Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Дін мамандары жастармен жүздесті

Атырау қаласына қарасты Геолог поселкесінде дін мамандарымен кездесу өтті.

           Жергілікті Қаныш Сәтпаев атындағы мектепте өткен кездесуге "Шапағат" деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы мамандарымен бірге, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы арнайы қатысып, жастармен жүздесті.

          Кездесу барысында жат ағымдардың сипаттамасы, Әбу - Ханифа мәзһабының ерекшелігі, дәстүрлі ислам, қазақ даласындағы діни мектепті жаңғырту мәселелері көтерілді. "Қазақ даласында кезінде Науан хазірет, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды рухани лидерлеріміз өткен. Олар ислам дінін халық арасында насихаттау жолында үлкен еңбек сіңірген. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қазақ даласындағы діни мектепті қайта жаңғырту мәселесін қолға алуының астарында үлкен маңыз жатыр" дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.

          Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.


Толығырақ ...

Бас имам мұқтаж жандарға қаржылай көмек тапсырды

          Қасиетті Рамазан айының құрметіне, орталық "Иманғали" мешітінде қайырымдылық шаралар легі басталды.

          Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров кеше әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін бір топ отбасына қаржылай көмек тапсырды. Бесін намазынан кейін ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы аясында он бес адамға жиырма мың теңгеден үлестірілді.

               "Айлардың сұлтаны болғаны болған Рамазанда ораза ұстаумен бірге, қамқорлықты қажет ететін жетім, жесірге, мүгедек жандарға көмек қолың созу да парыз. Біз қашанда мұқтаж бауырларымыздан қамқорлығымызды аямауға тиіспіз" дейді Бас имам Батыржан қажы Берденұлы.

               Орталық "Иманғали"мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Дәстүрлі емес діни ағымдардың қоғамға кері әсері

    Дәстүрлі дін мен дәстүрлі емес діндердің ара-жігін ажырата алмайтын адамдар қоғамымызда әлі де көптеп кезігеді. Заң аясында жұмыс істеу дәстүрлі діндерде қалыпты құбылыс, ал дәстүрлі емес діндердің іс-әрекеттерін бақылап отыруға тура келеді.

    Қазіргі таңда елімізде теріс бағыттағы жат ағымдар, атап айтқанда, псевдосәләфилік,  уахабилік, Хизбут Тахрир, такфирилік (күпірге айыптаушы) т.б. жамағаттар халықтың санасын улап, ата-бабамыздың ұстанып келген Абу ханифа мәзһабын адасқанға санап, салт-дәстүрлерді жоққа шығарып, ұстануға болмайды деп, ата-ананы сыйламауға, оларды күпірлікке айыптап, өздерінің көздеген мақсаттарына, елдің болашағы  жастарымызды үгіттеп, қол шоқпарына айналдыруда. Бұл - еліміздің бейбітшілігіне төнген қауіп.

    Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттерді жасайтын болады.

         Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары дін дегеніміз осы екен деп еліміздің көптеген жастары шетелге діни білім алуға аттанып, кейін, сол діни білім алған кейбір азаматтарымыз өздері білім алған мемлекеттің менталитеті мен салт-дәстүрлерін өзінің әдет-ғұрпынан жоғары қойып, үлкен адасушылықтарға бой алғыза бастады. Сол алған білімдерімен елімізде дінге бет бұрған жастарға уағыз айту үрдістерін бастап кетті. Бірақ ол жастар дәстүрлі Ислам дінінің негіздерін үйреніп жатпағанын білмеді. Уақыт өте келе түсініспеушіліктер пайда болып қоғамда өз ішінен бөлініп, жалпы жастардың діни дүниетанымы өзгеріп, саналарына жихадизм, терроризм түсініктері пайда бола бастаған. Бұл, мемлекет пен елдің бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі үшін ең қауіпті індеттің бірі екендігі бүгінгі таңда жасырын емес.

         Жалпы зайырлы қоғамды алаңдатып отырған мәселе дәстүрлі емес діни ағымдардың қатарын жастардың құрауы болып отыр. Бұл жастардың дәстүрлі емес діни ағымдарға кіріп кетуінде бірнеше себептері бар, атап айтатын болсақ, біріншіден, еліміздегі жастардың діни сауаттылығының әліде болса төмендігі. Екіншіден, қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың әсері, материялдық жетіспеушілік, яғни, жұмыссыздық мәселесі.

         Ұлттың болашағы мен елдің ертеңін, және болашақ ел тарихының негізін қалау – болашақ жастардың қолында дейміз. Ендеше түрлі теріс діни ағымдар өз қатарларына не үшін қазақ жастарын тартудың себебін пайымдау қиын емес.

         Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Тәуелсіз Егеменді еліміздің бірлігіне қол сұққан жат ағымдардың теріс саясатынан сақтану жолдары – бей ресми діни білім беру орындарына көңіл бөлу, және бастауыш, орта және жоғарғы оқу орындарында діни негіздердің түп-нұсқасын дұрыс түсіндіру, дін қағидаларын білікті, білімді дін мамандары  арқылы жеткізу,  халықтың діни сауатын ашатын оқу орындарын көбейту. Елімізде тез тарайтын ақпараттардың бірі - әлеуметтік желілерді  бақылауға алу. Бұл шараға тек қана дін қызметкері ғана емес, еліміздің әрбір азаматы ат салысуы қажет.  Сонда ғана бейбіт еліміздің тыныштығы сақталып, қазақ даласы өркениетті, бірлігі берік, шаңырағы биік Ел болады. 

 

М.Мустафаев,

 

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы

 

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу