Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас имам Батыржан Мансұров имамдарға екі бірдей қызметтік үйдің кілтін табыс етті (+ФОТО +ВИДЕО)

islam-atyrau.kz/16 мамыр, 2019 жыл.  Бүгін Атырауда имамдарға қызметтік үй тапсырылды. Қасиетті Рамазан айының екінші он күндігіне аяқ басқан кездегі қуанышты сәтте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров имамдарға баспана кілтін жамағат алдында салтанатты жағдайда табыс етті.

            Екі бірдей үй осылайша Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің балансына беріліп отыр. Игілікті іске аталмыш мешіттің жамағаты қаржы жинап, тікелей атсалысты. Сонымен бірге, шалғайда жүрген атыраулық азаматтардың да зор үлесі болды. 

            Көлемі 60 шаршы метр болатын қос үйдің әрқайсы үш бөлмеден тұрады. Заманауи үлгіде тұрғызылған үйде тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Қызметтік үйде Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы және аталмыш мешіттің наиб имамы тұратын болады.

            «Бұған дейін имамдардың жағдайы күрделі болып келген еді. Көп жағдайда имамдар пәтер жалдап жүретін. Енді міне, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітіміздің балансына екі бірдей баспана беріліп отыр. Асылында, Алла жолында қызмет етіп жүргендерге жасаған жақсылықтың сауабы сансыз» деп атап өткен Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров мешіт жамағатына және осы игілікті істің басы-қасында жүрген  Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлына алғысын жеткізді.

            Атап өтер жайт, бұл имамдарға беріліп жатқан бірінші пәтер емес. Өткен жылы Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров Құрманғазы ауданындағы орталық Темірәлі мешітінің балансына демеушілер тарапынан берілген үйдің кілтін салтанатты жағдайда тапсырған болатын.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Атырауда Алланың 99 есімін жатқа айтудан сайыс өтеді

 

 islam-atyrau.kz/16 мамыр, 2019 жыл.  Атырауда әйел жамағаты арасында Алланың 99 есімін жатқа айтудан сайыс өтеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторы Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен өткелі жатқан сайыста қатысушыларға қойылатын арнайы талаптар да бар.

Мәселен, қатысушылар Алланың көркем есімдерін айтқан уақытта әріптерді дұрыс дыбыстап, қазақша мағыналарын қоса жеткізуі тиіс.

Адамзаттың ардақтысы, Алла Елшісі Мұхаммед Пайғамбардан (с.ғ.с) жеткен хадисте «Алланың 99 есімі бар. Жүзден бірсіз, кім оларды зікір етіп жүрсе, жәннатқа кіреді» деп келеді. Сауабы мол рухани сайысқа үміткерлер зор дайындықпен келіп, белсенділік танытады деген сенімдеміз» дейді мешіт ұстазы Айжарқын Түзелова.

Сайыс 30 мамыр күні сағат 14.30-да орталық «Иманғали» мешітінде өтеді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

 

Толығырақ ...

Бас имам арбаға таңылған Жолдас Меңдібайұлының шаңырағына арнайы барып, Құран оқыды

islam-atyrau.kz/16 мамыр, 2019 жыл. Арбаға таңылғанына қарамастан, он жеті жылдан бері жұма намазын қаза қылмай келе жатқан Жолдас Меңдібайұлы атты жігіт ағасы бар. Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров жігіт ағасына арнайы барып, жағдайын сұрады.

«Екі аяғы бірдей қозғалмаса да, ағамыз мешітке жұма сайын келіп тұратын. Бірақ, ағамыз біраздан бері хәлсіз жатыр еді. Сол себепті, аймақтың Бас имамы Батыржан Мансұров ағамызға дем салып, Құран оқып, дұға жасады. Наурыз айында ағамыз демеушілер есебінен кіші қажылыққа барып, зиярат етіп келді. Біз ағамыздың жұма намазына тұратын жамағат қатарын толықтыруына тілектеспіз» дейді Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.

Көпке үлгі етуге тұрарлық жігіт ағасы Жолдас Меңдібайұлының шаңырағына Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұровпен бірге, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы, аталмыш мешіттің  ақсақалдары барды.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз - қызметі.

Толығырақ ...