Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жастар секторының Атырау өкілдігі "Алғыс айту" күніне орай көше тазалаушы аналарға алғысын айтты

islam-atyrau.kz/1 наурыз, 2019 жыл.  Алғыс айту күніне орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жастар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігі көше сыпырып, тазалап жүрген аналарымызға құрмет көрсетті.

Орталық «Иманғали» мешітінің жастар жамағаты  аналарға гүл шоқтарын сыйлады. Бұдан бөлек, дұға кітаптарымен бірге тәтті шоколадтар салынған сыйлықтарды үлестірді.

«Алғыс тек «ізгі ниетті» ғана білдірмейді. Қазақта алғыс сөзі, әдетте, үлкен бір істің атқарылып біткен кезінде, яки болмаса жас адамның үлкен қарияға жасаған игілікті іс-әрекетіне қатысты айтылады. Аналарымыз көшені тазалап, жол бойында кедергі болып жатқан заттарды алып тастап, үлкен сауапты іс атқаруда. Біз бұл акция арқылы, қоғам тарапынан елеусіздеу жүрген көше тазалаушы аналарымыздың еңбегіне құрметпен қарауды дәріптегіміз келді» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жастар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігінің жетекшісі Мұрат Мұстафаев.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Ұстаз Батыржан Берденұлы бала тәрбиесіндегі маңызды элементтерді атады

islam-atyrau.kz/1 наурыз, 2019 жыл.  Атырау облысының Бас имамының пікірінше, біз балаға бөлмеде тұрған гүлді баптау секілді қарамауымыз керек.

 «Баланың жақсы ұрпақ болып өсуі, ең бірінші кезекте ата-анасына міндет. "Ата-ана балаға мейіріммен қараса, Алланың мейірі ата-анаға  түседі" деген хадис бар. Демек, ең алдымен балаға мейірімділік керек. Екіншіден, дәстүрлі қазақ отбасындағы әке мен ананың мектебін қайта жаңғыртуымыз қажет.

 

  Мысалға, ер балаға азаматқа қатысты дүниелерді үйрету маңызды. Қыз баланы әйел затына қатысты дүниелерге баулыған абзал. Қазіргі кезде біз ер балаларымыздың мінездерін жұмсартып алдық. Өйткені, ұлдарымызға суға жүзуді, атқа мінуді үйретпейміз. Садақ атуға, мал бағуға баулымаймыз. Асылында, осы дүниелер баланың ер азаматтық  мінезін қалыптастыратын негізгі факторлар.

  Қыз балаға асханадағы дүниелерді көбірек үйрету керек. Әрине, тәрбиеде өтірік айтпау, ұрламау, дастархан үстінде өзін байыпты ұстау, әдепті болу деген нәрселер де өте маңызды. Бірақ, бұл қасиеттерді бала ата-анасынан күнделікті көріп жүріп, бойына сіңіріп өседі» деді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.

(Толық нұсқасы islam-atyrau.kz-ның мақалалар бөлімінде)

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

"Жастарымыз ынсапты болса, қоғам түзеледі"

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров жастар жылы, отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі хақында сұхбатында айтып берді. 

 

  "Жастарымыз ынсапты болса, қоғам түзеледі"

  - Биылғы жыл жастарға арналып отыр. Осы ретте мүфтияттың Атырау өкілдігі тарапынан қолға алынып жатқан басты жобалар туралы айтып өтсеңіз?

  - Жастар жылына орай, облысқа қарасты барлық қала, аудан, ауыл мешіттерінде бір жылдық жұмыс жоспары бекітілді. Ондағы мақсатымыз ­­­–жастар арасында дәстүрлі ислам бағытын дәріптеу, имандылыққа, адамгершілікке үндеу. Сондай ақ, жастарымызды білімге, сауаттылыққа тәрбиелеу.

  - Өзіңіз айтып өткен  жобалардың ерекшелігі неде?

