Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атыраудың бас мешітінде жеті мыңнан астам жамағат айт намазын оқыды

islam-atyrau.kz/5 маусым, 2019 жыл.  Бүгін елімізде қасиетті Ораза Айт басталды. Атырау халқы ақ таңды Ораза айт намазымен қарсы алды.

Орталық «Иманғали» мешітінде оқылған Ораза Айт намазын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан Мансұров жүргізді. Осылайша, жеті мыңнан астам жамағат бір мезгілде имамға ұйып, құлшылық жасады.

«Күллі мұсылман қауымы отыз күн оразадан кейін шәууәл айының бірінші күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Айлардың төресі, барша мұсылман баласы үшін қасиетті  Рамазан айы қайырымдылық, құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік айы болса, Ораза айт осы айдың шүкіршілігі ретінде өткізілетін, екі ұлық мерекенің бірі» дейді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.

Әдемі киініп, бір-біріне ақ тілектерін ақтарған жамағатқа қасиетті мереке құрметіне мешітте айттық дастархан берілді. Осы мақсатта мешіт ауласында бірнеше киіз үй құрылды.

Бұл мереке бүлдіршіндер үшін тіптен ерекше жағдай жасап жатыр. Мешіт ауласына балалар үшін батут, екі бірдей карусель орнатылды. Бұдан бөлек, бүлдіршіндерге таң ертеңгісімен екі мың балмұздақ таратылды.

Сонымен бірге, мешіттің ерлер жамағаты арасында кір тасын көтеру, қол күрес, қазақша күрес спорттық ойындары бойынша жарыс өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Мемлекет басшысы Тоқаев Қазақстан мұсылмандарын Ораза айт мерекесімен құттықтады

Құрметті отандастар!

Барша мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы – күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке. 

Ораза айт күндері әр мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді.

Ізгі ойлар мен игі істер өзара түсіністік пен келісімге бастайды, адамдарды ортақ мақсат-мүддеге жетелейді.   

Қазақстан – бейбіт өмір мен жасампаздықтың мекені. Өзге діни сенімдерге құрмет, толеранттылық пен адамгершілік құндылықтар – халқымызға тән игі қасиеттер.  

Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді.  

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!  

Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін!

Ораза айт құтты болсын!

 

Толығырақ ...

БАС МҮФТИ: ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! (+ ВИДЕО)

Қадірлі отандастар, құрметті бауырлар!

Баршаңызды күллі мұсылман үмбетінің ұлық мерекесі – ораза айтпен құттықтаймын. Әр отбасына бақ пен береке, бірлік пен игілік тілеймін. Алла Тағала отыз күн тұтқан оразамызды, жасаған құлшылық-ғибадатымызды, берген садақымызды, барша игі ималымызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай!

Жаратушы Жаббар Иеміз:

«Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...» – деп сүйінші хабар жеткізген.

«Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу», «қарымта» деген мағыналарды білдіреді. Алла Тағала барша отбасына берекетін жаудырып, қасиетті рамазан айында ыждаһаттылықпен ауыз бекіткен жамағаттың қуанышын арттырғай!

Ораза айт – отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, кішкентай бүлдіршіндерге, ағайын-туыстарға сыйлық үлестіріп, оларды қуанышқа бөлеу – мерекенің сәнін арттыра түсетін игі іс. Жабырқаған жанды демеп, қарияларды қуанышқа бөлеп, көмекке мұқтаж адамның алғысы мен батасын алу – ол да сауапты амалдың бірі.

Айт күнінде толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Намазға барудан бұрын құрмадан дәм тату – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы.

 

Құрметті қауым!

Рамазан айында мешіттерімізде ауызашар беріліп, қайырымдылық іс-шаралар жүзеге асты. Көпбалалы отбасылар мен көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалды. Осынау игі іске үлес қосқан барша жомарт жандарға алғыс айтып, Алла разы болсын деймін.

Ораза айт мерекесі құтты болсын! Алла Тағала дұға-тілегімізді, қасиетті айда жасаған қайырлы амалымызды, берген зекет пен пітір садақамызды қабыл еткей!

Әрбір отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Раббымыз рамазаннан рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!

Толығырақ ...