Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда ересектер арасында ұйымдастырылған Құран жарысы жоғары деңгейде өтті

islam-atyrau.kz/26 мамыр, 2019 жыл. Бүгін Атыраудың бас мешітінде ересектер арасында Құран жарысы өтті.

 

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен өткен бәйгеде 12-35 жас аралығындағы үміткерлер өзара бақ сынасты. Қатысушыларға қойылған басты талап - тәжуид ережесін сақтай отырып, "Нәс" сүресінен "Нәба" сүресіне дейін сүрелерді жатқа оқу.

Барлығы 42 үміткер бақ сынаған байрақты бәсекеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас  имамы Батыржан Мансұров, орталық мешіттің ұстазы Хусейн Кая, орталық "Иманғали" мешітінің  наиб имамдары Мұрат Мұстафаев, Мақсат Алпысбаев және ұстаз Ерболат Боханов қазылық етті.

Ерекше айта кетер жайт, бұл жолғы сайыс та өзіндік тамаша жаңалықтарға толы болды.  Мәселен, рухани бәсекеге небары тоғыз жастағы Ізгілік Осман атты бүлдіршін қатысып, күллі аудиторияны тәнті етті. Қасиетті Құранның төрт парасын жатқа оқыған Ізгілік Осман Бас имам Батыржан Мансұровтың 30 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйлығына ие болды. Осындай арнайы сыйлықты бәсекенің он бір жасар қатысушысы Тәттіғали Дәулет пен Әлібек Асхатұлы иеленді. 

Рухани сайыста бірінші орын Берік Тілепбергеновке бұйырды. Ол 500 мың теңге көлеміндегі Умра қажылығына жолдаманы иеленді. Екінші орынды Данияр Сембаев иеленді. Оған 300 мың теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды. Үшінші орын және 150 мың теңге көлеміндегі сыйақы Арман Ыбырашевқа бұйырды. 

Шыңғыс Сейтеков, Қуаныш Сатыбалдин және Әл - Фараби Баймұхан ынталандыру сыйлығын өзара бөлісті. Олардың әрқайсына 50 мың теңгеден сыйақы тапсырылды.

"Қасиетті Рамазан айында осымен орталық "Иманғали" мешітінде екінші рет Құран жарысы өткізіліп отыр. Бұған дейін рухани сайыс бүлдіршіндер арасында өткен еді. Бұл бәсекеге де 9 және 11 жастағы балалар қатысып, ерекше көзге түсіп отыр. Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. "Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің" (Тирмизи, Фадайлул-Құран 15) деген аманат бар. Асылында, Құран - бүкіл адам баласын қара түнектен, нұрлы жарыққа шығару үшін, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсірілген иләһи кітап. Құран неғұрлым көбірек оқылған сайын еліміздің берекесі де арта түседі" дейді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров. 

 

 

   Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Атырауда Сұлтан Бейбарыс мешітінде тегін оқытатын тігін үйірмесі ашылды

islam-atyrau.kz/26 мамыр, 2019 жыл.  "Алтын өрнек". Осындай атаумен Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде тегін тігін курсы ашылды. Аталмыш курстан алғашқы кезекте жұмыссыз отырған көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен, мұқтаж отбасылардан шыққан әйел адамдар тегін ілім ала алады.

Рамазан кезіндегі игілікті бастаманың тұсау кесер рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров арнайы қатысып, курс жұмысына сәттілік тіледі.

"Мүфтият бекіткен басым бағыттардың қатарында қайырымдылық саласы да бар. Сұлтан Бейбарыс мешітінде іске қосылып отырған бұл игілікті бастама талай шаңыраққа қуаныш әкеледі деп сенеміз. Әрі бұл ұлттық өнерімізді насихаттау жолындағы тамаша бастама" дейді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.

Қазіргі кезде курс өз жұмысын бастап кетті. Болашақ ісмерлерге тәлім беретін арнайы ұстаз да бекітілді. "Бұл бастама "Аяттан амалға" жобасы аясында жүзеге асып отыр. "Нәжім" сүресінде айтылғандай, адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді" дейді идея авторы, Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...