  - Адамның сенімді досы кітап. Сондықтан, біздің басты жобаларымыз жастар арасында кітап оқуды насихаттауға арналып отыр. Адамның ойлау көкжиегін кеңейтетін, рухани сауаттылығын арттыратын діни һәм әдеби кітаптар өте көп. Осы ретте жастарға белгілі бір кітаптарды ұсынамыз. Бір ай мерзім ішінде жастар кітаппен танысады, кейін емтихан тапсырады. Жақсы нәтиже көрсеткен жастар байқаудың екінші, үшінші кезеңіне өтеді.

  Екіншіден, жастарды қайырымдылыққа баулу мақсатындағы шаралар легі бекітілді. Қайырымдылық көрсету үшін міндетті түрде дәулетті болудың міндетті емес екендігін жеткізсек дейміз. Ең бастысы, адамның көңілі бай болуы керек.

  Мысалға, мешіт тарапынан әлеуметі төмен отбасыларға азық-түлік жиі таратылып отырады. Азық салынған пакетті мұқтаж отбасылардың үйіне жеткізуге жастарымыз атсалысып жатыр. Осылайша, жастарымыз өсіп-өнген кезде жақсылық жасауға асығу әуелі отбасында, кейін қоғамда тұрақты үрдіске айналатын болады.

  Тағы бір ізгі жобалардың бірі қаланың көше тазалаушыларына жақсылық жасау. Ала таңнан қара кешке дейін көше сыпырумен айналысатын бұл азаматтардың өздері, отбасылық ахуалы көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Адамның жүретін жолындағы бөгет болатын затты алып тастау, бұл шариғатта үлкен сауап. Мешіт жанынан құрылған "Иман жастарының" бағдарламасында көше сыпырушыларға ыстық шай мен нан жеткізу мәселесі де бар.

  Жастардың бос уақытында спорттық мәселе де керек. Адамның ең үлкен байлығы оның денсаулығы. Қазіргі кезде мешіт тарапынан түрлі спорттық шаралар ұйымдастыру жолға қойылды. Мешіт аралық жастар арасында түрлі жарыстар өткізіп жатырмыз.

  Және басты жобалардың қатарында уағыз-насихат мәселесі де бар. Жалпы, біздің бағытымыз қандай? Әбу Ханифа мәзһабының қандай ерекшеліктері бар? Бабаларымыз ұстанған дін жолы Құран - хадистерге қалай негізделген? Осыны білген жастарымыз болашақта өзі адаспайды, досын адастырмайды, отбасын жат ағымнан сақтап қала алады. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігі қала және ауыл мешіттері арасында жастар арасындағы көшпелі дәріс жобасын іске қосты.

  - Қазіргі кезде жас отбасылар арасында ажырасу қатты белең алып бара жатыр. Отбасының беріктігіне кім жауапты? Осы ретте, ер мен әйелдің отбасы алдындағы негізгі міндеттерін ажыратып берсеңіз?

  - Отбасы құндылығы қай қоғамда да маңызды болып келді. Қазақта "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген сөз бар. Асылында, отбасында жұбайлар бір-біріне хақысын берсе, мәселе сонымен бітеді. Бірақ, көп жағдайда жұбайлар отбасы алдындағы міндеттерін білмей жатады.

  Айталық, шариғатта ер кісі отбасын асыраушы. Бұл жерде әйелдің, бала-шағаның нәпақасын тауып беру, алаңсыз тамақтануына мүмкіндік жасау міндеті жатады. Материалдық міндеттен бөлек, дүние-мүліксіз жасалатын нәрселер бар. Мысалға, әйелге жақсы қарау. Және оған зиянын тигізбеу. Және ер азамат әйелді басқарушы ғана емес, оған жақсы нәрсені үйретуші. Егер азаматтар жағы осы мәселені қолға алатын болса, отбасында береке орнайды. Әйел адам ерінің тапқан нәпақасын үйлестіре білуі керек. Яғни, ысырап етпей, үнемдеу. Және күйеуінің рұқсатынсыз өз бетінше шешім қабылдамауы қажет. Өйткені ерінің разылығын алу әйелдің міндеті.

  - Бала тәрбиесінде назар аударуымыз тиіс маңызды элементтерді атап өтсеңіз?

