиб имамы Назарбай Абдураманов.

Атырау қаласына қарасты Геолог елдімекенінде орналасқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен спорттық жарыста жастар жамағаты төрт командаға бөлініп, өзара бақ сынасты. Әр командада алты адамнан бақ сынасқан жолдастық кездесуге барлығы жиырма төрт жас қатысты.

Және бір ерекшелігі, спорттық бәсекеге 7 жас пен 25 жас аралығындағы шәкірттер белсене қатысты. «Құспан молла мешіті мұндай спорттық жарыстарды енді дәстүрлі түрде өткізіп отыратын болады. Біздің мақсатымыз – жамағат арасындағы бірлікті нығайту. Мұсылман мен мұсылманның арасындағы бауырмалдық қасиетті арттыру. Және салауатты өмір салтын насихаттау арқылы, жастар арасында бұқаралық спорттың дамуына ықпал ету» дейді Құспан молла мешітінің бірінші наиб имамы Назарбай Абдураманов.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 


Толығырақ ...

Шағбан -қасиетті Рамазанға дайындық айы

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Бүкіл әлемнің Раббы Аллаға мадақ! Пайғамбарымыз Мұхаммедке, отбасына және оның жолымен жүрген бүкіл үмметіне Алланың сәлемі мен игілігі болсын!

 Ислам дінінде қасиетті саналған үш айдың бірі – Шағбан айы.Рамазан айы келместен, бес парыздың бірі - оразаға дайындық жасап, адамға деген өкпе, реніштен көңілді тазартатын ай болып саналады. Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына ерекше көңіл бөлген. «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деген дұғасын жиі айтатын.Мүміндердің анасы Айша (ол кісіге Алла разы болсын ) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Шағбан айында көп ораза тұтатын қасиеті бар еді». Мен былай деп сұрайтынмын: «Я, Алланың Елшісі,Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?» Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса: «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да, менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын»,- деп жауап берді».

Алайда, Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана тұтқаны абзал. Егер, Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Шағбан айының тағы бір ерекшелігі - ол айда қасиетті Бараат түнінің (Оттан құтылу түні) болуы. Бұл түн Шағбан айының 14-інен 15-іне сәйкес келеді. Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түннің расымен де қасиеттілігін әрі осы түні Алланың  жер бетіне мейірімі түсетінін дәлдеген хадистер жеткен.  Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Субхана уа Тағала Шағбан айының жартысы толған түні Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды кешіреді».

Айта кетелік, Қалб тайпасы- көп қой өсіруімен танылған тайпа болатын. Сол себепті де хадисте осы түні көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.

Муаз Ибн Жәббәл (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбан айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да, барлығының күнәсін кешіреді. Теқ қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді».

Жоғарыда атап айтылғандай, Бараат түні – мұсылмандар үшін ерекеше түн. Сондықтан да осы түнді Аллаға толықтай мойұсынған күйде өткізу қажет. Әрі Алланың алдында ұнамсыз амалдардан тиылу қажет. Дегенмен, әрбір мұсылман әр кезде күнәлі істерден аулақ болуы қажет. Осындай түндері күнәлі іс жасау үлкен қылмыс әрі, Алла Тағалаға бойұсынудан бас тартқандық болып саналады. Мұндай амал Алланың қаһарына ұшыратады. Сондықтан да, барынша күнәлі істерден тиылуымыз қажет, асылында осы түнгі жасалған күнәлар бұл түннің барлық нығыметінен құр қалдырады.

Шағбан айынан кейін келетін Рамазан айында ораза тұтуға ниет етіп, осы айдағы құлшылығымызды арттыруға амал етейік. Өйткені, Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», – деген.«Алла Тағалам! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» – деген дұғасын жиі айтатын болған. Бізге де бұл мүбәрак айды берекелі етіп, құлшылықпен өткізуді нәсіп етсін!

А.Исаев,

«Жылыой Мұсылмандар» мешітінің Бас имамы.

Толығырақ ...

Ізгілік болсын ұраның...

