Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Ел болам десең, бесігіңді түзе»

Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең мәнді нақылы бар. Осы аталы сөздің мазмұнын ашып түсіне білу бүгінгі және келешек күн тұрғысынан аса қажетті. 

Ел болу, тәуелсіз мемлекет құру идеясы қаймана қазақтың о бастан асқақ арманы болып келді. Қазақстанның тәуелсіздік тұғырында нық орнауы оның болашағын сомдайтын бүгінгі жас өркеннің тәрбиесімен тығыз байланысты. Отбасында ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтарды тәрбиелеу ісіне деген жауапкершілікті бір сәтте де естен шығаруға болмайды. Бесік сөзі тәрбиенің ұлттық сипатта болуы қажеттігін аңғартатындай. 

Бүгінде осы ұлық міндеттің көп салмағын мұғалім мен ата-ана бірлесе көтеріп келеді. Анығында айдарлы ұл мен қылықты қыздың тәрбиесіне қоғам өкілдері тұтас жауапты. Мектеп, ата-ана, ұстаз үштігінің бала тәрбиесіндегі рөлін әрдайым бекемдей білген дұрыс. «Баланы өз дәуір талаптарына қарай тәрбиелеңдер» деп әзірет Әли (р.а.) айтқандай, бала заман талабына сай білім алуы тиіс. Әрине, біліммен қатар тәрбиені де лайықты түрде бере білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бала тәрбиесінде оның рухани толысуы да ерекше мәнге ие.

 Толық білім алғанмен, рухани мүгедек жандарды көргенде еріксіз өкінетініміз сондықтан. Ал, рухани тәрбиеде баланы мұсылмандық әдепке баулудың орны бөлек. «Біз білімдіден гөрі әдепті адамдарға көбірек зәруміз» деп Абдуллаһ ибн Мубарак ой салғандай, расында біліміне сыпайылығын, биязылығы мен ішкі әдебін жарастыратын жандар расында көп емес. 

Баланың мұсылмандық тәрбиесінде оны қаршадайынан адалдыққа, еңбекқорлыққа, тазалыққа, білім ізденуге, дене шынықтыруға, өз жынысына сай еңбек түрлеріне баулудың мәні зор. Ардақты Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) ұл баланы күреске, жүзуге, садақ атуға, жүгіруге баулу керектігін өсиет еткен. Қыз баланы да ұлдан кем көрмей білім алуына жағдай жасаған дұрыс. Дегенмен «Қызға қырық үйден тыйым» демекші, оның жүріс тұрысын жат көздерден қорғау да қамқоршылары мен жақындарына үлкен жауапкершілік жүктеген. Мектеп қабырғасында өсіп келе жатқан жасөспірімдер проблемалары оларға көп көңіл бөлу керектігін аңдатуда. 

Жастар арасындағы әлімжеттік, өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік, ерте неке қидыру, оқуды тастап кету, арақ, есірткі секілді жаман әдеттерге үйірсектік, ата-аналарынан безіну, діни жіктелу бұлардың барлығы да оларға көңіл бөлудің аздығы мен тәрбие беру жүйеміздің нашарлағандығында. Оқушыларды қандай жағдайда да мемлекет қамқорлығымен тегін білім алудан шеттетуге болмайды. Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді. 

Осы орайда жуырда қабылданған «Жеті рухани қазық» атты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рухани тұғырнамасына да арнайы тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Себебі, оның негізгі мазмұны дұрыс ел болып қалыптасудағы рухани негіздерді ашып көрсетуімен құнды. Оның өзегіндегі ойлар имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік секілді ұстындарды қамтиды. 

Расында, шынайы мұсылманның іс-әрекеті мен мінез-құлқы имандылыққа, адамгершілік принциптерге негізделеді. Алла Тағала Құран Кәрімде «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және туыстарға қарайласуды бұйырып, арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп адамзат баласын ізгілікке шақырған. 

Рухани тұғырнамада көтерілген әрбір жайт ислам тұрғысынан негізделіп көрсетілген. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» деп, ислам дінінің негізгі мақсаты адамзат баласын көркем мінез-құлыққа тәрбиелеу екенін баяндаған. Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік» деген. Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке,  адамгершілікке жетелейтін, көптеген асыл қасиеттер бар. Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс.  

Тұғырнама мазмұнында Исламның асыл құндылықтарын темірқазық еткен дана бабаларымыздың адамның имандылығына, кісілік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлгені сөз етіледі. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкенді-кішілі сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді қасиеттер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде назардан тыс қалмаған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың жазылмаған заңдылығына айналған. Бойында асыл қасиеттері бар жасты «тәрбиелі» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылықты ойлайтын адамды «иманды» деп атаған. 

Рухани тұғырнамада «Отаншылдық» – Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен тұратындығы, отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю екендігімен түсіндіріледі. Өз ұлтын, туып өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады.

Сөз етілген отаншылдық сана – халықты топтастырушы рухани күш болумен қатар, оның күш-жігерін тәуелсіздікті нығайтуға бағыттайды. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Әйтеке би «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана – өзімдікі» деп халыққа қызмет ету жолында отаншылдықтың айнасы бола білді. Бұл расында қазіргі күн үшін өте өзекті жайт. 

Рухани тұғырнамада айтылғандай, исламдағы басты парызға – білім алу жатады. Себебі, Құран Кәрімнің алғашқы түскен аяты «Оқы!» деген сөзден басталады. Білім алу, сауат ашу – Ислам дінінің ең басты талабы. Құран Кәрімнің көптеген аяттарында білім жайлы айтылған. Қасиетті Құранда: «Алла Тағала араларыңдағы иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін көтереді» («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят) деп білімді болудың артықшылығын білдірген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу – әрбір мұсылманға (ер мен әйелге) парыз», – деген. Расында, ойлап қарасақ, мемлекетті құраушы күш оның азаматтары десек, әр адам бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз дамып, өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс. Озық ақпараттық технологиялар билік құрған заманда бәсекеге қабілетті жекелеген мемлекеттер ғана алпауыттарға жұтылмайды.

Бүгінгі күннің ең өткір мәселелерінің бірі ретінде қозғалған мына жайт та назардан тыс қалмаған. Ислам Құран мен сүннетке негізделген діни ғылымдармен қатар зайырлы білім алуға да үндейді. Мұсылмандар мемлекеттің білім беру саласындағы заң талаптарын орындауды өздерінің басты міндеттерінің бірі деп біледі және балаларының орта білім алып, жан-жақты дамып-жетілуіне, жоғары оқу орындарында таңдаған мамандықтарына сәйкес жалғастыруға кедергі келтірмейді. 

Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты екені сөзсіз. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ. Алла Тағала мұсылман баласына: «Бөлінбеңдер ...» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) – деп бауырмал болуға бұйырған. Мұсылман баласы көркем мінез-құлықпен ел ішіндегі ауызбіршілікті сақтай білуі керек. Себебі, рухани тұрғыда өсіп-жетілген тұлға қандай жағдайда да барлық мәселені байыпты жолмен шешеді. Алла Тағала: «Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер...» («Мәида» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деп бұқараны бірлікке шақырған. Бұны дәйім есте ұстаған абзал. 

Дүние мен ақырет тізгінін тең ұстау қай кездегі мұсылмандар үшін де елеуге тұрарлық жайт. Ол да Рухани тұғырнамадағы өзекті ойды құраған. Адал еңбек ету, игі іс істеу бір-бірінен ажырамас ұғым. Шариғатта ғибадат істермен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Қасиетті аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған.

Рас, адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру – ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлде қайда жақсы» (Бұхари) – деген.

Ата-анасын, әйел, бала-шағасын және туыстарын нәпақамен қамтамасыз ету – отағасының міндеті. Әрбір мұсылман оған селқос қарамай, мойнына жүктелген борышын жауапкершілікпен орындауы тиіс. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлығың да жауаптысыңдар және барлықтарың қоластындағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар» (Бұхари, Муслим) – деген. 

Ислам дінінде адал жолмен табыс тауып, еңбек етуге айрықша мән берген. Адал жолмен, маңдай термен табыс табу екі дүниені де абат қылатыны ескертілген.  Жалпы, шариғат бойынша, адал еңбек етудің өзі дұғаның бір түрі екенін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, «Халал еңбек ету – әр мұсылманға парыз», «Халал табыс табу үшін шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», - деген ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман қауым үшін адал еңбектің қаншалықты маңызды екендігін да саралап тұрып айтып кеткен. Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен. Рухани тұғырнаманы оқып отырған адам ондағы сүбелі ойлармен және оның бүгінгі күн тұрғысынан өзекті екендігімен еріксіз келіседі деген пікірдеміз. 

Айталық, қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрсеткіші емей немене?! Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады. Әдептілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді.

Қасиетті Құранда: «... Ол Алла сендерді жерден жаратты әрі сол жер бетінде өмір сүріп, оны көркейтулеріңді қалады ...» («Һуд» сүресі, 61-аят). 

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Көршімен көркем қарым-қатынас жасау – қоғамды көркейтіп, өмірді ұзартады» (Имам Ахмад) дейді. 

Әдепті мұсылман Қиямет күні Алла Елшісімен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болады. Хадисте: «Расында, сендердің іштеріңде ең жақсы көретiнiм және қияметте маған ең жақын болатындарың – мiнез-құлқы жақсы болғандарың ...» (Имам Тирмизи) деген. 

Абдулла ибн Омар: «Пайғамбар ұятсыз сөз айтпайтын және әдепсіздік істемейтін» деп айтатын.  

Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен.

Адамдар əлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс. Айналаны таза ұстауға, қоғамдық орындарды ластамауға, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс. Дінімізде тазалық – иманның жартысы делінген. Ислам діні тазалыққа, ұқыптылыққа үлкен мән берген. Әрбір мұсылман қоғамдық ортаның əдебінен аттамай, басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-əрекеттен аулақ болуы тиіс. 

Әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке бола ма? Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамдағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш ол – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді. 

Қасиетті Құранда: «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла Тағала әділ болғандарды жақсы көреді» («Хужурат» сүресі, 9-аят) деп бұйырады.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында әділ болғандар қиямет күні нұрдан жаратылған мінберлерде болады ...» (Имам Муслим) деп, әділдікті ұстанғандарға айрықша мәртебе берілетіндігін айтқан. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі бола білді. Одан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған сахабалардың өмірі де әділдік пен адалдыққа негізделді.  

Хакім Абай «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деп әділдікті адами құндылықтардың өзегі ретінде көрсеткен.   

Мұсылманның ішкі жан дүниесі мен сырт келбеті, барлық іс-әрекеті  әділдікке негізделуі тиіс. Төлеби бабамыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, туралыққа, әділ болуға шақырған. 

Жалпы алғанда, ел болу үшін өзгерісті жеке басымыздан бастағанымыз дұрыс. Елге деген, еңбекші қауымға деген, мемлекетке, болашаққа деген дұрыс көзқарас қалыптастыра білуіміз керек. Өзін тәрбиелей алмаған жанның өзгелерді тәрбиелеуі мүмкін емес. Өмірде өзінің құбыласын таппаған жанның өзгелерге шамшырақ болып жол көрсетуі тіптен күлкілі жайт. Ендеше, ізгілікке әуелі өзімізді баулу арқылы өзгелерге үлгі бола білуіміз керек. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің «Өзгерісті өзіңнен баста» деп қоғамға ой тастауы да сондықтан. Жоғарыда тілге тиек етілген жайттарды әрдайым назарда ұстасақ, етек-жеңі жинақы, еңселі ел болуда өз септігін тигізеді деген ойдамыз. 

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының бас имамы.  

Толығырақ ...

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттар туралы ойымен бөлісті

     Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттар туралы өз ойымен бөлісті.   

«Елордада өткен имамдар форумы рухани салада айрықша тарихи шара болды. Форумда қабылданған бірқатар құжаттардың санаға сілкініс жасауға бағытталған қадам екендігін атап өткеніміз жөн.

Айталық, «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасы – ерекше маңызға ие құжат. Себебі, оның негізгі мазмұны біртұтас ұлт болып қалыптасудағы рухани негіздерді ашып көрсетуімен құнды. Оның өзегіндегі ойлар имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік секілді ұстындарды қамтиды. Расында, шынайы мұсылманның іс-әрекеті мен мінез-құлқы имандылыққа, адамгершілік принциптерге негізделеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және туыстарға қарайласуды бұйырып, арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды» («Нахл» сүресі, 90-аят), – деп адамзат баласын ізгілікке шақырған.

Тұғырнамада Исламның асыл құндылықтары жазылған. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкенді-кішілі сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді қасиеттер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде көрсетілген.

Рухани Тұғырнамада отаншылдық қасиет сөз болады. Отаншылдықтың мәйегі ұлтты сүюмен өлшенеді. Өз ұлтын, туып өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады.

Отаншылдық сана – халықты топтастырушы рухани күш болумен қатар, оның күш-жігерін тәуелсіздікті нығайтуға бағыттайды. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Әйтеке би: «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана – өзімдікі», – деп халыққа қызмет етудің маңыздылығын атап өткен.

Форумда қабылданған «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» құжаты да уақыт талабынан шыққан дүние. Қазіргі уақытта кез келген адамның діни рәсімдерді орындай беретіні жасырын емес. Бір ғана неке мәселесін алсақ, шариғат заңдылықтарынан әлдеқайда алыс, жасырын қиылған некелер талақтың көбеюіне, сәйкесінше, тірі жетім, некесіз балалар санының артуына әкеліп жатыр. Сондықтан, мүфтият тарапынан «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» құжатының қабылдануы – құптарлық іс.

«ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттер» құжатының ресми түрде бекітілуі де мүфтиятқа қарасты мешіттердің жұмысын жүйелеуге жаңаша серпін береді деп сенемін», – дейді Алтынбек Ұтысханұлы.

 
Толығырақ ...

ИМАМДАР ФОРУМЫ «АШЫҚ АЛАҢДА» ТАЛҚЫЛАНДЫ

  islam-atyrau.kz/29 қазан, 2019 жыл.  «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасы кезекті шығарылымын Елордада өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумына арнады. 

Бағдарламаға Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, белгілі ғалым Омар Жәлелұлы, дінтанушы-ғалым Тұрар Әбуов, журналист Мұхтар Тұртайұлы қатысты.

Сарапшылар форумда қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы», «Діни рәсімдер тізілімі» құжаттарын талқылады. Сонымен қатар, қоғамға рухани құндылықтарды насихаттаудың тетіктерін ортаға салды.

Бағдарламаның бас қонағы болған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз: «Расында, тіршіліктің құлшылықсыз, ал құлшылықтың тіршіліксіз мәні болмайтыны секілді, адамның өмір сүру салты мың құбылған мына заманда рухани құндылықтар маңызы күн санап артуда. Ізгілікке негізделмеген істің ілгері жүрмейтінін өмірдің өзі дәлелдеуде.

Сондықтан үшінші имамдар форумына «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты тақырыпты арқау етіп алдық. Тарихымызға зер салсақ, «ахун», «қалпе», «ишан» деген діни лауазымдар болған. Олардың атқаратын діни қызметі бір болғанымен, бағыты мен саласы әртүрлі. Осы ретте біз діни рәсімдердің тізілімін әзірлеп, бекіттік. Бұл – заманның талабынан, қоғамның сұранысынан туындаған тарихи құжат. 45 тармақтан тұратын тізілім – қоғамға қажетті діни рәсімдер», – деп атап өтті.

 

Толығырақ ...

Тәубе

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Ол сондай Алла бізді жоқтан бар етіп, бүкіл махлұқаттың ішінде адам қылып жаратты. 

Соның ішінде маңдайы сәждеге тиетін мұсылман етіп жаратқан Аллаға сансыз мадақтар болсын! Екі дүниенің сардары, адамзаттың жанашыры, пайғамбарлардың сұлтаны, соңғы демінде де үмбетім  деп кеткен Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың сәлемі мен игілігі болсын! 

Атам қазақ "Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң" деп жастық шағында немесе қандайда бір жасында өмірдің өтпелі жалған қызығына белшесінен батып, адам атаулыға жат қылықтардың қырығын жасап, өмірдің нағыз мәні мен сәнін сезіне алмай жүріп қайта бақытқа жетіп Алласын танып, құлшылығын құлшына жасап кеткен адамға айтқан болар сәрі. Ұлы Жаратушымыздың құлдарына деген мейірімі шексіз ғой. Адамзат баласы өзіне қаншама нығметтер берген, адамзаттың ардақтысы етіп жаратып бұл дүниенің бүкіл жаратылысын өзіне бағындырып қойған Жаратушы иесіне қарсы келіп, бұйрықтарын орындамай, тиғандарынан тиылмай жүретін кездері кездеседі. Мейірімі күшті Алла қаншама үлкен күна жасасаңда тәубе етіп кешірім сұраған құлын кері қайтармайтыны ақиқат нәрсе. Сондықтан да Алланың мейірімінен үміт үзбей жасаған күнәлармыз үшін тез арада тәубе жасап, Алладан кешірім сұрау әрбір мұсылман баласы үшін уажіп. 

Ұлы Жаратушымыз қасиетті Құран Кәрімнің "Тахрим" сүресінің сегізінші аятында "Ей, иман еткендер, Аллаға шынайы түрде тәубе етіңдер" деп бұйырады. Әбу Хурайра (р.а) Пайғамбарымыздың (с.а.у) өзінің қасиетті хадистерінің бірінде: "Алланың атымен ант етейін, мен күніне жетпіс мәрте Алладан кешірім сұрап тәубе етемін" деп айтқанын есіттім дейді. Өткен және алдындағы бүкіл күналары кешірілген Алланың Елшісі (с.а.у) күніне жетпіс рет кешірім сұраған болса, біз күнахар пенделердің өте көп кешірім сұрап жалбарынуымыз керек екені айтпасада түсінікті. Ғалымдарымыз Аллаға қарсы күнә жасауды екі түрлі қарастырады:

1. Алла мен құлдың арасындағы күнәлі істер

2. Құлмен құлға қатысты күналы істер. 

Егер күнә Алла мен құлдың арасында болатын болса тәубенің қабыл болуы үшін үш шарт бар дейді. 

Біріншісі: күнәні жүрегінен суырып алып тастау,

Екіншісі: Сол харам істі жасағаны үшін қатты өкіну,

Үшіншісі: Ол арам қадамға қайта жоламауға нық шешім қабылдау.

Егер осы шарттардың біреуі орындалмаса ол тәубе қабыл етілмейді дейді ғалымдарымыз. Сонымен қатар егер қандай да күна құлмен құлдың арасындағы құқықтарға байланысты болатын болса, жоғарыдағы үш шартпен қоса төртінші және бір шарты бар. Ол құл қандайда бір құлдың ақысын жеген болса оған барып кешірім сұрауы керек екен. Мәселен бір кісі біреудің сыртынан ғайбат айтып қойған болса, тәубе етіп жоғарыдаға үш шарттан бөлек сол мұсылман бауырына барып кешірім сұрау керек. Немесе бір кісі біреудің малын ұрлап сосын тәубеге келген болса, сол ұрлаған затын егесіне қайтармайынша оның тәубесі қабыл болмайды дейді ислам ғұламалары. Әрбір мұсылман Алла Тағаланың ерекше мейірімді екенін ұмытпастан істеген әрбір күналары үшін көп уақыт өткізбей дереу тәубе етуге асығу керек. 

Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у)  "Алла Тағала жан алқымға келген уақытқа дейін тәубені қабыл етеді" дейді. Ұлы Алла баршамызды өзінің шынайы тәубе еткен құлдарының қатарынан жазсын, әмин!

 

   Айтжан АБДИРОВ,

Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің бас имамы. 

Толығырақ ...

Имам әл-Матуридидің еңбектері мен ілімінің түп негізі

Әбу Мансұр әл-Матуриди саналы ғұмырын ағартушылықпен өткізіп, соңына теңдессіз еңбектер қалдырған. Өкінішке орай, оның еңбектерінің дені шапқыншылық, көшіп-қону, табиғи апаттар және басқа да себептердің салдарынан бүгінгі күнге дейін жетпеген.

       Ғалымның еңбектері негізінен «муғтазилиттер», «харижиттер», «шиттік» және оның ішінде «рафизиттер» мен «карматилер» сынды діни-пәлсапалық және діни-саяси ағымдардың сенімі мен тұжырымдарын сынға алып, терістеу мақсатында жазылған. 

           Сын – белгілі бір саланың шегі болып табылады. Кез-келген пікірді не сенімді сынау үшін, сол саланы терең меңгеру керек. Матуриди өзінің опоненттерін сынаған. Муғтазилиттердің ішінде әсіресе, әл-Кағби атты көсемін сынап, оған қарсы бірнеше кітап жазған. Бұл да болса имамның сол саланы терең меңгергендігін білдіреді. Имам Матуриди «Кәләм ілімі», «тәпсір және Құран ілімі», «Фиқһ және фиқһ методологиясы» деген тақырыптарда қалам тартқан.

          Кәлам ілімі бойынша:

         1. «Китәб ат-таухид» (Таухид – Алланы бір деп тану кітабы); 

          2. «Китәб әл-мақаләт» (Мақалалар кітабы) - Мұхаммед Әбу Заһра бұл кітаптың толық атын: «Китабу мақалат фи калам» - деп берген. Кітаптың мазмұны, түрлі ағымдарға жауап ретінде жазылған мақалалар жиынтығынан тұрады

         3. «Китаб әл-усул» - (Усулу әд-дин). Ақида кітабы. Толық аты «Китабу усул фи усулу әд-дин» деп те айтылады. Берлин кітапханасында түп нұсқасы сақтаулы деген дерек бар.

        4. «ар-Радд ῾алә әл-қарамита» (Карамиттерге жауап); 

        5. «Радд әл-усул әл-хамса ли Әби Мухаммад әл-Бәһили» (Әбу Мухаммад әл-Баһилидің «Бес негіз (қағида)» атты кітабына қарсы жауап); 

       6. «Радд ’әуә’йл әл-’әдиллә ли-л-Ка‛би» (Кағбидің «Дәлелдердің әуелгісі» атты еңбегіне қарсы жауап);

       7. «Радд тәһзиб әл-жәдәл ли-л-Ка‛би» (Кағбидің «Тартысты түзету» атты еңбегіне қарсы жауап);

      8. «Радд уа‛ийд әл-фуссақ ли-л-Ка‛би» (Кағбидің «Пасықтардың барар орны» атты кітабына қарсы жауап); 

      9. «Радд китәб әл-’имәмә ли ба‛д ар-рауафид» («Имамдық» кітабына қарсы жауап);

     10. «Бәйән уәһм әл-му‛тазилә» (Мұғтазилердің қиялын баяндау кітабы);

    Фиқһ ілімінің негіздері/методологиясы: 

«Китәб әл-жәдәл» (Тартыс кітабы);

«Китәб мә’хаз әш-шара’й‛» (Фиқһ негізіндегі шариғат көздері). Бұл кітап бүгінгі күнге жетпеген. Алайда, Ханафи мәзһабының “Усул” ғалымдары бұл кітаптан пайдаланғандарын өз еңбектерінде айта кеткен. Нәсәфи бұл еңбекті «әл-Мусаннаф фи Усули-л Фиқһ» (мәһазу-ш Шарай) деген атпен атайды.

 

Тәпсір және Құран ілімдері: 

«Рисалату фи мә лә йәжузу әл-уәқф ‘аләйһи фи-л Қуран» - Жалғыз параққа жазылған жазба. Мазмұны: “Бисмилламен” басталып, имам Матуридидің жазғанына байланысты бір-екі сөзден кейін, Құран Кәрімде әдейі тоқтауға болмайтын 52 жерді айтып, сондай-ақ, тоқтағандардың үкімін баяндайтын рисала.

«Китәб әт-тә’уиләт»/«Тә’уиләт әл-Қуран»/«Тә’уиләт әһл ассуннә» (Құранның жорамалы, түсініктемесі)

Бізге жеткен еңбектеріне келсек, олар бір ғана қолжазба нұсқасы сақталған «Китаб ат-таухид» және қырыққа жуық қолжазба нұсқасы бар «Китабу ат-тауилат» немесе «Тауилату аһли сунна». Дегенмен, аталмыш қос еңбек ғалымның ең негізгі, қомақты әрі тың туындылары болып саналады.

“Китаб ат-таухид” – “Матуриди мәзһабының” негізгі кітабы. Әбу-л-Му‛ин ән-Нәсәфи өзінің «Табсират әл-әдилләсында» және Әбу-л-Йуср әл-Паздауи «Усулу-д динінде» бұл еңбекті осылай атаған. Ал «Кәшф әз-зунун» және «Һәдият әл‛арифин» атты еңбектерде бұл кітап «Китәб ат-таухид уә исбәт ас-сифат» деп аталған. Әлемде жалғыз нұсқалы бұл еңбек ең алғаш рет Фатхуллаһ Хулейф тарапынан өңделіп шықты. Қазіргі таңда жалғыз қолжазба нұсқа 3651 нөмірімен Кембридж университетінің кітапханасында сақтаулы. 1970 жылы Бейрут қаласында аталмыш түп нұсқа негізінде жарыққа шықты және 1979 жылы Стамбулда қайтадан басылды. Хулейфтен кейін «Китәб ат-таухид» мәтінін Бекир Топалоғлы мен Мұхаммед Аручи қайта зерттеп, өңдеп 2001 жылы жарыққа шығарды. Артынша Б. Топалоғлы аталмыш мәтінді түрік тіліне аударып, 2002 жылы жарыққа шығарды. Матуриди бұл еңбегін дінді дәлелмен тану/ұстану керектігін (ужуб ма‛рифат әд-дин би-дәлил) және «таным» теориясын (назарият әл-ма‛рифа) баяндаумен бастаған. Осылайша ол өзінің теологиялық тұжырымдарын эпистемологияға негіздеу арқылы өз ілімінің іргетасын пәлсапалық тұрғыдан мықтап қалай білді. Әсілі, Матуридидің бұл еңбегі таным теориясын баяндаумен басталатын ең көне теологиялық трактат болып табылады. Осыған орай имам Матуридиді сунниттік бағыттағы ғалымдар арасында өзінің теологиялық тұжырымдарын эпистемологияға негіздеген ең алғашқы теолог (мутәкәллим) деп кесіп айтуға болады. Өйткені, Матуридиден бұрын бірде-бір кәләм ғалымы еңбегінің кіріспесінде «таным» теориясын өз алдына бөлек тақырып ретінде қолға алып, жан-жақты талдап, дәйектемеген. Басқасын айтпағанда, имам Матуридидің замандасы, әшғари кәләм мектебінің негізін қалған имам Әшғаридің (қ.ж.324/935) бізге жеткен «Китәб әл-лума‛» және «әл-Ибәнә» атты теологиялық трактаттарында «таным» теориясына қатысты арнайы бөлім жоқ.

        Әһли сүннеттің ақидаға байланысты саласында алғашқы еңбек пен зерттеуді қолға алғандардың ішіндегі көрнекті өкілдердің бірі - Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит. Имам Ағзам Әбу Ханифа фиқһта Ханафи мәзхабының негізін салушысы ретінде ақидаға байланысты көптеген құнды пікірлер айтып кеткені белгілі. Имам Ағзам 699 жылы Куфа қаласында дүниеге келеді. Ұстазы Хаммад ибн Әби Сүлеймен (өл.120/737) Куфа мешітінде ұзақ жылдар бойы дәріс берген кісі. Әбу Ханифа алғашқы ақидалық дәрістерін сол кісіден алып, ұстазы дүниеден өткеннен кейін ел арасында ғалымы, әрі фақиһы еді. Имам Ағзам «Әһли Бәйтті» (Пайғамбар әулетін) жанындай жақсы көріп, оларға үлкен құрмет көрсеткендіктен, Умея мен Аббасид билеушілеріне деген ықыласты ниетін толықтай көрсете алмайды. Әбу Ханифаның екі әулеттің халифалық кезеңін басынан өткерген жылдарында, Умея мен Аббасид әміршілері оған қазылық қызметті ұсынып, ғұлама ол ұсынысты қабыл алмайды. Сөйтіп, Аббасид халифасы Әбу Жағфар әл-Мансур (754-775) ұсынысын қайтарып, сағын сындырғаны үшін Әбу Ханифаны түрмеге қаматады. Бағдаттағы түрмеде 15 күндей қамауда болған ислам ғұламасы 767 жылы 70 жасында дүниеден озады.

       Матуридилік мектеп имам Ағзам Әбу Ханифаның (70/80150 х.ж.) іліміне негізделген ханафиттік доктрина негізінде қалыптасты. Әбу Ханифа хижри I-ші ғасырдың екінші жартысы мен II-ші ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүргендіктен табиғин және табиғиндерден кейінгі буын (атба῾ ат-таби῾ийн) ғалымдар қатарына жатады. Әбу Ханифа әйгілі сахаба ‛Абд Аллаһ ибн Мас‛уд негізін қалаған Куфа мектебінің маңдай алды өкілдерінің бірі болып, фиқһта «әһл ар-рай» мектебінің көсеміне айналса, сенімде сунниттік матуриди мектебінің рухани көсеміне айналды.

      Салтанат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

      "Жылыой мұсылмандар" мешітінің ұстазы. 

Толығырақ ...