Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Рамазан рақымы мен сауабы мол ай

Міне 1440-шы яғни 2019 жылдың қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Жаратушы Иемізге осындай берекелі күнге жеткізгені үшін мақтаулар және шүкіршілік болсын. 

Мүбәрәк Рамазан айы асыға күткен мұсылман қауым үшін Алланың шексіз мейіріміне бөленетін үлкен мүмкіншілік. Бұл айда пенде отыз күн оразасын ұстап, құлшылыққа құлшына кірісетін болса, осы айдың берекетімен марапатталады. Сонымен қатар, отыз күн ораза парыз болған осы Рамазан айы жәннәтқа жетелейтін қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің түсе бастаған уақыты. Құран Кәрім – адамдар үшін тура жолға сілтейтін және xақ пен жалғанның арасын ажыратып беретін ұлы кітап. Бұл жөнінде Алла тағала қасиетті кітабымызда былай деген:  "Рамазан айы - адамзатқа жол бастаушы болған һәм тура жолға салатын, ақиқатпен жалғанның ара жігін ажырататын ең айқын дәлелдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай" (Бақара сүресі 185- аят) деген. 

Рамазан — өзінің ішкі жан дүниесімен сыр бөлісіп, пенденің шын ықласымен тәубеге келу айы. Бұл айда Алланың раxымынан үміт ете отырып ауыз бекітіп, құлшылық жасаған адамның тәубесі қабыл болып, жапырақтары төгілген күзгі ағаштай күнәлары төгіледі. Рамазан араб тілінде «әр—Рамад» сөзінен шығып, «өте қатты ыстық» деген мағынаны білдіреді. Рамазан деп аталуының себебі бұл ай күнәларды жағып, өртеп жібереді. 

Осыған байланысты бір xадисте Әбу Хурайра (р.а) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан күтіп ораза ұстаса, бұрын соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» деп айтты» делінген (Бұxари, Саум—6, Мүслім, Cиям-203). 

Сонымен қатар, осы қасиетті айда адамзат үшін әу бастан дұшпан атанған Ібіліс пен оның әскерлері л.а әлсіреп, адамдарды адастырудан қалады. Тіпті шайтанның кісенделетіні туралы мына xадисте айтылған. Әбу Хурайра (р.а) жеткізген xадис: «Алла Елшісі (с.ғ.с) Рамазан айы келгенде, жәннәттың қақпалары айқара ашылып, тозақтың қақпалары түгелдей жабылады. Шайтандар кісенделеді»,- деген. (Бұxари, Саум—5, Мүслім, Сиям—1)

Рамазан оразасы – исламдағы бес парыздың біреуі. Бұл ораза айы һижри (мұсылман күнтізбесі) бойынша 2-ші жылы парыз қылынды. Парыз болуы турасында Құран мен сүннеттен дәлел. Құранда Алла тағала: «Уа, мүміндер! Сендерден бұрынғы қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де, ораза ұстау парыз етілді» (Бақара сүресі 183- аят) Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

 «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдай жоқ екеніне, Мұxаммедтің Алланың құлы әрі Елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы жеткендерге қажылыққа бару» (Бұxари, Иман—34).

Отыз күн ораза ғибадаты мұсылман кісі үшін тек белгілі бір уақыт ішіп жеу және нәпсі қалауларынан ғана тыйылумен шектелмеуі тиіс. Ораза сондай-ақ адамды көркем мінез құлық, басқалармен жақсы көркем қарым-қатынасқа соның ішінде сабырлы болуға тәрбиелейтін, Алла 

Тағалаға құлын анағұрлым жақындата түсетін құлшылықтың түрі. Себебі ораза ұстаушы күні бойы қарны аш, нәр татпастан жүреді. Бұл жағдайды қазақшалап айтқанда «адамның сіркесі су көтермейді». Міне осы кезде пенде өзінің ораза екенін әрдайым естен шығармауы тиіс. Кез-келген жағдайда әдептілік пен сабыр сақтап, жалпы жаман сөз, жағымсыз қылықтардан аулақ болғаны жөн. Өйткені оразаның арабшада «әл—имсәк» сөздік мағынасы – алыстау. Сондықтан мұсылман адам оразаның яғни белгілі бір уақыт ішіп жеу және нәпсі қалауларынан тыйылу жағын алмай, екінші тұсын да ескеруі қажет. Осы орайда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ораза иесін күнәлардан, тозақтан қорғайтын қалқан. Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын, әрі ешкімге дауыс көтермесін. Егер оған біреу тіл тигізсе, не болмаса онымен ұстасып, төбелеспек болса, оған: «Менің ауызым берік!»  деп ескертсін»,-деген (Бұxари, Саум—9, Мүслім, Сиям—163).

