Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Сұлтан Бейбарыс мешітінің азаншысы Асқар Масабаев жүлдесін қайырымдылыққа үлестірді

islam-atyrau.kz/6 мамыр, 2019 жыл.

Жуырда ғана орталық «Иманғали» мешітінде өткен «Әсем әуезді азаншы» жарысына Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің азаншысы Асқар Масабаев қатысып, жүлделі үшінші орынды иеленген болатын.

Қасиетті Рамазан айының құрметіне азаншы Асқар Масабаев 200 мың теңге көлеміндегі жүлдесін қайырымдылыққа үлестіріп берді. Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қуанышұлы қаржыны қарызға батқан Қ. есімді мешіт жамағатына табыс етті.

Рамазан айын осындай ізгілік іспен бастаған Сұлтан Бейбарыс мешітінде қазіргі таңда ер және әйел жамағатына Құран хатым түсіру басталды.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Рамазан айшықтары: БАС ИМАМ МЕШІТ ЖАМАҒАТТАРЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

 islam-atyrau.kz/6 мамыр, 2019 жыл. Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан қажы Мансұров аймақтың бас мешітінде жамағатты қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтады.

Толығырақ ...

Атырау: Бас имам бастамасымен құрылған кітап клубы сынақ тапсырды

 islam-atyrau.kz/6 мамыр, 2019 жыл. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, мүфтият жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен Жастар жылына орай орталық "Иманғали" мешіті жанынан жастардың кітап оқу клубы ашылып, жұмысын бастағаны белгілі.

Толығырақ ...

Нұр шашқан Рамазан: аймақ мешіттерінде Тарауих намазы басталды

 islam-atyrau.kz/6 мамыр, 2019 жыл. 

Нұр шашқан Рамазан айын сағына күткен Атырау халқы  Тарауих намазының алғашқы күнінде аймаққа қарасты барлық мешіттерде сап түзеді. 

Сауабы мол амалды атқаруға асыққан мұсылман бауырлардың саны қай мешітте де көп болғаны сонша, көптеген мешіттердің ішінен бөлек, ауласы, тіпті сырты да сап түзеген мұсылмандарға толы болды.

Тарауих намазының алғашқы күні, яғни мамырдың 5-нен 6-на қараған түні аймаққа қарасты барлық мешіттердің бас имамдары  Құран-Кәрімді хатым етіп, тарауих намаздарында имамдыққа шығатын қариларды таныстырып өтті.

Мәселен, Атырау қаласына қарасты Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте Абдубасид Қабылов пен Мұхиддин Гулумиддинов есімді қарилар қызмет көрсетеді. 

Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде қари  Мұхаммадазиз Шахмансуров Құран-Кәрімді хатым етеді. Ал, облыс орталығы маңындағы Тасқала ауылында орналасқан Мәулімберген мешітінде  Ислам Қаюпов пен Айбек Шакидани есімді қарилар Тарауих намазын жүргізеді. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі

Толығырақ ...

РАМАЗАН – ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСАТЫН АЙ!

islam-atyrau.kz/6 мамыр, 2019 жыл. Еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз барша мұсылман қауымды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни

 

басқармасының төрағасы, Бас мүфти: 

 

РАМАЗАН – ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСАТЫН АЙ!

 Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Қадірлі бауырлар, отандастар!

Баршаңызды исі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен құттықтаймын. Оразаға аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Әр отбасына амандық, бақыт пен береке тілеймін! Жаратушы Алла жар болсын!

Біздің халқымыз ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беріп, құрмет көрсеткен.    

Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

 Ал ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», – деп үмбетіне сүйінші хабар жеткізген.

Осы ретте отандастарымды қайырымдылық іс-шараларға белсенді атсалысуға, кәсіпкер азаматтарды рамазанның құрметі үшін азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарға арнайы жеңілдіктер жасауға шақырамын. Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса деген тілегімді білдіремін.

Өздеріңізге белгілі, елімізде көпбалалы отбасылар мен жастарға көңіл бөлініп, бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Мемлекеттің игі бастамаларына үн қосу – барша азаматтың асыл борышы.

Ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын айда көпбалалы жанұяларға қолдау көрсетіп, қариялар мен мүгедек жандардың, жалғыз басты аналардың батасын алып, алғысына бөленуге үндеймін. Жетімдер мен науқас адамдарға қамқорлық жасайық!

Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық шараларға ұйытқы болу. ҚМДБ қызметі аясында «Ислам және отбасы» жылы бастамасы негізінде демеуші азаматтардың қолдауымен баспанаға аса мұқтаж 15 жанұяға пәтер кілті табысталды. Бұл бағытта ізгі шаралар жүзеге аса береді.

Бірде сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.

Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады. 

 

Құрметті жамағат!

Рамазан айы құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин!

                   

Толығырақ ...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын Рамазан айының басталуымен құттықтады

 islam-atyrau.kz/6 мамыр, 2019 жыл.  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз-қызметі.

«Қымбатты отандастар! Баршаңызды күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл - шексіз ізгілікке, адамгершілікке, рухани тазаруға және кемелденуге бастайтын мезгіл.
Исламның жасампаздық әлеуеті қоғамымыздағы және әлемдегі дәстүрлі құндылықтар мен гуманизм негіздерін нығайтуға ықпал етеді. Рамазан айында ораза ұстау мейірімділікке, кешірімді болуға, татулыққа және қайырымдылыққа үндейді. Елбасының дана саясатының арқасында Қазақстанда бірлік, өзара түсіністік, этносаралық және дінаралық келісім рухы сақталып отыр.

Қасиетті Рамазан айы бәріңізге жақсылық, бақ-береке әкелсін!»,-делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

 

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"

Толығырақ ...

Батыржан қажы Берденұлы: Рамазан – сауабы мол ай

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Әуелі, барша мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айы баршамызға құтты болсын!

Айлардың сұлтаны болған Рамазан айы – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген сыйы әрі нығметі. Бұл айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартып, Алланың разылығын алуға мол мүмкіндіктер бар. Құран Кәрімде айтылған Рамазан айының ерекшелігі сол, бұл мезгілде жасалған кез келген қайырлы амалдың сауабын санау мүмкін емес.

Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді. Әрине сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтер. Және сондай оразаға дәрмені жетпейтіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар).

Ораза – Алла Тағала мен пенде арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Хадис-құдсида Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен (әтірден) де артық», – дейді. Иман жолы сабырлық пен тақуалықты талап етеді. Ораза нағыз, шынайы тақуалық пен сабырлыққа жетелейді. Құранда Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырған. Аталған аяттың мұраты да мұсылманды рухани кемелдендіріп, тақуалық дәрежеге жеткізу. Ал, тақуалық нәпсіні тәрбиелеумен жүзеге асады. Нәпсі дегенің – бойдағы алып ұшқан құмарлық сезім. Адам сол бойындағы құмарлық сезімін тізгіндеу арқылы айналасына мейірімді, кешірімшіл бола бастайды.

Дегенмен оразаның да өзіндік пайдасы мен ережелеріне тоқталып өтсек: Оразаның рухани пайдасы – тақуалық, сабырлылық, көркем мінез-құлық, уақытты жүйелеу болса, қоғамға пайдасы – адамдарды бірлікке және бір тәртіпке үйрету, теңдік пен әділдікті сүю, өзара мейірімділік, жаппай күнәдан тыйылуға жетелейді. Сондай-ақ, оразаның денсаулыққа мынадай пайдасы бар: асқазанды тазартады, дененің ауырлығы мен семіздігін тоқтатады, бір жыл бойы тыным таппай жұмыс істеген ас қорыту жүйелері дем алып, ретке келеді.

Қасиетті рамазан айы тағы да баршаңызға мүбәрак болсын!

 Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,   

«Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы.

 

Толығырақ ...

Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров атыраулықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

lam-atyrau.kz/6 мамыр, 2019 жыл.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров атыраулықтарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.

            «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Әуелі, барша мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айы баршамызға құтты болсын!

Айлардың сұлтаны болған Рамазан айы – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген сыйы әрі нығметі. Бұл айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартып, Алланың разылығын алуға мол мүмкіндіктер бар. Құран Кәрімде айтылған Рамазан айының ерекшелігі сол, бұл мезгілде жасалған кез келген қайырлы амалдың сауабын санау мүмкін емес.

Оразаның рухани пайдасы – тақуалық, сабырлылық, көркем мінез-құлық, уақытты жүйелеу болса, қоғамға пайдасы – адамдарды бірлікке және бір тәртіпке үйрету, теңдік пен әділдікті сүю, өзара мейірімділік, жаппай күнәдан тыйылуға жетелейді. Сондай-ақ, оразаның денсаулыққа мынадай пайдасы бар: асқазанды тазартады, дененің ауырлығы мен семіздігін тоқтатады, бір жыл бойы тыным таппай жұмыс істеген ас қорыту жүйелері дем алып, ретке келеді.

Адам баласының жаны мен тәнін тазартатын ораза құлшылығы осы айда әр мұсылманға парыз етілген. РАМАЗАН – дұға, тілектер айы. Рамазан – сабыр айы, рахмет айы, жарылқау айы, азаптан, тозақ отынан құтылу айы, игілік айы. Ораза - ізгілік айы, қасиетті Құран Кәрім түскен ай.

Ораза – жан мен тән тазаратын үлкен сабыр мектебі. Рамазан айы баршаңызға құтты, күллі Ислам әлеміне қайырлы, берекелі болғай!» делінген құттықтауда.

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...