  - Біз балаға бөлмеде тұрған гүлді баптау секілді қарамауымыз керек. Егін егетін болсақ, әуелі жер жыртамыз, тұқым себеміз, суғарамыз, кейін егінді арам шөптерден тазартып, күтеміз. Дұрыс қарамасақ, егін де шықпайды.

  Баланың тәрбиесі әлбетте, бұдан маңыздырақ. Баланың жақсы ұрпақ болып өсуі, ең бірінші кезекте ата-анасына міндет. "Ата-ана балаға мейіріммен қараса, Алланың мейірі ата-анаға  түседі" деген хадис бар. Демек, ең алдымен балаға мейірімділік керек. Екіншіден, дәстүрлі қазақ отбасындағы әке мен ананың мектебін қайта жаңғыртуымыз қажет.

  Мысалға, ер балаға азаматқа қатысты дүниелерді үйрету маңызды. Қыз баланы әйел затына қатысты дүниелерге баулыған абзал. Қазіргі кезде біз ер балаларымыздың мінездерін жұмсартып алдық. Өйткені, ұлдарымызға суға жүзуді, атқа мінуді үйретпейміз. Садақ атуға, мал бағуға баулымаймыз. Асылында, осы дүниелер баланың ер азаматтық  мінезін қалыптастыратын негізгі факторлар.

  Қыз балаға асханадағы дүниелерді көбірек үйрету керек. Әрине, тәрбиеде өтірік айтпау, ұрламау, дастархан үстінде өзін байыпты ұстау, әдепті болу деген нәрселер де өте маңызды. Бірақ, бұл қасиеттерді бала ата-анасынан күнделікті көріп жүріп, бойына сіңіріп өседі.

  - Қазақта "Сәлем - сөздің анасы" деген нақыл бар.  Жастарымызға сәлемдесу әдебі туралы не айтар едіңіз? "Жас қыздардың сәлемін алмау керек" деген бағыттағы уағыздар қаншалықты қисынды?

  - Сәлемдесу өте үлкен сауап. Бірақ, сәлемдесудің өзіндік әдебі бар. Мысалға, жүріп келе жатқан адам отырғандарға бірінші сәлем береді. Аз адам көпке бірінші сәлем береді. Кіші адам үлкенге бірінші сәлем береді.

  Ал, ер кісіге әйел адам сәлем бере ала ма? Мысалға, бөтен ер адамға әйел кісінің бірінші болып сәлем бермегені абзал. Жалпы, әйел кісінің ер адамның алдына түсуі әдепсіздік болады.

 Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Толығырақ ...

Атырау облысының Бас имамы күзеттің форматын өзгертуді ұсынды

islam-atyrau.kz/1 наурыз, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров күзеттің форматын өзгертуді ұсынды.

Бас имамының пікірінше, қазіргі таңда күзет ысырапқа айналып бара жатыр.  

«Бұрынырақта ата-бабаларымыз қайтқан кісіге жеке киіз үй тігіп, оның сүйегін оңашада күзеткен. Және марқұмды екі күн күзетудің кезінде екі себебі болған.

Біріншіден, «Ажал адамға айтып келмейді» яғни адам баласы «бүгін яки ертең өлім келеді» деп, ажалға дайын отыра алмайды. Мысалға, қазақтың бұрынғы тұрмысына үңілер болсақ, шаңырақта адам қайтыс болған кезде, кісінің ұл-қызы, туыс-бауыры алыс ауылдарда тұрды. Ол кезде бүгінгідей автокөліктер, ұялы телефон, интернет байланысы жоқ еді. Осы себепті халқымыз мәйітті бір күн, кейде екі күн күттіретін болған.

 

Екіншіден, табиғат факторын назарға алуымыз керек. Мысалға, қатты қара суық түсіп, қар қалың болса, жердің тоңы жібімеген кезде қабірді қазып, орын дайындау мәселесінің біршама қиындық тудыратыны белгілі.

Қазіргі кезде кісінің қайтқандығы жөнінде хабар әрі кетсе екі-үш сағаттың ішінде тез тарап болады. Хабар тарағаннан кейін біз мәйітті бір бөлмеге қоямыз. Бірақ, күзетпейміз. Неге? Себебі, келіп жатқан «адам көп» деген желеумен жұрт біткеннің барлығы күзет үшін жайылған мейрамханадағы дастарханға кетеді.

