Рамазан айшықтары: Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте бүлдіршіндер арасындағы Құран жарысы өз мәресіне жетті
- Бөлім: Жаңалықтар
islam-atyrau.kz/2 маусым, 2019 жыл. Бүгін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте бүлдіршіндер арасындағы Құран жарысы өтіп, өз мәресіне жетті.
Қасиетті айдың соңғы күндерінде ұйымдастырылған сайыс негізінен Атырау қаласы аумағын қамтыды. Барлығы алпыс бала тіркелген сайыста үміткерлер үш номинация бойынша бақ сынасты.
Отыз пара бойынша Құран жарысында Дарын Ринатұлы топ жарды. Бірінші орынды иеленген бүлдіршінге 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды. Екінші орын және 75 мың теңге көлеміндегі сыйақы Рамазан Аманжолұлына бұйырды. Абдулла Даниярұлы үшінші орынды және 50 мың теңге көлеміндегі сыйақыны иеленді.
"Дұха" мен "Нәс" сүрелері бойынша бірінші орын Мұхаммед Мұхтарұлына бұйырды. Осылайша, жүлдегерге 75 мың теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды. Абдулла Серікұлы мен Алтынбек Қадырбекұлы екінші және үшінші орындарды өзара бөлісіп, 50 мың теңге және 30 мың теңге көлеміндегі сыйақыны алды.
Құранды мәнерлеп, көркем оқу номинациясында ылғи қыз балалар жоғары деңгейден көрінді. Арайлым Қасымқызы бірінші орынға лайық деп танылды. Осылайша, оған 50 мың теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды. Жансая Аманқызы мен Зайнаб Қалыбекқызы екінші және үшінші орындарды иемденді. Бұл жүлдегерлерге 30 мың және 20 мың теңге көлеміндегі сыйақы берілді.
Бұдан бөлек, ынталандыру сыйлығы есебінде он бір үміткерге велосипед таратылды. Және жарысқа қатысқан өзге де бүлдіршіндерге самокат сыйға берілді.
"Жүлденің жалпы қоры 1 миллион теңге құрады. Бұл жерде атсалысып отырған демеушімізге алғысымыз шексіз. Жарыстың мақсаты - қасиетті Рамазан айында жас буынды Құранға баулу, рухани тәрбие беру. Сайысқа қатысу арқылы, бүлдіршіндеріміздің жүрегінен Құранға деген махаббатты оята алдық деп сенеміз. Қатысушы үміткерлер бұл сайысқа бір ай бойына дайындалды. Балалардың сауатын ашуға мешітіміздің ұстаздары тікелей атсалысты" дейді Атырау қаласы, Жұлдыз едімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.
Айта кетелік, бүлдіршіндер арасында өткен рухани бәйгеге орталық "Иманғали" мешітінің бірінші наиб имамы Мұрат Мұстафаев, орталық мешіттің ұстаздары Хусейн Кая және Ерболат Боханов, сондай ақ, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы қазылық етті.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.