Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ерлікпен қаза тапқан атыраулық полицейді мыңдаған адам ақтық сапарға шығарып салды

 

   islam-atyrau.kz/23 наурыз, 2019 жыл. Өзгенің өмірі үшін өзінің жанын қиған атыраулық полиция сержанты Шалқар Акымғалиевтың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Күллі қазақстандықтарды қайғыға салған қазаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан қажы Мансұров көңіл білдірді.

 

Бүгін бейбіт күннің батырын жерлеу рәсіміне Атырау облысының Бас имамы Батыржан қажы Мансұров бастаған атыраулық жеті бірдей мешіттің имамдары толықтай қатысты. Марқұмның жаназа намазын оқыған Атырау облыстық орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан қажы Мансұров ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевтың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

"Сын сағатта нағыз батырларша әрекет еткен бауырымыз Шалқар Ақымғалиев адамгершіліктің шынайы үлгісін көрсетті. Қоғам тыныштығын абыроймен күзеткен марқұмның отбасына атыраулық имамдар қайғыра көңіл білдіреді" деді Бас имам Батыржан Мансұров.

 

Бүгінгінің батырын соңғы сапарға шығарып салуға марқұмның ағайын-туыстары, дос-жарандары, қаланың мыңдаған тұрғындарымен бірге, Ішкі істер министрлігі өкілдігі, Атырау облыстық және қалалық әкімдігінің қызметкерлері, ҚР Сенат депутаты, ішкі істер органдарының ардагерлері, аймақтағы барлық күштік құрылымдардың және қоғамдық ұйымдардың мүшелері, жергілікті депутаттар, прокуратура органдарының өкілдері қатысты. Сенат спикері Дариға Назарбаеваның, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының, Ішкі істер министрінің көңіл айту жедел хаттары оқылды. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев марқұмның отбасына көңіл айтып, бұл бір әулеттің ғана емес, бүкіл елдің қайғысы екендігін атап өтті.
- Бүгін ауыр күн. Бұл ағайын- туыстардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың ортақ қайғысы, сондықтан, біз сіздермен бірге қайғырып отырмыз. Марқұмның есімі жүрегімізде мәңгі сақталады,- деді Нұрлан Ноғаев.

Ішкі істер органдарында бес жылдан астам уақыт қызмет еткен Шалқар Акымғалиевтың есімі бүгін мемлекеттік наградаға ұсынылды.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

 

 

 

 

Толығырақ ...