Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Тәуекел ету - иманнан

Әлемдердің Раббысы, Жер мен Көкті жаратқан, Мейірім мен Кешірім иесі болған, мұңсыз, мұқтажсыз Аллаға сансыз мақтаулар болсын.

 Сүйікті Елшіміз, екі дүние Сардары Мұхаммедке сансыз салауаттар болсын.

Біз сөзімізді нұрлы иманның жемісі болған тәуекел атты мазмұнды ұғымнан бастамақпыз. Қасиетті Құран Кәрімде Аллаға Тағала тәуекел етудің маңыздылығы жайында бірнеше аятта баяндайды.

Құранның 61 сүресінде 70 рет қайталанып айтылатын тәуекел ұғымы расында маңызды тақырып. Тәуекел тақырыбының Тәңіріміз тарапынан тәрбиелік мақсатта қозғалған үлкен мәселе екенін айқындайды.

Бізді екі дүние бақытына қауыштыратын, ақ пен қараны ажыратып көрсетуші жолбасшы ретінде берілген Құран Кәрімде былай делінген:

قَالَتْ لَهُمْ رُسُلُهُمْ إِن نَّحْنُ إِلاَّ بَشَرٌ مِّثْلُكُمْ وَلَكِنَّ اللّهَ يَمُنُّ عَلَى مَن يَشَاء مِنْ عِبَادِهِ وَمَا كَانَ لَنَا أَن نَّأْتِيَكُم بِسُلْطَانٍ إِلاَّ بِإِذْنِ اللّهِ وَعلَى اللّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ

«Сонда пайғамбарлары оларға: Ия, біз бар болғаны сендер сияқты кәдімгі адам баласымыз. Алайда, Алла құлдарының арасынан қалағанын ерекше бір жақсылыққа бөлейді. Сондай-ақ, біздің Алланың рұқсатынсыз сендерге қандай да бір мұғжиза көрсетіп, дәлел келтіруіміз мүмкін емес. Шын мүміндер қашанда бір Аллаға ғана тәуекел етуі керек»[2].

Шынайы мүміннің тәуекелі мен жүрек сүйеніші жаратылғандар мен күш-құдіреті шектеулі жандарға немесе өз күші мен қабілет қарымына емес, құдіреті шексіз Аллаға болуға тиіс екенін осы аят бағдарлап беріп отыр.

Ал, енді кез-келген қайырлы істі істеуге бел байлаған сәтте, өз күшіңе, ақыл-ойыңа, тәжірибеңе ғана сүйеніп қоймай, тәуекел етіп, тағдырыңды Тәңірге тапсыруды мына аяттан байқаймыз:

 فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى اللّهِ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُتَوَكِّلِينَ

«Егер бір іске бел байласаң, Аллаға тәуекел ет. Сөзсіз, Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді»[3].

Тәуекел ету, қаласаң қолға алып, қаламасаң қоя салатын ерікті шаруа емес, нағыз мұсылман болам деген адамның бойынан үздіксіз табылуға тиіс сипат екенін Раббымыз баяндап береді:

إنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ إِذَا ذُكِرَ اللّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَإِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ آيَاتُهُ زَادَتْهُمْ إِيمَانًا وَعَلَى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ

«Асылында, нағыз мүміндер Алланың аты еске алынғанда жүректері толқиды, аяттары оқылғанда имандары артады әрі олар Раббысына барынша тәуекел етеді»[4]

Мұсылман адам барлық тілегін, қажетін, ниетін бір Алладан сұрап, тек Оған тәуекел етеді. Өзіне сенім артып кетуден сақтанып, Аллаға деген сенімі артады. Әлемдердің Раббысының алдында дәрменсіз, әлсіз екендігін толық мойындай отырып, Оның тағдырына разы болуды көздеп тәуекел етеміз. Бұлай болмаған жағдайда көптеген адамдар өзімнің білімділігімен, ептілігіммен табыстарға қол жеткізіп жатырмын деген оймен өзімшілдікке салынып кетеді. Сонымен тәуекел сөзі – араб тіліндегі түбірі «уәкәлә» етістігінен шығатын тәуәккул, яғни «сенім арту, істі басқаға тапсыру» деген ауқымы кең мағыналарды береді. Алдағы күнімізді болжап біле алмағанымыз сияқты ниет еткен ісіміздің нәтижесінің немен аяқталатындығын біле алмаймыз. Сондықтан, әрбір амалымызда барлық нәрсеге күші жетуші Аллаға тәуекел етуіміз Жаратушыға деген иманмен тығыз байланысты. Мысалы, диқан кісінің ерте көктемде жерді өңдеп, дән егіп, оны баптап болған соң, егіннің берекелі болуын Алладан сұрауы – тәуекелдің ең кәміл түріне жатады. Ал, керісінше еш әрекет етпестен «тағдырға тапсыра салып» әрекетсіз болуды дініміз құптамайды. Дана халқымызда «Жүрген аяққа жөргем  ілігеді», «Атыңды тұсаулап барып, Аллаға тәуекел ет», «Нар тәуекел» деулері тәуекел ұғымдарымен астасып жатыр.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) :