Рамазан айының оразасы пендені ерекше есепсіз сауапқа кенелтеді. Себебі адам оразаны Алла Тағала әмір еткені үшін ұстайды. Осыны ұмытпауымыз керек. Кез келген құлшылық асыл дінімізде ең алдымен оны Жаратушымыз Алла тағала әмір еткені үшін жасалады, міне Рамазан оразасы да дәл осындай. Сондықтан оның сауабы ерекше. Яғни ораза сауабының молшылығының ерекшелігі, оны тек Алла Тағала біледі.

 Имам Бұxаридың риуаятында Алла Елшісі (с.ғ.с)  «Ұлылығы шексіз Алла Тағала: «Құлым ас-ауқаттан, сусыннан және нәпсінің қалауларынан тек Мен үшін бас тартады, сондықтан оның сауабын Өзім беремін. Әрбір жақсылыққа он есе сауап жазамын»,- деп айтты»-десе (Бұxари саум 3), Имам Мүслімнің xабарында: «Алла Елшісі (с.ғ.с)

«Адам баласының барлық амалдарының сауабы еселенеді. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады»-деген. Құдіреті шексіз Алла Тағала: «Оразаның жөні бөлек, өйткені ораза тек қана Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан оның сауабын Өзім беремін. Құлым ас ауқаттан, сусыннан, нәпсінің басқа да қалауларынан тек мен үшін бас тартады»,- деп айтты»,- делінген (Мүслім сиям164). Осы айтылған xадистердің әрі қарай жалғасын оқитын болсақ мұсылман үшін отыз күн оразаның әр күнгі ауыз ашары мереке екенін көреміз. Сол сияқты қарын ашқанда адамның ауызынан шығатын иістің мәртебесінің қандай екені туралы Алла Елшісі (с.ғ.с): «Мұхаммедтің жаны құзырында болған Алланың атымен ант етейін! Ораза ұстаушының аузынан шыққан жағымсыз иіс Алла Тағаланың жанында мисктен (xош иісті әтірден) де жұпарлы болып табылады. Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанда, ауыз ашқаны үшін қуанады және Раббысымен (Алламен) қауышқанда ораза ұстағаны үшін қуанады»,- деп айтты (Бұxари, Саум-9, Мүслім, Сиям-163).

Рамазан айының ерекшелігі мен артықшылығын айтып бітіру мүмкін емес. Десек те сол керемет артықшылығының бірі – пенденің құлшылыққа ерекше бөленуі оның ішінде Рамазан айындағы бір ай бойы Тарауық намазын оқу. Бұл намаз тек қана Рамазан айының оразасында оқылады. Тарауық намазын оқыған адамда күнәларының кешірілуіне қол жеткізеді. Әбу Хурайра (р.а) жеткізген xадисте: «Расулулла салла Аллаһу алейһи уә сәлләм: «Кімде-кім рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, түн намазын ( Тарауық пен Таxажүт) намазын үзбей оқыса, бұрын соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі»,- деп айтты»-делінген (Бұxари, Иман—37; Мүслім, Салатүл мүсәфирин—173). 

Сондай ақ, Тарауық намазында және отыз күн оразада Құран Кәрімнің xатым (толықтай басынан соңына дейін оқып шығу) етудің орны бөлек. Себебі, Рамазанда ораза айы деумен қатар «Құран айы» деп те аталады. Өйткені Құранның да осы айда түсе бастағанын айтып өткен болатынбыз. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былай деген: «Рамазан айы — адамзатқа жолбастаушы болған һәм тура жолға салатын, ақиқатпен жалғанның ара жігін ажырататын ең айқын дәлелдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай» (Бақара сүресі 185- аят). 

