Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

БАС МҮФТИ ДЕЛЕГАЦИЯ БАСШЫЛАРЫНА ҚМДБ ҒИМАРАТЫН ТАНЫСТЫРДЫ (ФОТО)

islam-atyrau.kz/12 сәуір, 2019 жыл. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚМДБ жаңа ғимаратында IV Халықаралық діни-ғылыми конференция делегаттарының қатысуымен мерекелік шара болып өтті. Елорда төрінде көршілес мемлекет мүфтилері мен дін қайраткерлерінің басын қосқан «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманның сын-қатерлері» атты халықаралық конференция аясында бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимаратымен таныстыру рәсімі өтіп, шетелдік қонақтарға қазақы салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз паш етілді.


Қаз-қатар қазақ үй тігіліп, күмбірлеген күй, тағылымды терме үні тербеткен ҚМДБ ғимаратының ауласында бүгін қуаныштың қазаны бұрқылдап, ынтымақ-бірліктің туы желбіреді. Салтанатты шараның шымылдығын түрген ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Халықаралық конференция маңызын, бүгінгі күннің айрықша қуанышын атап өтіп, барша қонақтарға ақ тілегін жеткізді.


IV Халықаралық конференция жұмысына арнайы келген Ресей мұсылмандары діни басқармасы жəне Ресей мүфтилер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Рушан хазірет Аббясов, Өзбекстан мүфтиі Усмонхан Алимов, Моңғолия мүфтиі Батырбек Хадис, Қытай Ислам ассоциациясының төрағасы Хасан Янг Фаминг, т.б. Ислам әлемінің беделді тұлғалары құттықтау лебіздерін айтып, ҚМДБ жұмысына сәттілік тіледі.


Жамағат алдында жүрекжарды тілектерін жеткізген қонақтар лебізінен соң Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жақында ғана ашылған ғимарат ішін таныстырып, жалпы жұмыс барысынан хабардар етті. Арнайы таныстыру рәсімінен соң қонақтар ғимарат ауласындағы қазақ үйлерге бас сұғып, қазақ халқының қонақжайлығына куә болды.

 

Дереккөз: "Мүфтият. кз"

Толығырақ ...

Министр дінтану сараптамасын жетілдіруді ұсынды

islam-atyrau.kz/12 сәуір, 2019 жыл. Елімізде діни мазмұны бар білім және ақпараттық материалдардың Конституцияға және заңға сай келуі тұрақты түрде тексеріледі. Бұл туралы Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.

«Дін деген — өте нәзік сала екенін түсіну керек. Заңнамаға енгізілетін әрбір шешім, әрбір өзгеріс өте тыңғылықты зерттелуі тиіс. Себебі, адамның құқығын қорғау, діни сенім бостандығы мен деструктивті ағымдардың әсері арасындағы балансты сақтай білудің маңызы зор. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда конфессияаралық келісімді сақтау ісінде орасан зор тәжірибе жинақталды. Бұны халықаралық сарапшылар да, байқаушылар да ерекше атап өтеді. Міне, бізге заңды жұмыс істеп жатқан діни бірлестіктермен қазіргі таңда осынау позитивті тәжірибені бекемдеп, ынтымақты, конструктивті өзара әрекетті күшейте беру керек. Бізге дінтану сараптамасын жүргізудің тиімділігін әрдайым арттырып отыру керек деп есептейміз. Бұл жерде діни мазмұны бар білім және ақпараттық материалдарды Конституцияға және заңға сай келуін тексеру туралы айтылып отыр», — дейді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, радикалды діни идеялардың тұзағына түскен жандарды оңалту жұмысына қазіргі уақытта баса назар аударылып отыр. «Жұмысты әртүрлі топтар жүргізуде. Оның ішінде бас бостандығынан айыру мекемелерінде де тыңғылықты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Террористік белсенділік танылған аумақтардан келіп жатқан жасөспірімдермен жұмысқа да ерекше көңіл бөлініп отыр. Жалпы, бұл бағыттағы шаралардың ауқымы өте кең, біз оларды халыққа жариялайтын боламыз», — дейді министр.

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"

Толығырақ ...

Халықаралық жастар форумы үндеу жариялады

islam-atyrau.kz/12 сәуір, 2019 жыл. Тәні сау, отаншыл, бойына рухани құндылықтарды қалыптастырған жастар қатарын көбейту – қай дәуірде болсын мемлекет алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Бүгінде жастар саясатына қатысты басты басымдықтардың бірі – жас буынды жан-жақты білім алуға, отансүйгіштік пен патриотизмге тәрбиелеу. Осы мақсат-мұраттарды жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында елімізде 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды.

Салт-дәстүрді сақтауда, әдет-ғұрыпты насихаттауда діни құндылықтардың рөлі өте жоғары. Елімізде діни татулық пен келісім, ұлтаралық бірлік пен өзара түсінік құндылықтары қалыптасқан. Осы игі дәстүрді нығайтуда жастардың үлесі үлкен. Бұл ретте жас ұрпақтың дәстүрлі діндер тарихы мен қағидаттарын, дін ғұламаларының еңбектерін терең білуі маңызды. 

Осы аталған мүдделерді ескере келе, біз жастар қауымын қоғам игілігі үшін еңбек етуге, ел ішіндегі дарынды һәм абыройлы тұлғалардың, әр саладағы ғалымдардың, ұлағатты ұстаздардың ерен еңбектерінен сабақ алып, отаншыл рухтың шынайы мәнін түсінуге шақырамыз. 

Бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдардың ел арасына етене еніп, жастардың санасына теріс әсер ету әрекеттерін жүзеге асырып жатқаны барша жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе. Халықты сақтандырып, бұл үрдіске жан-жақты тосқауыл қою – баршамыздың басты мақсатымыз болуы тиіс. Біз Қазақстанның байтақ жерінде әртүрлі ұлыстардың, мәдениеттер мен діндердің өкілдері ғасырлар бойы тату ғұмыр кешіп жатқанын ұмытпауымыз керек.  Жастарға, жалпы жұртымызға толыққанды, сапалы, бәсекеге қабілетті діни білім беруде, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде зайырлы біліммен қоса, басқа да салаларды ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру туралы Үндеу жолдаймыз. 

Қорыта келе айтарымыз: кез келген мемлекеттің жарқын болашағы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты. Сондықтан қазіргі таңда елімізде жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, жан-жақты сауаттылығын арттырудың маңызы орасан. Осы бағытта баршаңызды ортақ мақсатқа жұмылып, ынтымақтастық арттырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз.  

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"

Толығырақ ...

Дін істері комитетіне төраға тағайындалды

 islam-atyrau.kz/12 сәуір, 2019 жыл. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Ержан Болатқанұлы Нүкежанов Дін істері комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Е. Нүкежанов 1981 жылы Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған.

2002 жылы еңбек жолын «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы» ЖАҚ ақпараттық-талдамалық қызметінің редактор-жүргізушісі болып бастаған.

2002-2009 жылдары Халықаралық заманауи саясат институтында, «Хабар» агенттігінде, «Нұр Отан» республикалық саяси партиясы» ҚМ-да, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде жұмыс істеген.

2009-2016 жылдары — ҚР Президентінің Баспасөз қызметінде сарапшы, кеңесші және сектор меңгерушісі ретінде қызмет еткен.

2016-2018 жж. ҚР Парламенті Мәжілісінің Аппарат басшысының орынбасары лауазымын атқарған.

2018 жылғы маусымнан бастап Ақпарат комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"

Толығырақ ...