Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ҚМДБ-НЫҢ ЛАҢКЕСТІК ҰЙЫМДАРДАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЗАМАТТАРҒА ҚАТЫСТЫ ҮНДЕУІ

  islam-atyrau.kz/13 мамыр, 2019 жыл. 2019 жылдың 7 және 9 мамыр күндері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сириядан 231 Қазақстан азаматы елімізге жеткізілді.

Қантөгіс пен зорлық-зомбылық жайлаған аймақтан құтқарылған азаматтардың қатарында мектеп жасындағы 156 бала болған, оның ішінде 18-і – жетім балалар.

Осы жылдың басында, 6 қаңтарда еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен соғыс оты шарпыған Сириядан 47 азамат Қазақстанға қайтарылған еді.

Қазақстан өз азаматтарының әлемнің қай қиырында жүргеніне қарамастан олардың тағдырына қашан да алаңдайды. «Жусан» операциясының жалғасы бойынша жүзеге асқан бұл гуманитарлық шара соның айқын көрінісі.

Лаңкестік ұйымдардан зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан моралдық, материалдық тұрғыдан жан-жақты көмек көрсетілуде. Қоғамға бейімдеу жұмыстарының нәтижесінде олар қызметке орналасып, ағайын-туыстарымен қауышты, ал балалары бала-бақшаға баруда. Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын халықпыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс.

Террористердің теріс үгіт-насихатына алданып, жалған сенімдер мен жалаң ұрандардың құрбанына айналған жерлестерімізге қайырымдылық пен кешірім айы – қасиетті рамазанда рақымшылық жасалса деген тілегімізді жеткіземіз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сирияда жантүршігерлік жағдайды бастан кешкен азаматтарға Алладан сабыр, өмірлеріне бейбітшілік пен тыныштық тілейді. Жаратқан Иеміз отандастарымызды мұндай сынақ пен қиындықтан сақтасын.

ҚМДБ террористік ұйымдардан жапа шеккен азаматтарды дін атын жамылып, халықты қантөгіс пен бүлікке бастайтын дінбұзарлардың әрекетін қатаң әшкерелеуге шақырады. Адасқан азаматтардың жағдайы өзгелерге өмірлік сабақ болуы тиіс деп санаймыз.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің барша азаматтарын ғаламтор арқылы шетелдік жеке тұлғалардың күмәнді уағыздарын тыңдамауға, өзге елдерде өз бетінше діни білім алмауға үндейді. Сонымен қатар, материалдық мүмкіндіктер жасап, жалған сенім мен қауіпті қантөгіске үгіттеушілердің сөзіне алданып қалмауға шақырамыз.

Мұндай жағдайға тап болған кісілерден шұғыл түрде тиісті мекемелер мен ресми діни мамандарға хабарласуларыңызды сұраймыз. Облыстық, қалалық мешіттердің жанында отбасылық кеңес беру, оңалту орталықтары, сенім телефондары жұмыс істейді. Сонымен қатар, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімнің www.fatua.kz сайты онлайн сұрақтарға тікелей жауап береді. Осы бөлімнің білікті ғалымдарынан жұмыс күндері бетпе-бет сұхбаттасып, пәтуа алуға болады.

Еліміздің қауіпсіздігін, береке-бірлігін, халқымыздың тұтастығы мен тыныштығын қамтамасыз ету – мемлекетіміздің негізгі міндеті болып қала береді.

Ислам «бейбітшілік» деген ұғымды білдіреді. Асыл дініміздің негізгі қағидатының бірі – бейбітшілік. Дін бірлік пен береке, бейбітшілік пен келісім салтанат құрған қоғамда ғана өркендейді.

Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға амандық нәсіп еткей. Жаратқан Иеміз еліміз бен жерімізді, дүниежүзін түрлі біліктерден сақтағай! Әмин!

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"

 

 
Толығырақ ...

Нұр-Сұлтан өкілдігінің ұйымдастыруымен «Рамазан керуені» жолға шықты (+ФОТО +ВИДЕО)

 islam-atyrau.kz/13 мамыр, 2019 жыл. Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Рамазан керуені» жолға шықты.

ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігі «Рухани жастар» ұйымының ұйытқы болуымен басталған игі бастамаға қаладағы 10 құлшылық ордасының қызметкерлері мен жамағаты, еріктілер ұйымдары мен белсенді студент жастар, Нұр-Сұлтан қаласы Дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері жұмыла атсалысып, қайырымдылық керуенінің қатарын көбейте түсті.