Асылында, сүйек жер қойнына тапсырылмай жатып, ол үйде ас желінуі дұрыс емес. Айталық, біз күзет деп барып жүрген үйде қайтқан кісі жер қойнына тапсырылмай тұрып, Құран оқылмайды. Енді өзіңіз логикалық тұрғыдан ойлап көріңіз, қасиетті Құран аяттары оқылмайды да, тағам жеуге болады ма? Марқұмға қайсысы керек? Құран ба, ас па? Міне, сондықтан, қайғылы үйге ауыртпалық салудан сақтанғанымыз жөн.

Бізге күзеттің форматын өзгерту керек. Марқұмды жақын туыстары бір күн күзетіп, қалғандары көңіл білдіріп шықса, екінші күні мәйітті кебіндеп, жер қойнына тапсыруға асығуымыз қажет» деп нақтылады Бас имам.

(Толық нұсқасы islam-atyrau.kz-ның мақалалар бөлімінде)

  

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Күзеттің форматын өзгерту керек

Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров күзеттің форматын өзгертуді ұсынды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан қажы Берденұлының пікірінше, қазіргі таңда күзет ысырапқа айналып бара жатыр.  

 - Күзет не үшін шыққан, оның шариғи және дәстүрлі негізі қандай?

- Бұрынырақта ата-бабаларымыз қайтқан кісіге жеке киіз үй тігіп, оның сүйегін оңашада күзеткен. Және марқұмды екі күн күзетудің кезінде екі себебі болған.

Біріншіден, «Ажал адамға айтып келмейді» яғни адам баласы «бүгін яки ертең өлім келеді» деп, ажалға дайын отыра алмайды. Мысалға, қазақтың бұрынғы тұрмысына үңілер болсақ, шаңырақта адам қайтыс болған кезде, кісінің ұл-қызы, туыс-бауыры алыс ауылдарда тұрды. Ол кезде бүгінгідей автокөліктер, ұялы телефон, интернет байланысы жоқ еді. Осы себепті халқымыз мәйітті бір күн, кейде екі күн күттіретін болған. Яғни бірінші себебі қашықтық мәселесі.

Екіншіден, табиғат факторын назарға алуымыз керек. Мысалға, қатты қара суық түсіп, қар қалың болса, жердің тоңы жібімеген кезде қабірді қазып, орын дайындау мәселесінің біршама қиындық тудыратыны белгілі. Мұндай жағдайда да мәйітті күттіретін болған.

-         Ал, мәйітті неліктен күзетеді?

-  Кезінде халқымыз мәйітке мал тиіп кетпесін, сүйек жатқан үйге мысық, ит кіріп кетпесін деген мақсатта марқұмның сүйегіне зиян келтірмеу үшін күзеткен. Және бұл іске марқұмның тікелей жақын туысы қатысып, күзететін болған.

-         Бүгінгі күнде күзет қалай өтіп жатыр?

-  Қазіргі кезде кісінің қайтқандығы жөнінде хабар әрі кетсе екі-үш сағаттың ішінде тез тарап болады. Себебі, әлеуметтік желі, интернет, телефон  байланысы бар. Хабар тарағаннан кейін біз мәйітті бір бөлмеге қоямыз. Бірақ, күзетпейміз. Неге? Себебі, келіп жатқан «адам көп» деген желеумен жұрт біткеннің барлығы күзет үшін жайылған мейрамханадағы дастарханға кетеді. Мәйітті күту жайына қалады. Немесе сүйекті үйдің келесі бөлмесіне қойып, келген кісілерге дастархан жаюмен әлек болып кетеді. Қазір бұл жоралғының күзет деген аты ғана сақталып қалды. Заты тойға айналып кетті. Біз күзет деп келіп, ас ішеміз, одан қалды жарысып тілек айтамыз? Бұл той емес қой.

