Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Рамазан айшықтары: Атырау қалалық Құспан молла мешітінде мұқтаж отбасыларға азық таратылып, қаржылай көмек берілді

 islam-atyrau.kz/21 мамыр, 2019 жыл. Қасиетті Рамазан айында Атырауда ізгілікті шаралар жалғасуда. Мәселен, Атырау қалалық Құспан молла мешітінде Рамазан айы басталғалы бері, бес отбасыға азық-түлік пакеті таратылды.

«Әрқайсы 25 кг болатын азық-түлік пакетінде күнделікті тұрмысқа аса қажетті азық ассортименті салынды. Мешіт негізінен әлеуметтік жағдайы төмен, қамқорлықты қажет ететін көп балалы, жетім отбасыларын басты назарда ұстап отыр. Бұдан бөлек, бірнеше отбасыға Рамазан айы кезінде қаржылай көмек те көрсетілді» дейді Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров. Рамазан айы кезінде мұқтаж жандарға қаржылай көрсетілген көмек көлемі 210 мың теңгені құраған.

Қазіргі таңда мешітте күніге 160-170 адамға ауызашар дастарханы берілуде. «Күні бүгінге дейін мешітімізде қарттарға, дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне ауызашар берілді. Және жақында Атырау қалалық мәслихаты депутаттарының арнайы ауызашар дастарханын атап өткеніміз жөн. Асылында, ауыз ашар берудің сауабы өте мол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді» деген. Сонымен бірге, шамаңызға қарай аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ-жітіктерге қарасып, кедейлерге қол ұшын беру де – мұстахап» дейді Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Атырауда бірнеше мешіттің жамағаты ауызашарда бас қосты

 islam-atyrau.kz/21 мамыр, 2019 жыл.  Рамазан – ізгіліктің, бірліктің, сансыз сауаптың айы. Ислам дінінің өзінің басты мұраты бейбітшілік екенін ескерсек, мұсылман әлемінің бірлігі қашан да маңызды.

Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиевтың бастамасымен кеше Атыраудағы бірнеше мешіттің жамағаты үшін аталмыш мешітте ауызашар дастарханы берілді.

Орталық «Иманғали» мешіті, Атырау қалалық Құспан молла мешіті және Сұлтан Бейбарыс мешітінің жамағаты бас қосқан ауызашарда бірлік, ынтымақ тақырыбында уағыз айтылды. «Алла Елшісі (с.ғ.с) «Жаннатта болатын бір топ, ол – жамағат» деген. Және Алла Елшісі (с.ғ.с) «Сендерге жамағатпен бір болу міндетті, бөлінушіліктен сақтаныңдар, расында шайтан жалғыздың жанында болады, ол екеуден алыс тұрады, ал кімде-кім жаннаттың ләззатын сезінгісі келсе, ол жамағатпен болсын» деп ескерткен.  Асылында, жамағат Алла Елшісінің (с.ғ.с) артынан ергендер және де солардан қалған мирасты, ақиқатты жалғап келген көпшілік» деп атап өтті уағыз барысында Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев.

Аталмыш шараға арнайы келген Атырау қалалық Құспан молла мешітінің наиб имамы Алтынбек Ажокұлы жиналған жамағатқа ізгі тілектерін арнап, қасиетті айды құлшылықпен, сауапты амалдарды көбірек жасаумен өткізуге шақырды.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Мəулімберген мешітінде ізгілікті істер жалғасуда

 islam-atyrau.kz/21 мамыр, 2019 жыл.  Атырау қаласына қарасты Алғабас ауылында орналасқан Мəулімберген мешітінің іргетасын қалаушы Нұрлан Байдоллаұлынұр шашқан Рамазан айының құрметіне жергілікті жамағатқа  ауызашар берді.

Ауызашар кезінде сөз сөйлеген Мəулімберген мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов Рамазан айының құндылықтары туралы баяндады.  «Рамазан айы — Алланың берекесіне толы ай. Бұл – ішкі рухани қасиеттерді жыл сайын қалпына келтіріп тұруға арналған тазару айы. Бұл – әрбір мұсылман үшін иманын нығайтуға, жүрегі мен жан-дүниесін тазартуға және жасалған күнәлардың зарарлы салдарын жоюға тамаша мүмкіндік.

Бұл ай мұсылмандарды құлшылық амалдарын ұлғайтуға шақырады. Ғибадатқа барынша көбірек уақыт қалдыру үшін бұл айдағы кестемізді алдын-ала жоспарлап қойғанымыз жөн» деген Мəулімберген мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов қасиетті айда әр намазды мешітте жамағатпен оқуға, қасиетті Құранды көбірек оқуға шақырды.

Осындай рухани кемелдікке толы ауызашарды Мəулімберген мешітінде ауылдың белсенді жастары да берді.

«Асылында Рамазан сауап жинауға асығатын ай. Намаз алды уағыздарда қайырымдылық, ізгілік турасында жиі айтылуда. Сонымен бірге, мешітіміз жақында көп балалы  аз қамтылған ана Ақбота Сəрсенғаливаға жалдамалы пəтерінің бір айлық ақысына 30  мың теңге көлемінде көмек көрсетті. Мешіт үшін әр мұқтаж  жан қымбат» дейді Мəулімберген мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Рамазан айшықтары: мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қайырымдылық акциясы өтті

 islam-atyrau.kz/21 мамыр, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігі және Әжелер мектебі мүгедектерді сауықтыру орталығының емделушілерін қасиетті Рамазан айымен құттықтады.

      Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Мүгедектерді сауықтыру орталығында қазіргі таңда алпыс адам ем қабылдауда. Рамазан құрметіне емделушілердің әрқайсына құрма, тәттілер және зәм-зәм суы салынған сыйлықтар таратылды.

      «Біздің мақсатымыз – қамкөңіл жандарға жүрек жылулығын сыйлау. Рамазан – ізгіліктің, сауапты амалдардың, жақсылықтың айы. Осындай шарапаты мол айда әр мұсылман баласы сауап жинауға асығуы тиіс. Мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғамның бір мүшесі. Олар өздерін жалғыз сезінбеуі керек» дейді Әйелдер-қыздар секторының жауаптысы Айжарқын Түзелова.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

БАС МҮФТИ ЕЛОРДА ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

 islam-atyrau.kz/21 мамыр, 2019 жыл. Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Елорда имамдарымен кездесті. Кездесуге ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев қатысты.

Басқосуда дін қызметкерлері қасиетті рамазан айында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Бас мүфтиге баяндап берді. Сонымен қатар, мүфтияттың жоспарлаған қайырымдылық іс-шараларының есебі тыңдалды. Кездесу соңында ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы дін қызметкерлерін жұмыста белсенді болуға шақырып, имамдарға нақты тапсырмалар берді.

 

Толығырақ ...