Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қасиетті қажылық сапарына арналған семинар басталды

Күллі мұсылман үшін парыз болған қажылық 21 тамызда басталады. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас имамы Батыржан қажы Мансұровтың бастамасымен Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде арнайы семинар жұмысын бастады.

Қасиетті сапар тақырыбына арналған семинарда ұстаздар Ардақ Жұмабекұлы мен Еламан Бегалиев қажылық кезінде атқарылатын амалдар туралы дәріс оқуда.

Ұстаз Ардақ Жұмабекұлының айтуынша, қажылыққа бара алатындай байлығы мен денсаулығы бар әрбір мұсылманға өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз. «Парыз қажылық – «Хаж әкбар», яғни  «үлкен қажылық», ал умра – «Хаж асғар», яғни, «кіші қажылық» деп аталады. Қажылық Сауд Арабиясының Мекке қаласындағы Қағба-муаззамада жасалады. Әлемнің басқа ешбір жерінде қажылық ғибадаты жасалмайды. Қағба-муаззама – Алла Тағаланың әмірімен Ибраһим (а.с.) пайғамбардың Мекке қаласында алғаш тұрғызған төрт бұрышты биік ғимарат тұрған қасиетті орын. Бұл жер – бүкіл мұсылман баласының құбыласы» дейді ол.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Қажылық жасаушылар мен умраға барғандар – Алланың сыйлы қонақтары. Егер бұлар тілек тілесе, Алла тілектерін қабыл алады, күнәларына кешірім сұраса, күнәларын кешіреді» деп сүйіншілеген. Демек, Алланың құзырына барғанда қажылық жасаған мұсылмандардың дәрежелері биік тұрмақ.

Айта кетелік, қажылыққа аттануға ниет етушілер үшін басталған семинар он күнге жалғасады.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.


 

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу