Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жамағат арасында «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы насихатталды

 islam-atyrau.kz/9 желтоқсан, 2019 жыл.  Атырау қалалық Құспан Молла мешітінде жамағат арасында «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы насихатталды.

Дін мен ділді ұштастырған тұғырнаманың ерекшеліктері туралы айтылған шара барысында Құспан Молла мешітінің Бас имамы Эммат Ғұмаров қоғам назар аударуы тиіс мәселелерге тоқталды.

«Бүгінгідей алмағайып заманда адамға мықты рух жетіспей жатыр. Отанды сүю, адамгершілік, адам деген атқа лайықты өмір сүру – міне, осы мәселеде біз тұғырнаманы негізге алуымыз керек.  Тұғырнама мұсылманның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық» дейді  Бас имамы Эммат Ғұмаров.

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Құспан Молла мешітінде бүлдіршіндерге сыйлық таратылды

   islam-atyrau.kz/9 желтоқсан, 2019 жыл. Қасиетті Мәуліт айының құрметіне орай, Атырау қалалық Құспан Молла мешітінде ерекше акция өтті.

Мешіт әкімшілігі «Жусан» операциясымен елге оралған 25 бүлдіршінге сыйлық таратты. Түрлі тәттілер салынған сыйды балаларға  Құспан Молла мешітінің Бас имамы Эммат Ғұмаров өз қолымен тапсырды.

«Қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» деген керемет тәмсіл бар. Біз Мәуліт айы арқылы жас буынға рухани тәрбие беріп, бауырмалдыққа үндеуді көздедік» дейді Құспан Молла мешітінің Бас имамы Эммат Ғұмаров.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Мақат ауданында қайырымдылық турнирі өтті

   islam-atyrau.kz/9 желтоқсан, 2019 жыл.  Мақат аудандық орталық мешітінің ұйымдастыруымен футболдан қайырымдылық турнирі болып өтті.

 Мақат аудандық дене шынықтыру кешенінде өткен қайырымдылық турниріне барлығы 16 команда қатысты. Мақат кентіндегі барлық мемлекеттік органдар, жастар және жамағат тарапынан жиналған командалар арасындағы жарыс нәтижесінде 240 мың теңге жиналды.  

Турнир соңында барлық қатысушы командалар арнайы сыйлықтар және дипломмен марапатталды. Шараны қорытындылаған Мақат аудандық мешітінің наиб имамы Алмат Қартабаев қайырымдылық жасаудың сауабы туралы уағыз айтты.

Іс-шарадан түскен қаражат денсаулық жағдайына байланысты емге мұқтаж болып отырған Фатима есімді бүлдіршіннің отасына жұмсалатын болады.  

 

Еске сала кетелік, бұған дейін кішкентай Фатимаға Доссор мешітінің жамағаты қолдау білдірген болатын. Кіші аяқ доптан өткен турнир барысында ол кезде 160 мың теңге жиналған еді. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

 

Толығырақ ...

Жұлдыз мешітінде 500 данаға жуық нан таратылды

 islam-atyrau.kz/9 желтоқсан, 2019 жыл. Атырау қаласындағы Жұлдыз ауылында орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінде қайырымдылық акциясы болып өтті.

Бұл күні мешітте 460 дана нантаратылды.

«Ізгі жандар мен садақа берудің ең сауапты іс.  «Жарты құрма беріп болса да, тозақ отынан қорған» деген Пайғамбар (с.ғ.с) өсиеті, халқымыздың жүрегінен еніп, амалында көрініс тапқандығының және бір куәсі болдық» дейді Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің бас имамы Айтжан  Абдиров.

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Исламдағы иман

Иман сөзінің шариғаттағы мағынасы – Хазіреті Пайғамбарға (с.ғ.с) Алла Тағаладан жеткен нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету, әрі бұлардың хақтығына шын көңілмен сену болып табылады.

Иман етудің негізгі қағидасы жүрекпен бекітіп, тілмен айту. Себебі, бір адамның толық мұсылман болуы үшін иман негіздерін жүрегімен қуаттап, тілімен сенгендігін айтуы тиіс.

Иман негіздерін жүрекпен бекіту (тасдиқ)

Иманның негізгі шарты жүрекпен қуаттау болып келеді. Себебі, аяттар мен хадистер иманның жүректе болатындығын білдіреді. Иман қолмен ұстап, көзбен көрінетін нәрсе емес, тек жүрекпен сезіледі. Мұны мынадай аяттардан анық байқауға болады.

«Әй, Пайғамбар! Ауыздарымен: «Сендік», - деп жүректері сенбегендермен яһудилерден күпірде жарысқандар сені кейітпесін» (5.Майда-41).

 «Бәдәуилер: «Иман келтірдік», - деді. Мұхаммед оларға айт: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда, «Мұсылман болдық» деңдер. Өйткені иман жүректеріңе кірмеді» (49.Хужурат-14). Міне, осы екі аят бізге жүрегіне иман кірмеген, әрі толық қуаттамаған адамның жағдайын баян етуде. Бұл екі аят негізінен жүрегімен иман етпеген бәдәуи арабтар жайында түскен. Өйткені, олар Пайғамбарымыздан бір зат алу ниетімен өздерін мұсылман ретінде көрсетіп: «Біз де иман келтірдік», - дейді. Бірақ, Алла олардың иман етпегенін, тек тілімен айтқандықтан жүректеріне әлі иман кірген жоқ, жай тілмен айтып тұрғанын баян етеді.

Ал мына аят: «... Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған, әрі оларды өз жағынан бір нұрмен қолдаған» (58.Мужадәлә-22) – деп, мәңгілік жәннәтта болатын жандардың иманынан хабар береді.

 

Думан БАЛЫҚШИЕВ,

«Жылыой мұсылмандар» мешітінің ұстазы.

Толығырақ ...