Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас имам Батыржан Мансұров: Рамазан құрметіне «Ел үлесі – пәтерге» жобасы іске қосылады

islam-atyrau.kz/30 сәуір, 2019 жыл. Қасиетті Рамазан айының құрметіне Атыраудың бас мешіті «Зекет»  қорымен бірлесе отырып, «Ел үлесі – пәтерге» жобасын іске қосқалы отыр. Бұл туралы «Атырау – Ақпарат» медиахолдингі базасында өткен баспасөз-конференциясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров мәлімдеді.

«Қазіргі таңда мешіттер тарапынан әлеуметтік тұрмысы төмен, көп балалы, жалғыз өзі бірнеше бала тәрбиелеп, мұқтаждық жағдайда қалып отырған отбасылардың тізімі жасақталуда. Жоба жамағат ерікті түрде берген  зекет, садақа есебінен жүзеге асырылады.  Мешіт қызметкерлері және жамағат тарапынан арнайы комиссия құрылып, қаржының есебі жүргізіледі. Осылайша, комиссияның ортақ шешімімен мұқтаж отбасыларға баспана алынып берілетін болады» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.

Ерекше айта кетерлігі, қасиетті ораза кезінде Атырауда Құран жарысы өтеді. Орталық «Иманғали» мешітінде өтетін Құран жарыс екі кезеңде жүреді. Яғни, сайысқа 12 жасқа дейінгі бүлдіршіндер және 12 – 30 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, өзара бақ сынасады.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Айлардың сұлтаны Рамазанда «Тегін такси» жобасы жұмыс істейді

 islam-atyrau.kz/30 сәуір, 2019 жыл. Рамазан айының құрметіне Атырау облысының бас мешіті «Тегін такси» жобасын іске қосқалы отыр. Бұл туралы бүгін Бас имам Батыржан Мансұров «Атырау-Ақпарат» базасында өткен баспасөз-конференциясында айтты.

«Мәселен, Тарауық намазы отыз күн бойы оқылады. Және 20 рәкат Тарауық намазы түнгі 00.30 – 1.00-ге таман аяқталады. Осындайда, қарттарымызды, әжейлерімізді тегін таксимен үйлеріне дейін жеткізіп салып отыруды ойластырып отырмыз» дейді Бас имам.

Сондай ақ, дәстүрлі ауызашар дастарханы облыстағы барлық мешіттерде жалғасады. Мәселен, бір ғана орталық «Иманғали» мешітінде күн сайын кемінде 750-800 адамға ауызашар беріледі. Осы мақсатта облыстың бас мешітінің ауласынан алты бірдей киіз үй тігу жоспарланып отыр.

«Айлардың сұлтаны болған Рамазан айы – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген сыйы әрі нығметі. Бұл айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартып, Алланың разылығын алуға мол мүмкіндіктер бар. Құран Кәрімде айтылған Рамазан айының ерекшелігі сол, бұл мезгілде жасалған кез келген қайырлы амалдың сауабын санау мүмкін емес.

Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді. Әрине сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтер. Және сондай оразаға дәрмені жетпейтіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар).

Ораза – Алла Тағала мен пенде арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат» деп атап өткен Бас имам Батыржан Мансұров одан әрі журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

 Еске сала кетелік, биыл ораза 30 күн. Пітір садақа мөлшері – 300 теңге. 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн  - қасиетті Қадір түні. 5 маусымда жергілікті уақытпен 7.00-де Айт намазы оқылады.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

 

Толығырақ ...

ЕЛОРДАДА ӘР КҮНІ ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ ЖАМАҒАТҚА АУЫЗАШАР БЕРІЛЕДІ (ФОТО)

 islam-atyrau.kz/30 сәуір, 2019 жыл. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас кеңсесінде қасиетті рамазан айына байланысты өткен баспасөз мəслихатында Бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді.

«Биылғы Рамазан айында Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мұқтаждың мұңын бөліс!», «Мейірімділік мекені», «Жақсылықта жарысайық» атты қайырымдылық акциялары үлкен көлемде ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, ораза айт мерекесіне орай «Айттық бізден болсын!» қайырымдылық шарасы өткізіледі. Алла қаласа, қасиетті рамазан айының әр күні 2000-нан астам жамағат Елорда мешіттерінен ауыз ашатын болады.
Қала әкімшілігінің қолдауы арқасында тарауих намаздарынан соң тегін қатынайтын автобустар да биылғы жылы жамағаттың алғысына бөленетін болады», – деп атап өтті Бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы.

 

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"

Толығырақ ...

ҚМДБ: РАМАЗАНҒА БАЙЛАНЫСТЫ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТТІ (ФОТО)

islam-atyrau.kz/30 сәуір, 2019 жыл.  Бүгін Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас кеңсесінде қасиетті рамазан айына байланысты баспасөз мəслихаты өтті.

Дәстүрлі жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Шариғат жəне пəтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы қатысты. Мәслихаттың модераторлық қызметін ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы жүргізді.

Журналистермен болған сұхбатта рамазан айының күні, пітір садақасының мөлшері, қадір түні мен ораза айттың күні, оразаға қатысты жалпы мəліметтер берілді.

Қасиетті ай қарсаңында халыққа үндеу жолдаған Бас мүфти:

«Ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын айда көпбалалы жанұяларға қолдау көрсетіп, қариялар мен мүгедек жандардың, жалғыз басты аналардың батасын алып, алғысына бөленуге үндеймін. Жетімдер мен науқас адамдарға қамқорлық жасайық! Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Бірде сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Рамазан айы құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін!» – деп атап өтті.

