Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Алматылық жастар Нұрсұлтан Назарбаевты гүл шоқтарымен қарсы алды

    islam-atyrau.kz/27 наурыз, 2019 жыл. ЖОО студенттерін біріктіретін G-38 ұйымының басқаруымен екі мыңнан астам алматылық студент Елбасына жастарға деген шексіз қамқорлығы мен қолдауы және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан баға жетпес үлесі үшін жеке алғыстарын білдірді. Траптан түскен Нұрсұлтан Назарбаев өзі күтпеген, бірақ қуаныш сыйлаған тосын кездесуді ұйымдастырған жастарға жеке алғысын білдірді.

    Айта кетерлігі, Алматыда биыл екінші жыл қатарынан 2020 жылға дейінгі жастардың Жол картасы жүзеге асып жатыр. Мысалы, «Алматы жастары» қалалық тұрғын үй бағдарламасы арқылы жас отбасылар алғашқы жарнасыз 5% несиемен жеңілдетілген ипотекаға қол жеткізе алады. Елбасының тапсырмасы бойынша Алматыда өткен жылы бірнеше жатақхана іске қосылды, биыл тағы 2680 орынды 5 жатақхана салу жоспарланған. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы арқылы қалада білім гранттары 1,5 есе өсіп, 28 мың грантты құрады. Алматыда тұрмысы төмен отбасылардың үздік оқушыларына осы айдан бастап стипендия беріле бастады, яғни жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері ай сайын 10 мың теңгеден, ал мектеп оқушылары 5 мың теңгеден алуда.

     Бұлардан өзге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалада жастардың Лофт-орталығы жұмыс істеуде, мұнда коворкинг орталық, жастарға қызмет көрсету аймағы, еріктілер корпусының және жатақханаға кураторлық көрсетудің орталықтары, шеберханалар бар. Жастармен жұмыс істеу Орталығының желісі құрылды және Жамбыл атындағы кітапхана қайта жаңғырды. Қалада соңғы екі жыл ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық 7,1-ден 6,4%-ға қысқарды, 20 мыңнан астам адам немесе өтініш бергендердің 91%-ы еңбекпен қамтылды.

       Күні кеше ғана Алматыда Республика Сарайы алдында ел астанасының Нұр- Сұлтан атануына қолдау білдірген мыңдаған адамдық концерт өтті. Жиналғандар арасында танымал спортшылар Қанат Ислам мен Ислам Байрамуков, отандық эстрада жұлдыздары Кәмшат Жолдыбаева, Кентал, Луина, Ринго, Азия, Бақай топтары және басқалары болды.  

 

     Дереккөз: "Қаз Ақпарат"

Толығырақ ...

Қамкөңіл жандарға - жан жылуы

іslam-atyrau.kz/27 наурыз, 2019 жыл. Атырау қаласындағы Әт - Тақуа мешітінің «Жастар ұйымы»  әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ, асыраушысы жоқ қамкөңіл қариялар, мүгедек жандар мен жалғызбасты аналар үшін қайырымдылық шарасын өткізді.

Әт - Тақуа мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлының өзі бас болып, шара қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтады. Ізгіліктің нұрын шашқан мереке құрметіне қамкөңіл жандарға қайырымдылық пакеттерін үлестірді.

Сондай-ақ, Наурыз мерекесінің құрметіне мешіттің «Ақсақалдар алқасы» бастаған жамағат ақ  дастарханда бас қосты.

Елдің тыныштығы, бауырдың бүтіндігі үшін дұға жасалған жиында Әт - Тақуа мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы қоғам бірлігін сақтаудың маңызы туралы уағыз айтты.

«Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті - өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар, исламда зорлық жоқ. «Бақара» сүресінің 256 аятында «Дінде зорлық жоқ» деп Алла Тағала анық түрде баян еткен соң, әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек» деп атап өтті Әт - Тақуа мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы.

 

Атырау қаласы Әт - Тақуа мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...