Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Сұлтан Бейбарыс мешітінде Рамазанға дайындық жүріп жатыр

 islam-atyrau.kz/26 сәуір, 2019 жыл. Күллі мұсылман үшін қасиетті саналатын Рамазан айының басталуына санаулы күндер қалды.

Осыған орай, еліміздегі барлық мешіттерде дайындық жұмыстары жүруде. Қазіргі таңда қасиетті Рамазан айына дайындық ретінде Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде әктеу, сырлау, жөндеу жұмыстарымен қатар, тазалық жұмыстары белсенді атқарылып жатыр.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Ұстаз Ерболат Боханов Исатай ауданының жастарымен кездесті

  islam-atyrau.kz/26 сәуір, 2019 жыл.  Ұстаз Ерболат Боханов Исатай ауданындағы Аққыстау ауылындағы Зинеден Құрасұлы мешітіне барды.

Аталмыш мешіттегі айлық отырысқа қатысып, жергілікті жастармен жүздескен ұстаз Ерболат Боханов мұсылмандардың ақыреттегі ахуалы туралы уағыз айтты.

«Жаратқан Иенің әр бір бұйырған істері мен тыйған нәрселерінде өлшеусіз жақсылықтардың жататынын, бұйрығына бас исек өзіміз үшін жақсы, орындамасақ өзіміз үшін қасірет боларын мұсылман баласы түсінуге тиісті. Алланың уәдесі хақ, серті бекем. «Тікен еңсең, жүзім шықпайды» депті Ахмет Йүгінеки. Демек, ақыретіміз үшін не егіп жатқанымызды ойлау шарт» деп түйіндеді сөзін ұстаз Ерболат Боханов.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Нұр-Мүбарак университетінде 200-ден астам түлекпен қоштасу салтанаты өтті

 islam-atyrau.kz/26 сәуір, 2019 жыл. Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде 3 мамандықтан, яғни исламтану, дінтану, екі шет тілі саласы бойынша 223 түлекпен қоштасу салтанаты өтті. Қасиетті Құранмен басталған шара қос мемлекеттің әнұранымен жалғасты.

«Сендер Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы руханият елшісіңдер. Білім жолы қиын болғанымен, нағыз майдан енді басталады. Қоғаммен араласқанда өздеріңе сын көзбен қарап, өздерің білім алған Нұр-Мүбарак университетінің түлегі, айнасы  екендіктеріңізді ұмытпаңыздар. Алла жолындағы алған білімдеріңіз адамзаттың игілігіне жұмсалуына тілектеспіз»,-деді ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди.

Ректор Мухаммад әл-Жинди мырза келген қонақтарға, түлектерге алғысын білдіре отырып ҚМДБ-ның Аппарат жетекшісі Ғилымбек Мәжиевке сөз берді. Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың ыстық сәлемін жеткізген Ғылымбек мырза түлектерге жүрекжарды лебізін айта келе, үлкен өмірге басқан қадамның ғана емес, әрбір дін қызметкерінің арқалаған жауапкершілігіне тоқталды: Әрбір дін қызметкері орташа 13-14 жыл білім алу керек. Нұр-Мүбарак университетінде бұл меженің алғашқы сатысынан өткен сіздердің білімдеріңізге күмән жоқ. Алда жамағаттардың бірлігін сақтау үшін, қоғаммен жұмыс барысында мінездің көркемдігі, басшылыққа бағыну қағидалары, ел бірлігі, мемлекет тұтастығы үшін басты назарда болу қажет,- деді.

Ал мұсылманның негізгі мақсаты құлшылықпен ғана шектелмейді деген проректор, доцент Қайрат Құрманбаев жас түлектерге еңбек етудің маңызын, дін қызметкері мешітті ғана төңіректемей қоғаммен етене араласудың маңызын түсіндірді. Университет қабырғасында алған білімдерінің жемісін көруге тілектестік білдірді.

Түлектер де 4 жыл жеткен жетістіктерімен бөлісіп, аға буын өкілдерінің қолынан диплом, алғыс хаттарын алды. Биыл 32 түлек қызыл дипломмен тәмамдаған. Университет басшылығы түлектерге ақ жол тілеп ақ батасын жаудырып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның дамуына орасан үлес қосып отырған олардың ата-аналарына алғысын жаудырды. Салтанатты рәсімнен кейін түлектер университет ауласына көшеттер отырғызды.

 
Толығырақ ...

Бүгін елімізде ораза және намаз кестесі жарияланды

 islam-atyrau.kz/26 сәуір, 2019 жыл. Назарларыңызға 2019 жылғы Қазақстан елдімекендерінің Рамазан айындағы ораза және намаз кестесін ұсынамыз!

Төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері – 300 теңге болып бекітілді.

Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.


Барлық елдімекендердің намаз уақыттарын 
ЖҮКТЕУ

5. АТЫРАУ ҚАЛАСЫ 

 

 

Толығырақ ...

ҚМДБ: 6 МАМЫР - РАМАЗАН АЙЫНЫҢ БІРІНШІ КҮНІ

 Рамазан айының басталуын нақты анықтау шариғи үкімдер мен  астрономиялық есептер негізінде жүзеге асады. Алғашқы кезеңде мұсылмандар жаңа туған айды көзбен көретін. 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оразаны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер», – деген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын В.Г.Фесенков атындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінен жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәлімет сұратты.
ҚМДБ шариғи үкімді негізге алып, ғылыми зерттеу жұмысының нəтижесін ескеріп, сонымен қатар, Орталық Азия елдері мүфтиятының шариғат жəне пəтуа бөлімінің ғалымдарымен ортақ пəтуа қабылдай отырып, 6 мамыр – рамазан айының бірінші күні деген шешім шығарды.
Биыл 30 күн ауыз бекітеміз. Қасиетті Қадір түні - 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн. Ал 5 маусым - ораза айттың бірінші күні.

 

Оразаға қатысты үкімдер

Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында күнде таң атқаннан бастап күн батқанға дейін оразаны ниет етіп, ішіп-жеуден, төсек қатынасынан тыйылу парыз. 

Хайыз және нифас кезінде әйелдер ораза ұстамайды. Жүкті немесе бала емізетін әйелдер ораза тұтқан кезде өзіне немесе баласына зиян келуден қорықса, сырқат кісі ауруының асқынуынан қауіптенсе, олардың ораза ұстамауларына болады. Бұлар оразаның қазасын рамазан айынан кейін өтеп береді. 

Рамазан айында жолаушыға да ораза ұстау міндет емес. Сапардан қайта оралғанда, қазасын өтейді.

Кәрілік немесе жазылмайтын ауру себебінен ораза ұстауға шамасы келмейтін адамдар оразаның әр күні үшін підия береді. 

Пітір садақаның мөлшері – 300 теңге. Бұл - пітір садақаның ең төменгі мөлшері. Бұл мөлшерден артық беруге де болады.

 

ҚМДБ  Шариғат және пәтуа бөлімі

 
Толығырақ ...