Тілімізде «қайырлы», «жақсы» деген сөздердің баламасы ретінде қолданылатын ізгілік сөзі – қасиетті Құранның сөздік қорында жиі ұшырасатын, яғни қолданылу жиілігі жоғары ұғымдардың бірі. Айталық, «ізгілер» (салах) сөзі Құранда 50 жерде, «ізгі істер» (салихат) сөзі 167 жерде кездеседі. Бұл – халық болмысындағы адамдық қасиеттердің бастау көзі Исламда жатқанын көрсететін тарихи - тілдік дерек.

Асылы, халықтың мұсылмандық санасының биіктігін өз ұрпағын тәрбиелеумен қоса, келешек жұртына аманат еткен сөз-мұрасынан байқауымызға да болады. Дәлірек айтқанда, ислам – ізгілік сөзін қолдана отырып, оған бала тәрбиесі арқылы амал еткен, түптеп келгенде, ізгілікті өмірлік ұстанымына айналдырған халықтық дүниетанымның бастау көзі, қайнар бұлағы. Ал, бүгінгі таңда кейбір жастардың өз жұртының ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай көркем мінезді, ізгілікті ұран еткен халық болғанына күмән келтіріп, адасу себебінің бірі де – осы, білімсіздік, сөз мағынасын түсінбеушілік десек, артық айтқанымыз емес. Әйтпесе, қазақтың тегіне тартпай қоймас тектілігін, аузымен құс тістеген ептілігін, (ділмар шешен) қонағына жалғыз атын сойып немесе түсіп берген мәрттігін,  арамның малын жемеген адалдығын, бағасыз дүниеге алданбаған даналығын сақтап келген Алланың тіл, сөз сынды жаратылысынан асқан құдірет жоқ! Бір сөздің мағынасын жете ұғынбаудың ақыры тұтас бір ұлттың тарихына таңба түсіріп, қауіпсіздігіне қатер төндіруге дейін алып баратынын уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Түбін тартсаң Құранға тірелетін, тіптен жай сөз ғана емес, белгілі бір заттың атауынан мағыналық ауқымы кең ұғымға айналып кеткен «ізгілік» сияқты сөзге түсінік берудің маңызы зор. Ізгілік атымен жасап жүрген амалымыз үйреніп, үрдіске айналған кісілік қасиет, ұлт мінезі ғана емес, Алланың әмірі арқылы үммет санасына жол тартқан Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті екенін ұғыну діннен жатырқап қалған жұртты асыл дінімізге жақындата түсеріне сенім мол.

Осы орайда, ізгілік түсінігін Құран аяттары бойынша жүйелеп, санамалап шығуды жөн көріп отырмыз. «Ізгілік дегеніміз не? Ізгі іс деп нені айтамыз?» деген сұрақтарға Құран тілімен жауап берсек, ізгілікке байланысты кемшін жатқан білімімізді толықтырып, амалымыздың кем-кетігін толықтыруға мүмкіндік аларымыз – ақиқат.

Ізгілік – адамдық. Мұсылман адам болу, ізгілік жасау, яғни «қайтіп надан болайын атымды адам қойған соң?», - деп хакім Абай айтқан адамдықтың басты шарты. Адам болып тудың ба, мұсылман болу, ізгілік жасау – адамдық парызың. Осы орайда, түркі дүниесінің ойшылы Жүсіп Баласағұн:

Кісіге екі дүниеде пайдалы (нәрсе) –

Ізгі іс немесе мінезі түзулік.

Екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік.

Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады,  деп ізгілікке мінездің түзулігі деген анықтама берген. Жыр жолындағы «түзу» сөзінің мағынасы Исламдағы «тура жол» ұғымын меңзеп тұрғаны белгілі. Өйткені, Жүсіп Баласағұн – «Құтты білік» дастаны арқылы ислам дінін түркі дүниесіне насихат еткен  ғұлама.