وعنْ أنسٍ رضيَ اللَّهُ عنه قال : قال : رسولُ اللَّهِ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم : «مَنْ قَالَ يعنِي إذا خَرَج مِنْ بيْتِهِ : بِسْم اللَّهِ توكَّلْتُ عَلَى اللَّهِ ، ولا حوْلَ ولا قُوةَ إلاَّ بِاللَّهِ ، يقالُ لهُ هُديتَ وَكُفِيت ووُقِيتَ ، وتنحَّى عنه الشَّيْطَانُ»

«Кімде-кім үйінен шығарда «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш-қуат иесі жоқ» десе, оған Алла тарапынан: «Тура жолға түсірілдің, бар қажетің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың», делінеді. Әзәзіл шайтан да одан алыс жүреді»,[5] - деген. Шынайы ниетпен тәуекел еткен пендесін Алла қараусыз қалдырмайды, оған жақсылықты нәсіп етеді. Осы үйден шығарда оқитын дұғаның үлгісін  отбасы мүшелері жатқа айтқанға дейін үйден шығар есікке іліп қойсақ та болады.

Сонда күнделікті оқып отырған адамның дағдысына айналады. Бұл да осы тақырыпқа қатысты  тәрбие тетіктерінің бірі. Тәуекелдің түп-төркіні себептер тұрғысынан алғанда дүниелік заңдылықтарға толықтай бағынуды аңғартады. Ислам тарихында есімі сақталған ұлық сахабалардың бірі Омар (Алла ол кісіден разы болсын) ғибратты сөзінде: «Сендердің ешбірің ризық алу үшін өз күшін салуды тоқтатпасын. «Ия Алла, маған ризық бер» деген сөздерімен шектелмесін. Аспаннан алтын мен күмістен жаумайтындығын сендер жақсы білесіңдер ғой»- деп, орамды ой қалдырған. Базбіреулер расымен де қоғамды, билікті, ағайынды кінәлап әрекетсіз күн кешіп, «екі қолға бір күрек ұстауға» енжарлық танытып та жүр. Бір істі бастайын десе, оған тәуекелі жетпей жүрген жандарға дана халқымыздың да ұлағатты өлең жолдары жігер беруі тиіс.

 

«Тәуекел түбі желқайық,

Мінесің де өтесің.

Уайым түбі тұңғиық,

Батасың да кетесің»   

«Мір тәуекел бұзады,

Мың қайғының қаласын.

Бір жылы сөз бітірер,

 Мың көңілдің жарасын»

Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өлең жырларындағы мына шумақтар да көңілге ой салады:

Бектерім, божырамай белдерің бу,

Қар шөгер қайрат - асқар, тәуекел - ту.

Сабыр етіп аясында отырсаңдар,

Құритын өз-өзінен уайым су.

 

Көбінесе күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен сары уайымға салынатындар мына хадистен жауап табамыз. «Бастарыңыз қимылдап тұрған кезде ризық, несібе жайында уайым қылмаңдар. Өйткені, адам баласы анасынан туылғанда қызылшақа болып дүниеге келеді. Содан кейін Алла оны түрлі ризықтармен ризықтандырады», - дейді.

 Ақиқатында дәрменсіз балалар мен ата-анасынан ерте айырылған жетімдердің ержетіп жатқандығы Құдіретті Алланың ризықтарымен болып жатқан көріністер.

 

Ардақ ЖҰМАБЕКҰЛЫ, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы, Атырау қаласы. 

Толығырақ ...

Атырау: Бас мүфтидің орынбасары Алау Әділбаев бастаған делегация Сарайшық қалашығына барды

    islam-atyrau.kz/27 маусым, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысына арнайы сапармен келген делегациясы сан ғасырлық тарихы бар Сарайшық қалашығына барып, тәу етті.

Бас мүфтидің орынбасары Алау Әділбаев, мүфтияттың шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқановтан тұратын делегацияны Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров бастап барды. Делегацияны жергілікті билік өкілдерімен бірге Махамбет ауданының бас имамы Ержан Иманғалиев қарсы алып, құрмет көрсетті.

Сапар аясында мәртебелі меймандар хан ордалы Сарайшықтың тарихымен танысып, осы аймақтарда дүниеден озған марқұмдардың рухына Құран бағыштап, құрбандық шалды.               

Одан әрі жергілікті Сарайшық музейінде таныстырылым өтіп, сапар соңы салиқалы сұхбатқа ұласты.

 

                                                                    

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...