Асылында, мәйіттің қасында ет жақын туыстары қалса жетіп жатыр. Қалғандары көңіл білдіріп келсін, ас ішу міндет емес. Қазақта «Қаралы үйде қазан қайнамасын» деген сөз бар. Біз болсақ, қайғылы үйге тамақ пісіртеміз, гүлдендіріп, түрленген мәзірдегі дастархан жайдырамыз. Мұның барлығы қайғы шегіп отырған отбасыға қаншама ысырап? Біз ол отбасының әлеуметтік жағдайына керісінше ауыртпалық салып жатқанымызды неге ойламаймыз? Шариғи тұрғыдан қарағанда, қаралы шаңырақ ас әзірлеуге міндетті емес. Көңіл білдіруге келген адам дастарханда ұзағынан отырып, ас ішуге де міндетті емес. Қаралы үй қимас адамын, яғни аяулы анасын, сүйікті баласын жоғалтып отыр. Біз оның қайғыруына, марқұмды жоқтауына да мүмкіндік бермейді екенбіз.

 

-         Сонда қайтқан кісінің үйінен ас ішу дұрыс емес болғаны ғой!

-  Әрине, сүйек жер қойнына тапсырылмай жатып, ол үйде ас желінуі дұрыс емес. Айталық, біз күзет деп барып жүрген үйде қайтқан кісі жер қойнына тапсырылмай тұрып, Құран оқылмайды. Енді өзіңіз логикалық тұрғыдан ойлап көріңіз, қасиетті Құран аяттары оқылмайды да, тағам жеуге болады ма? Марқұмға қайсысы керек? Құран ба, ас па? Міне, сондықтан, қайғылы үйге ауыртпалық салудан сақтанғанымыз жөн.

Кезінде халқымыздың тұрмысында күзет мұқтаждықтан туындаған еді. Ал, қазір ғылым мен техника, экономика дамыған жағдайда мәйітті үш күн күттіріп, мейрамханада дастархан жаю дұрыс емес.

Бізге күзеттің форматын өзгерту керек. Марқұмды жақын туыстары бір күн күзетіп, қалғандары көңіл білдіріп шықса, екінші күні мәйітті кебіндеп, жер қойнына тапсыруға асығуымыз қажет. Жаназа намазы оқылып, марқұм жер қойнына тапсырылғаннан кейін, алыстан келген қонақтар мен топырақ салғандарға көршінің үйінде не басқа жерде азын-аулақ дастархан жайып, құрмет көрсетуге рұқсат. Және бұл жерде де дастархан мәзіріне ысырап жасаудан сақтануымыз керек.

  

Сұқбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Толығырақ ...

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

islam-atyrau.kz/1 наурыз, 2019 жыл. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады» деп хабарлайды Ақорда.

Елбасы ынтымақтастық пен өзара көмек сияқты берік құндылықтар біріктіруші күшке айналып, еліміздің болашағына деген нық сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастыратынын атап өтті.

            «Құрметті отандастар! Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігінің ұмытылмайтынын білдіреді. Алғыс айту күні — ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының бірлігін нығайта отырып, татулық пен келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырдық. Қазіргі таңда біз ауқымды жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін кешенді шараларды қолға алдық» делінген Президенттің құттықтауында.

Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақтастық пен өзара көмек сияқты берік құндылықтар біріктіруші күшке айналып, еліміздің болашағына деген нық сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастыратынын айтып өтті.

«Қазақстандықтардың қазіргі буыны, әсіресе жастар, тарихымызды біліп, есте сақтауы керек. Тарих тағылымы шынайы патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетеді. Әрқайсымыздың жүрегімізде ортақ жетістігімізге — өркендеп келе жатқан Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұялай берсін! Әр отбасыға бақ-береке, елімізге татулық пен тыныштық тілеймін!» деп құттықтады Президент.

Айта кетейік, бүгін, 1 наурызда қазақстандықтар Алғыс айту күнін атап өтіп жатыр. 2016 жылдың 15 қаңтарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелерге өзгеріс енгізу туралы қаулыға қол қойды. Осылайша елімізде жаңа мереке пайда болды — Алғыс айту күні.

 

Толығырақ ...