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінен бастау алған «Рамазан керуеніне» жалпы саны 80-нен астам көлік қатысып, алдын ала түзілген тізім бойынша Елордамыздағы 100 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратылды. Қасиетті айдағы қайырымдылық шарасын жандандырып, жан жылуымен бөлісуге ұмтылған жамағатқа ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы ізгі тілегін білдіріп, ақ батасын арнады.

Бас мешіт ауласында жиылған жамағат осы жерден күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік, ет салынған «Рамазан сөмкелерін» тиеп, көрсетілген мекенжайларға көш түзеді. «Рамазан керуенінің» алғашқы көлігі Балаларды оңалту орталығының жатақханасына соғып, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз қолымен «Рамазан сөмкесін» табыстап қайтты.

Елордамыздағы еріктілер ұйымы мен қайырымдылық топтарының түгелдей басын қосқан айтулы шара алдағы уақытта тағы да ұйымдастырылатын болмақ. Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары қасиетті Рамазан айы жалғасын табатын болмақ.

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"
Толығырақ ...

Рамазан айшықтары: жамағатқа кітап таратылды

islam-atyrau.kz/13 мамыр, 2019 жыл. Қасиетті Құран аяттары түскен Рамазан айының құрметіне Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте жаңадан намаз бастап жүрген жамағатқа «Дәрет алу және намаз оқу үлгісі» кітабы үлестірілді.

Барлығы 50 адамға үлестірілген кітаптың авторы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров. Аталмыш кітапта дәрет алудың тәртібі, намаз оқу тәртібінің өзіндік ерекшеліктері туралы толық мәлімет жазылған.

Сондай ақ, Рамазан айында аймақтағы барлық мешіттерде Тарауих намазы оқылып жатқаны белгілі. Белгілі ұстаз Қанат Сердекешов мешіт жамағатымен жүздесіп, Тарауих намазының қадір-қасиеті туралы уағыз айтты.

 

«Айлардың сұлтаны болып саналатын қасиетті Рамазанның адамзатқа рухани, әлеуметтік және медициналық жағынан пайдасы зор. Бұл айда күндіз ораза тұтқаннан кейін, кешкісін құптан намазынан соң, 20 рәкат тарауих намазы оқылады. Тарауих сөзі «дем алу, демалыс» дегенді білдіреді» деп атап өтті ұстаз Қанат Сердекешов.

 

 

Толығырақ ...

Атырау қаласында бүлдіршіндер арасында Құран жарысы өтеді

 islam-atyrau.kz/13 мамыр, 2019 жыл. 2 маусым күні Атырауда бүлдіршіндер арасында Құран жарысы өтеді. Қала деңгейінде өтетін жарысты Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіт ұйымдастырып отыр.

Аталмыш мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлының айтуынша, сайыс барысында қатысушылар Құранды жатқу оқу және мәнерлеп оқу бойынша сынға түседі. «Бүлдіршіндер Құранның соңғы 30-шы парасын оқудан жарысқа түседі. Бұл номинация бойынша, бірінші орын алған жеңімпазға 100 мың теңге беріледі. Екінші және үшінші орын иегерлеріне 75 мың теңге, 50 мың теңге тігіліп отыр. Екінші номинация – «Дуһа» сүресі мен «Нас» сүрелері. Бұл номинация бойынша бірінші орынға 75 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық ұсынылып отыр. Екінші және үшінші орындардың сыйлығы 50 мың теңге мен 30 мың теңге. Құранды мәнерлеп, көркем оқу бойынша бірінші орынға 50 мың теңге, екінші және үшінші орындарға 30 мың теңге мен 20 мың теңге ұсынылып отыр» дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.

Басты талаптарды атасақ, қатысушының жасы 12 жастан аспауы тиіс. Қатысушы бір номинация бойынша бақ сынай алады. «Үміткердің құжаттары 30 мамырға дейін ұсынылып бітуі тиіс. Сайысқа ұлдар да, қыз балалар да қатыса алады» деп нақтылады ұйымдастырушылар.

 

 Қосымша сұрақтар бойынша анықтама телефоны: 8708 310 79 92 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі

Толығырақ ...