Айта кету керек, біз бұл жыр жолдарынан шайырдың Алла бұйырған хақтың тура жолына пайғамбар (с.ғ.с.) сүннет еткен көркем мінезбен жете аламыз, көркем мінезбен кемелденген мұсылмандық хайырлы деген ойын ұғынамыз. Демек, ізгілік дегеніміз – «түзу мінез». Шынында, Жүсіп Баласағұнның осылайша ой түюіне ықпал еткен төмендегі аяттар екені сөзсіз: «Кімде-кім мүмин болған күйде ізгі амал жасаса...» (Таһа, 112).

Жырдағы «кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе» деген сөздің де Құран ақиқатынан  нәр алып жатқанын байқаймыз. Әрбір жақсылық істеушінің ізгі амалы – кейінгіге үлгі-өнеге, Құран тілімен айтсақ, «ескерту». Мысалы, Құранда Аллаға қарсы келіп, тәкаппарлығы үшін жойылып кеткен қауымдар мен дінін қадірлеп, сол жолда жанқиярлық танытқан барша пайғамбарлардың сабырлылығы мен шыдамдылығын сипаттайтын қиссалар тағылымы – күллі дүние мұсылмандарын туралыққа бастайтын ізгілер өнегесі. Сол жолмен жүргендердің сыйы жақсылық болатынын Алла Тағала былай деп ескерткен: «Алла Тағала сендерден иман келтіріп, ізгі іс істегендерге, өздерінен бұрынғыларды қалай мұрагер еткен болса, оларды да солай мұрагер ететінін айтып, уәде етті. Сондайақ, олар үшін өзі разы болған дінін нығайтып, қауіп-қатерден кейін оларды бейбіт заманға жеткізеді» (Нұр, 24-55).

Құран Кәрім ізгілерден мұра болып қалған ізгі амалдардың қандай екенін, олардың қатарына қандай амалдар жататынын да ашық баян етеді. Ендеше, Алла Тағаланың адамзатқа бұйырған ізгі амалдарына нелер жатады?

Жаратқан Иеміз – Алланы танып және оған шүкіршілікпен құлшылық ету, ата-анаға құрмет көрсету – Құранда бұйырған ізгі амалдарың негізгісі. Алла Тағала бұл туралы былай дейді: Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті (Исра, 23). Келтірілген аяттағы «ғана» шылауы бір Жаратушы ретінде Алладан басқаға иман келтірмеудің аса маңызды екенін, сол сияқты ата-ана ретінде әке-шешеге жасалатын құрметтің де бөлек болатынын көрсетеді.

Ислам – бес парызды орындап, Аллаға құлшылық етумен шектелмейтін дін. Керек десеңіз, жасалған құлшылықтардың Алла құзырында қабыл, қабыл болмауына кепіл болатын көркем мінезге де ерекше маңыз береді. Көркем мінездің зоры – көмектесу. Алла Тағала біреуге жақсылық жасау туралы «Мәида» сүресінің 2 аятында: «Ізгілік пен тақуалықта өзара көмектесіңдер», - дейді. Ал, екі дүние сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Қайсыбір мұсылман өзінің бауырына көмектессе, Алла оған көмектеседі», - деген.

Көмектесу – жақсылық жасау деген сөз. Қоғамдағы жақсылық адамдардың бір-біріне деген бауырмалдық, жанашырлық сезімнен туатынын ұмытпауымыз керек. Адам баласына өз бауырындай қарайтын адам өзін ғана емес, ізгі амалымен өзгені де тәрбиелейді.

Кешірімді болу – бұл ізгіліктің алғашқы шартынан туындайтын игі амал. Яғни, көмектескен адамыңыз сіздің көмегіңізді дұрыс түсінбеуі немесе ұмытып кетіп, өзіңізге жамандықпен қарсы келуі де мүмкін. Бұл – адам табиғатында, нәпсісінде бар нәрсе. Періштеге дәріс берген шайтанды ібіліске айналдырған да осы  Алланың өзіне жасаған жақсылығына шүкір етпеу, жаратылыс болмысына разылық етпеуден туындаған тәкаппарлық еді. Адам өз бойындағы осы бір мінез кеселін шүкір, қанағат сынды ізгілікке негізделген дүниетаныммен жеңіп, жақсылық жасаушыны қуанта алады. Төмендегі Құран аяты адамзат баласына осыны меңзейді: «Жамандыққа жақсылықпен жауап беру тек сабырлы адамға тән қасиет. Бұл әрекет адамға көптеген несібе әкеледі. Егер бойыңда шайтани тұрғыдағы жағымсыз қылықтар бой көрсете бастаса, дереу Аллаға жалбарын. Өйткені, Жаратушы Ие барлық дауысты естиді, болған әрбір істі бәрінен де жақсы біледі» («Фуссилат», 35-36).