Бас мүфтиден кейін сөз алған Бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Биылғы Рамазан айында Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мұқтаждың мұңын бөліс!», «Мейірімділік мекені», «Жақсылықта жарысайық» атты қайырымдылық акциялары үлкен көлемде ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, ораза айт мерекесіне орай «Айттық бізден болсын!» қайырымдылық шарасы өткізіледі. Алла қаласа, қасиетті рамазан айының әр күні 2000-нан астам жамағат Елорда мешіттерінен ауыз ашатын болады. Қала әкімшілігінің қолдауы арқасында тарауих намаздарынан соң тегін қатынайтын автобустар да биылғы жылы жамағаттың алғысына бөленетін болады», – деді.

Өз кезегінде сөз алған Сансызбай қажы Құрбанұлы мен Ғылымбек Жәдігерұлы оразаның мәні мен қадір-қасиеті жайлы насихат айтты.

Басқосу соңында тілшілер көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды.

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"

Толығырақ ...

БАС МҮФТИ РАМАЗАН АЙЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ХАЛЫҚҚА ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

islam-atyrau.kz/30 сәуір, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Рамазан айына байланысты Үндеу жасады.

Алдымен, Бас мүфти биылғы Рамазан айының қай уақытта басталатынын айтты.

"Шариғаттың барлық талабын негізге алдық. Еліміздегі астрономиялық зерттеу орталықтарының ғылыми мәліметіне сүйендік. Сондықтан осы жылы Рамазан айы 6 мамырдан басталады. Ал Айт мерекесі 5 маусымға тура келеді. Қасиетті Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға қараған түнге сәйкес келеді. Биыл Рамазан айы 30 күнге созылады", - деді Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында өткен брифингте.

Сондай-ақ, Серікбай қажы Ораз пітір садақаның мөлшерін айтты.

"Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің шешімімен биылғы жылдың Рамазан айында кісі басына пітір садақаның мөлшерін белгіледік. Яғни еліміздегі азық-түліктің оның ішінде бидай мен ұнның орташа есебін ала отырып, жан басына шаққандағы пітір садақаның мөлшерін 300 теңге деп белгіленді", - деді Бас мүфти.

Серікбай қажы Ораз  барша қазақстандықтарды қасиетті айда игілікті істер жасауға шақырды.

"Рамазан –қайырымдылық пен ізгіліктің айы. Алланың ризашылығы үшін әрбір мұсылман өзінің нәпсін тыйып, 30 күн бойы ораза ұстап, ішуден жеуден тыйылса, оразаның сауабы есебінен оның күнәсіне кешірім болады. Сондықтан қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айында көптеген қайырымдылық іс-шараға белсене қатысуға шақырамын", - деп түйіндеді сөзін Серікбай қажы Ораз.

Дереккөз: "Спутник Қазақстан"
Толығырақ ...

Ұстаз Өсімхан Тілеуов өрт сөндірушілермен кездесті

islam-atyrau.kz/30 сәуір, 2019 жыл. Атырау қаласындағы Әт–Тақуа мешітінің бас имамы Өсімхан Тілеуов «Өрт сөндіруші» АҚ Атырау облыстық филиалының ұжымымен кездесті.

Қазақстандағы қазіргі діни ахуал тақырыбында түсінік берген Өсімхан Тілеуов елімізде дінді ұстанып, қажылыққа баруға, зекет беруге барлық жағдай жасалғанын айтты.

 «Қазіргі таңда еліміздің әр аймағындағы орталық мешіттер тарапынан сауат ашу курстары жұмыс істейді. Медреселерде діни білім алуға толық мүмкіндік бар. Алматы қаласында жұмыс істеп жатқан Нұр-Мүбәрак египет-ислам университеті ілімін жоғарылатқысы келетіндер үшін мүмкіндік. Асылында, шынайы мұсылман – өзгеге де, өзіне де тілімен иә ісімен зиянын тигізбеген адам. Сондықтан, дәстүрлі ислам мектебін ұстанып, халқымыздың дәстүрімен, болмыс-бітімімен жалғасқан Әбу – Ханифа мәзһабы ата-бабаларымыздың дәуірінен жалғасып келе жатқан хақ жол» деп атап өтті спикер кездесу барысында.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Атырау мешіттері мазараттарға тазалық жұмыстарын жүргізді

islam-atyrau.kz/30 сәуір, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен Атырау қаласына қарасты барлық мешіт ұжымдары жамағатпен бірлесіп, зираттарды тазалады.

Мәселен, Атырау қалалық Құспан молла мешіті «Мұқаш» қауымына, Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешіті жамағатымен бірлесіп, «Жөнеген»  қауымына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіт «Орбита» қорымына тазалық жасады. Осындай игі істі «Әт-Тақуа» мешітінің жастар жамағаты жалғады. Олар Атырау қаласындағы Жұмыскер ықшам ауданындағы мазаратта тазалық жұмыстарын атқарды.

«Зират басын таза ұстау арқылы біз өлілерге құрмет көрсете аламыз. Тазалықты сақтау үшін алдымен халықты тәрбиелеп, оларға діни түсінік беру қажет. Ислам дінінде зиратқа яғни, қабірдің аяқ асты болмауына ерекше көңіл бөлінген. Бұған көптеген хадистер дәлел. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қабірлерге намаз оқып, үстіне отырмаңдар» деген. Тіпті, қабірге сүйенуге де болмайды.  Ендеше, мазараттағы тазалыққа самарқаулықпен қарамағанымыз абзал» дейді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...