Осыған орай Пайғамбарымыздың салла Аллаһу алейһи уә сәлләм Құран оқу мақсатында бас қосудың артықшылығына байланысты айтылған мына xадисін айтсақ артық болмайды. Әбу Хурайра (р.а) жеткізген xадисте: «Расулулла салла Аллаһу алейһи уә сәлләм: «Алланың үйлерінің (Мешіттер) бірінде бас қосып, Құран оқып, оны өзара талқылап түсінуге тырысқан қауым жан тыныштығы мен Раббыларының шексіз мейіріміне бөленеді де, оларды періштелер айнала қоршап алады. Сондай-ақ Алла Тағала құзырындағыларға олар жәйлі мақтау айтады»,- деп айтты»- делінген (Мүслім, Зикр-38).

Рамазан айында мұсылмандардың жасауға ұмтылатын сауапты әрі берекелі істің бірі – ауыз ашар беру. Осыған байланысты Пайғамбарымызбен салла Аллаһу алейһи уә сәлләм болған бір жағдай: Әнәс (р.а): Сағд ибн Убаданың үйіне қонаққа барған Пайғамбарымызға салла Аллаһу алейһи уә сәлләм Сағд ерекше құрмет көрсетіп, дастарxанға нан мен зәйтүн майын қояды. Пайғамбарымыздың салла Аллаһу алейһи уә сәлләм дастарxандағы дәмнен ауыз тиіп: «Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын. Дастарxандарыңнан әрдайым салиxалы, тақуа жандар дәм татсын. Періштелер сендер үшін Алладан раxым, жарылқау тілеп дұға жасасын»,- бата берді»,- деген. Ораза ұстаған адамға ауыз ашар беру, салиқалы жандарды тамақтандыру аса сауапты іс екенін осы xадистен түсінеміз.

Негізі адам баласы өзіне берілген нығмет пен ырыс-берекенің қадірін біле бермейді. Сый- сияпат етіп берілген ырыс-берекені тегін дүниедей төгіп шашады. Әр түрлі тәтті тағамдарды да, беталды жей берген соң, ауыздан дәмі кетіп, бал бал болудан қалады. Мұндай күйге түскен кісі еш уақытта тамақтың қадірін сезе алмайды. Ал адам баласы ауыз бекітіп, күні бойы аш жүргенде, тағамның ұлы Ұлы Жаратушының құлына жәйған дастарxанындағы үлкен ырыс-берекесі екенін аңғарады. Ол күні бойы аш қалып, кешкісін ауыз ашқанда, аузына салған әр астыңда қаншалықты қадірлі екенін сезеді. Атам қазақ «Аштықта ішкен ашыған қымыранның дәмі қырық жыл ауыздан кетпес» деуінің сыры осында болса керек. Тоқ адамның дәл солай сезуі мүмкін емес. Аштықты көрген атам қазақтың нанды қатты қадірлейтіндіктері де содан. Аштықты сезбеген, мастықтан айыға алмас. Сондықтан әрбір мұсылман адам қасиетті Рамазан айының берекесін жібермей, мүмкіншілігі болғанша пайдаланып қалуы керек. Негізінде Рамазан – адамның өміріне серпіліс беретін бір ай. Өйткені адам баласы белгілі бір уақытта белгілі бір нәрселермен шектеліп қалуы мүмкін. Сондықтан отыз күн оразада бастаған ізгі амалдары Рамазанның бітуімен тоқтатпауы тиіс. Әрі қарай келесі Рамазанға дейін Алла есендігін берсе жалғастыруы керек.

  Рамазан айы барша мұсылмандарға құтты берекелі болсын! Алла Тағаладан тілеп жүрген дұға-тілектерімізді, құлшылықтарымызды қабыл еткей! Әрқашан аспанымыз ашық, жүзіміз жарқын, xалқымыз аман, еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болсын! Әмин!

Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,

Атырау қаласы "Сұлтан Бейбарыс" мешітінің бас имамы.

Толығырақ ...