Демек, жамандыққа сабыр ету – Құран бұйырған ізгі іс. Алла Тағала «Сен кешірім жасау мен елемеуді дұрыс көр. Жақсылықты талап ет. Наданмен надан болма. Егер кез-келген сәтте түлен түртіп, жамандыққа құлқың тартса дереу Алла Тағалаға сыйын. Өйткені, Жаратушы Ие барлық дұғаны естіп, қабыл етуші. Ол күмәнсіз бәрін білуші» (Ағраф, 199-200) деп, адамзат баласын жақсылықтың сұраусыз қалмайтынын, Алла алдындағы ар сотында әділдік жасайтынын ескертеді.

Осы орайда қазақтың ескіден келе жатқан мақалына құлақ түрсеңіз, халық даналығын Құран ақиқатынан түзілген сөз маржаны демеске лажыңыз қалмайды: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі». Құран аяты мен мақалдағы сөз астарына терең үңілсек, екеуіне де ортақ мүдде – ізгілік мұратын көреміз.

Құран жамандыққа жақсылықпен жауап бере алатын адамды «сабырлы» десе, халқымыз «ерге» теңейді. Ақиқатында, ерді ерлікке бастайтын қасиет – сабыр. Өйткені, оттай жанған нәпсімен іштей күресіп, жеңу, оны сыртқа ерлік-жақсылық ретінде көрсете білу де – сын. Құранға зер салсақ, ол – Алланың сынағы. Түптеп келгенде, сынақтан сүрінбей өтіп, жақсылық жолынан таймай, қиянатқа сабыр ету – мұсылмандықтың шыңы.

Расында, қоғамда адамдар бір-бірінің жақсылығын түсінбей, жаға жыртысуға дейін барып жатса, ел ішінде ұлт болып ұйысуға бастайтын бірліктен береке кетеді. Қоғам азып-тозып құруға бет алады. Ал, біздің асыл дініміз адам табиғатының нәпсіге тартпай тұрмайтын жаратылыс болмысын біліп, ұлт, ұлыс атаулыны бірлікке жетелейтін кешірімшілдікке үндейді.

Қорыта келгенде, кешірімді болу – татулықтың бастауы, жамандықты жақсылыққа айналдыратын алтын көпір. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Һұд» сүресі, 114-аятында: «..Ақиқатында, жақсылықтар амандықтарды кетіреді», – деу арқылы жақсылықтың жамандықтан үстем екенін ашық сипаттайды.

Кісіге көмектесудің келесі бір жолы – жақсылыққа арашашы болу. Жаратушы Иеміз бұл туралы «Ниса» сүресінің 85 аятында: «Кім жақсылықпен араға түссе, содан оған игі үлес бар» деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шапағат етіңдер, сауап аласыңдар» деп айтқан.

Кешірімді болу, жақсылық жасау, жамандыққа сабыр ету – бәрінің де жасалуына ықпал ететін жақсы ойда болу ниеті болса керек. Жақсы ойда болған адам ғана кешіре алады, жамандыққа сабыр етіп, жақсылық жасайды. Асылы, жамандықты жақсылықпен жоюды үндейтін халық нақылындағы «Таспен атқанды аспен ат» мәтелі Құран қағидасынан шықса керек. Өйткені, Алла Тағала Құранда «Олар не қаласа соны жасасын. Ал, сен жамандықты мейлінше алыстатып отыр. Өйткені, біз олардың сен жайлы айтқан жағымсыз уәждердің ақ-қарасын өте жақсы білеміз. Сен былай деп дұға ет: Уа, Алла Тағала! Сайтанның айдауы мен оның қасында болудан мені сақтай гөр!»(«Муминун», 96-98) дейді.

Міне, Ислам ізгілік діні, кешірім мен мейірім діні десек, жоғарыда келтірілген аяттар осыны дәлелдейді. «Алма ағашынан ұзап түспейді» демекші, халық дүниетанымының Құран ақиқатымен астасып жатқанын байқаймыз. Бұл – халқымыздың мейірімділікті мұрат тұтып, ізгілікті ту еткен мұсылмандық санасының айғағы. Ендеше, ізгі іс жасау – халқымыздың қанына сіңген ұлттық қасиеті, дара болмысы. Олай болса, ізгілік биігінен табылу – баршамызға ортақ міндет.

 

Өсімхан АМАНБАЙҰЛЫ,

Атырау қалалық «Әт-тақуа» мешітінің бас имамы.

Толығырақ ...

Сапар әдептері туралы не білеміз?

Сапар сөзі (араб тілінің) صفرсафара  сөзінен шығады. Яғни жолаушы, сапар шегуші деген мағынаны білдіреді. Ал енді осы сапарға шығушы адамның да істеу керек әдептері бар. Бұл туралы Құран хадистер бар.

Біріншіден, жолаушыны шығарып салу.Ибн Омар (р.а.) жолға шығайын деп тұрған адамға: «Бері жақында, Алла елшісі (с.ғ.с.) бізді сапарға шығарып салғаны сияқты, сені шығарып салайын деп: «Әстаудиъу Аллаһа динәкә уә амәнәтәкә уә хауәтимә ъамәлик» (мағынасы: Аллаға сенің дініңді, аманатыңды және ісіңнің нәтижесін тапсырамын»), – деп шығарып салатын.

          Екіншіден,жол азығын қамдау.Сапарда жол серік болған кісілер бір-біріне жәрдем беруі тиіс. Әбу Мұса (р.а.): «Расында ашғари руы жорықта жесір боп қалған немесе Мадина қаласында жоқшылық көрген бір отбасы болса, өздеріндегі бар азық-түлікті бір шапанға жинап, өз арасында теңдей етіп бөлісетін. Міне, олар менен, ал мен олардан болам», – деген Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзін риуаят етеді.Құран Кәрімде: «...Әрі жол азығымен қамданыңдар. Ал, жол азығының ең жақсысы – тақуалық...», – деген әмір бар. Табари тәпсірінде: «Бұл аят жол азығын алмай қажылық етуші қауымға қатысты түскен. Олардың кейбірі ихрам киген сәттен азықтарын лақтырып, басқалар оны алатын. Сондықтан, Алла Тағала сапарға азықсыз шыққанға қамдануды, ал азығы барлар оны лақтырмай сақтауды бұйырды», – дейді.

Үшіншіден, жолға ертерек шығу.Сахаба Сахр (р.а) айтуы бойынша Пайғамбар (Алла оған разы болсын): «Уа Алла! Үмметіме таңертең, күннің әуелгі сәттерінде берекесін бер деп», - дұға ететін.

Төртіншіден, жолға шықпас бұрын екі рәкәғат намаз оқу. Мәкруһ уақыты болмасаӘнәстің хадисінде Пайғамбарымыз (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Жолға аттанар алдында отбасына оқылған екі рәкәғат намаз, пенденің оларға қалдырған ең абзал нәрсесі».

Бесіншіден, үйінен шыққанда сапар дұғасын оқу.Әнас бин Малик (р.а.): «Кісі үйінен шығар болса: Бисмиллә тәуәккәлту әлә Алла. Лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ), яғни, «Алла атымен, Аллаға тәуекел еттім. Күш-құдірет пен шама-шарқы тек Алладан», – деп айтсын. Сонда оған (періште тарапынан): «Тура жол таптың, уайым-қайғың сейілді, дұшпанның зияндығынан қорғалдың», – деп айтылады...»,– деп риуаят етеді.

Е. Қамзағалиев,

«Әйіп қажы» мешітінің Бас имамы.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу