Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жетімдер елге аманат

Әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға мақтау-мадақтар болсын, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) оның отбасына және сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

   Жетім сөзінің тілдік және шарғи мағынасы: әкесінен айрылған, балиғатқа жетпеген бала не қыз дегенді білдіреді. Жетім сөзінің түпкі мағынасы «жалғыздық» дегенді білдіреді. Яғни, жетім деп асырап, бағатын әкесінен айрылып, жалғызсырауына байланысты солай аталынған. 

Алайда Ислам діні барлық әлсіздерге қамқор болғаны секілді оған да қорған болды. Асыл дініміз жетімдерге жақсылық жасауға нұсқап, оларды жәбірлеуден тыяды, оған жамандық жасап, оның құқықтарын бұзғандарды тозақ азабына тап болатындықтарымен қорқытады. 

Алла Тағала Құран Кәрімде жетімдерге қаталдықпен танытып, оларға жақсы қарамайтын, мүдделерін қорғамайтын жандарды қатаң түрде сөгіп былай дейді: 

كَلَّا بَل لَّا تُكْرِمُونَ الْيَتِيمَ      

«Жоқ, олай емес. Сендер жетімге жақсылық қылмайсыңдар» (Фәжір, 17).

 أَرَأَيْتَ الَّذِي يُكَذِّبُ بِالدِّينِ * فَذَلِكَ الَّذِي يَدُعُّ الْيَتِيمَ 

«Дінді өтірікке шығарғанды көрмейсің бе? Жетімді қақпайлаған, міне, сол» (Мағұн, 1,2). 

Сондай-ақ, Ислам діні жетімнің мал-мүлкіне жақсы қарап, оның құқығына қол сұқпауды міндеттеді. Дәрменсіздің мал-мүлкін жалған жолмен пайдаланып, аманатқа қиянат жасауға қатаң түрде тыйым салды. Жетімнің өкіліне оның мал-мүлкін аман сақтап, есейген шағында өзіне тапсыруға бұйырды. Құран Кәрімде жетімді қорғау туралы көптеген аяттар бар. Алла Тағала былай дейді: 

وَآتُواْ الْيَتَامَى أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَتَبَدَّلُواْ الْخَبِيثَ بِالطَّيِّبِ وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَهُمْ إِلَى أَمْوَالِكُمْ إِنَّهُ كَانَ حُوباً كَبِيراً «Сондай-ақ, жетімдерге мал-мүліктерін беріңдер, жақсыны ласпен алмастырмаңдар, олардың малдарын өздеріңнің малдарыңа қосып жемеңдер. Расында ол үлкен күнә» (Ниса, 2); 

وَابْتَلُواْ الْيَتَامَى حَتَّىَ إِذَا بَلَغُواْ النِّكَاحَ فَإِنْ آنَسْتُم مِّنْهُمْ رُشْداً فَادْفَعُواْ إِلَيْهِمْ أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَأْكُلُوهَا إِسْرَافاً وَبِدَاراً أَن يَكْبَرُواْ وَمَن كَانَ غَنِيّاً فَلْيَسْتَعْفِفْ وَمَن كَانَ فَقِيراً فَلْيَأْكُلْ بِالْمَعْرُوفِ فَإِذَا دَفَعْتُمْ إِلَيْهِمْ أَمْوَالَهُمْ فَأَشْهِدُواْ عَلَيْهِمْ وَكَفَى بِاللّهِ حَسِيباً 

«Жетімдерді үйлену жасына жеткенше сынаңдар. Егер олардан бір естиярлық көрсеңдер, малдарын өздеріне тапсырыңдар. Олар есейгенше мал-мүліктерін ысыраптықпен асығыс жемеңдер. Кім бай болса, тартынсын, ал кім кедей болса, әділдікпен жесін. Қашан оларға малдарын тапсырған кезде куәгерлер келтіріңдер. Алла есепшілікке жеткілікті» (Ниса, 6). Егер жетімнің мал-мүлкін қадағалаушы не оның өкілі өте жарлы адам болса, еңбегінің ақысына оның малынан пайдалануына рұқсат етіледі. Ал егер ол шектен шығып, ысырап қылатын болса, онда Қиямет күні оның қарны жалындаған тозақ отына толтырылады.

Жетімдерді асырап алып, оларға жақсы қарайтын жанұя ең ізгі, ең қайырлы жанұя болып есептеледі. Ол турасында  мынадай хадис бар. 

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »خَيْرُ بَيْتٍ فِي الْمُسْلِمِينَ بَيْتٌ فِيهِ يَتِيمٌ يُحْسَنُ إلَيْهِ، وَشَرُّ بَيْتٍ فِي الْمُسْلِمِينَ بَيْتٌ فِيهِ يَتِيمٌ يُسَاءُ إلَيْهِ«. رَوَاهُ ابْنُ مَاجَهْ.

 Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Мұсылмандардың үйлерінің ең қайырлысы жақсы қаралатын жетімі бар үй. Ал мұсылмандардың үйлерінің ең жаманы жәбірленетін жетімі бар үй». Ибн Мәже риуаят еткен. Алла Тағала бізді жетім-жесірді жебеп, бір-біріне жақсылық қылатын шынайы мұсылмандардан етсін! Жетімдерге зәредей жәбір көрсетуден сақтасын!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қоғамдағы жабырқау көңілділерге деген қоғамдық міндеттердің дұрыс орындалуын табандылықпен ұсынатынды. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с): «Жетімнің басынан тек Алла үшін сипаған жанға оның қолы тиген әрбір тал шашы үшін жақсылық жазылады. Өзіндегі жетім қызға немесе жетім балаға жақсылық қылған жан және Мен жәннатта мынадай боламыз», – деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткен. 

 Жүрегінің қаттылығынан мазасызданған бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп, өз хәлінен шағымданды. Алла Елшісі (с.ғ.с) оған ем ретінде: «Егер, жүрегің жұмсарсын десең, кедейлерді тойғыз, жетімнің басын сипа!», – деп өсиет айтты.

       «Жетімдік» Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеге жетім болып келуінің арқасында бұл дүние мен о дүниеде абырой мен ұлы мәртебеге бөленді. Ақын Мехмед Аслан мына өлең шумақтарында жетімнің жайын былай  суреттеген:

                Жетімнің иесі Алла,

                Жетімді ренжіту күнә

                 Жетімді әлсіз деп ойлама,

                 Жетімнің көз-жасы – қару!

Сондықтан да  жетімдерге қамқорлық жасау әр саналы мұсылман жанның міндеті болса керек.

Арман ИСАЕВ,

 «Жылыой мұсылмандар» орталық   мешітінің бас имамы. 

Толығырақ ...

Жат ағым бірлікке емес, бүлікке алып барады

Тәуелсіздік алып, өз алдымызға туымызды тіккен күннен бері сонау ғасырлар бойы халқымызға сіңісіп кеткен саф алтындай таза ислам діні елімізде қанатын кеңге жайып келеді. Жер-жерден мешіттер салынып, имандылық ошақтары халық игілігіне жұмыс жасауда. Десекте, соңғы кездері елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарастарға үйлеспейтін түрлі пікірлер, ұстанымдар шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде. Әуеліде періштедей көрінген бұл ағымдар уақыт өте келе «жылтырағанның барлығының алтын емес» екендігіне көзімізді жеткізгендей болды. Қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде исламның құндылықтары күнделікті өмірде өз орнын алғаны белгілі. Алла тағала «Ниса» сүресінің 59-аятында: «Ей, мүміндер! Аллаға, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріңе бойұсыныңдар», – деп бұйыруда. Міне, осы қағидатқа бабаларымыз қашан да берік болып, бөлінуге жол бермеді.

Қазірде осы ежелден халқымыз дәріптеп, құрметтеген дінімізге де күдікпен қарайтын дәрежеге жеттік. Алғашқы кездері дін адамдары мен діни кітаптарды көргенде қуана да, құрметтей қарасақ, қазір үмітімізден гөрі күдігіміз басып барады. Бұған себеп соңғы кездері бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін діни ағымдардың жымысқы әрекеті.

 Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдардың қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдар, дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біле бермейді. Ал мұның салдарынан түрлі діни ағымдардың жетегінде кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі әбден мүмкін. Сонымен қатар, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру. Алайда Алланың Елшісі (с.ғ.с.):  «Алла сендерден үш нәрсені ұнатады, олар: 1. Аллаға ғана ғибадат ету, Оған басқаны серік қоспау; 2.Түп-түгел Алланың жібіне жабысып, бөлінбеу; 3.Сендерге басшы болғандарға мойынсұну», – дейді. Дәстүрден тыс діни ағымдардың түпкі ниеті біреу-ақ, ол - қарапайым адамдарды өз мақсат-мүдделеріне пайдалану, сол арқылы материалдық игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу.

Енді осы ағымдар қарапайым адамдарды қандай айла-әдістермен еліктіретініне тоқталайық. Біріншіден, жаңадан қабылданған "шәкірт" теріс ағым мүшелерінің психологиялық қысымына ұшырайды. Бізден басқа мұсылманның барлығы «адасқан, кәпір» деген сияқты әпсананы құлағына құяды. «Ғасырлар бойы аталарымыз ұстанып келген дәстүрлі ислам қате. Аталарымыз теріс жолда болған. Олар Құдайға серік қосып, күпірлікте болды. Қазақтардың исламы бидғатқа толы. Оларды тазалау керек» деп теріс пікірлерді санасына сіңіреді. Екіншіден, дәстүрден тыс діни ағымдар мүшелері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, өз бетінше бөлектене бастайды. Ал өзін қоршаған ортадан, отбасынан, қоғамнан тысқары жүрген адам уақыт өте келе "ұстазының" айтқандарының анық-қанығына ой жүгірту, оны шынайы өмірмен салыстыру мүмкіндігінен айырылатыны түсінікті жәйт. Үшіншіден, қауіпті ағымдар мүшелерінің ойлау қабілетін тежейтін түрлі әдістемелерді қолданады. Мәселен, бір сарынды ұстаздардың уағызын тыңдатып, психологиялық тәуелділікке ұрындырады. Ол өзінің бұрынғы отбасынан алған қадір-қасиеттерін, тәлім-тәрбиесін тәрк етіп, сол ағымға ұнамды бейнені қабылдайды. Мұның соңы бөлінуден басқа ешнәрсеге алып бармасы анық. Ата-бабаларымыздың ұстанған жолы - береке мен бірлік болды. Ал, дініміз ислам мұсылмандардың басқа жолдарға бөлінуіне қарсы. Алла Тағала бұл жайлы былай дейді: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят).

Сондықтан қазіргі таңда біздің қоғамдағы ислам бағытындағы ең үлкен қайшылық уахабизм, сәләфизм пікірін ұстанушылармен жүріп жатыр. Барлық нәрсенің исламның алғашқы ғасырындағыдай қарапайым болуын қалап, айналасындағыларға уағыздап, қарапайым мәззаб ұстанушыларға да қарсылықтарын көрсетіп бағады.

Ал, нағыз мұсылман адам біріншіден сабырлы болуы керек. Екіншіден, ешкімге қарсы кәпір, күнәһар деген сөздерді қолданбасы анық. Өйткені Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қорқытпаңдар сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар жеңілдетіңдер», - деп бұйыруда. «Ең жақсы мұсылман – басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтін», - дейді келер бір хадисінде.

Демек соңғы кездері халқымыздың ішіне ірткі салып жүрген діншілдер мен ғалымсымақтар ешқашан біздің мүддемізге сай келмейді, оларда діни мүддеден гөрі саяси мүдде басым. Халқымыз «іштен шыққан жау жаман» демекші, мұндай көзқарасты ұстанушылар исламның атын жамылатындықтан, тек қана атын жамылу емес тіпті құран және хадистерден өздерінің істеріне дәлел келтіретіндіктен, олармен күрес басқа жат діни ағымдармен күресуден қарағанда өте күрделі және нәтижесі барынша төмен болуда.

Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын, дін үйретушілерден барынша сақтану қажет. Шынында діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді қазақ. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, мешітке барып имамнан ақыл сұрағанымыз абзал. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты сайттар жұмыс жасауда. Дін істері агенттігі мен діни басқарма тарапынан мақұлданған діни әдебиеттеріміз көп. «Иман» журналы, «Ислам және өркениет» газеті халық игілігі үшін шығарылуда. Демек, дін тұрғысында дымсыз жүрген ел емеспіз. Аллаға шүкір, білікті білімді дінтанушылар, имамдар, ұстаздарымыз бар. Осының барлығы елдің игілігі мен халық мұратына жұмыс жасауда.

Дін - мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – біз ұстанған ислам дінінің басты мұраты, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Олай болса, жат ағымның бірлікке емес, бүлікке алып баратын жол екенін ұмытпайық, ағайын!

 

Батыржан Мансұров,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

Толығырақ ...

Құран Кәрім хикметі немесе иғжаз сыры

«Иғжаз» сөзінің мағынасы бір кісіні шарасыз қалдыру, біртіндеп ашу деген мағынаны білдіреді. Оның терминологиялық мағынасы да жоқ емес. Құран Кәрімнің ұлық пайғамбарымызға (с.ғ.с) түскендіктен, тілдік-шешендік жағынан болсын, шариғат жағынан болсын, яки ғайыптан хабар беру жағынан болсын, оның екінші бір ұқсасын келтіруден бүкіл адамдардың шарасыз, әлсіз екендігін білдіреді.

Алла Тағала адамзатқа түсірген соңғы кітабын ең көркем түрде араб тілінде түсіруді мақсат еткендіктен, бұл тілде сөйлейтін адамдарға Құран түспей тұрып, қаншама ғасырлар бұрын сөйлесудің көркемдігін, сөздің көркемдігін және әдебиет көркемдігін бағыштаған. Арабтар әртүрлі жарыстар өткізу арқылы бұл салада тер төгіп, тілдерінің одан сайын дамуына септігін тигізіп, нәтижеде бұл тіл, иләһи сөзді танытуға себеп болатындай тілдік байлыққа әрі кереметтілікке қол жеткізеді.

Ғасырлар зулап өткеннен кейін осының арқасында арабтарда көркем сөйлеу ең тамаша өнерге айналады. Ақындар мен шешендер, көпшілік арасында мақтауға лайықты көзді қызықтыратын бір дәрежеге жетеді. Осының салдарынан хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) көрсеткен мұғжизалардың ең үлкені әрі сөздердің ұлығы иләһи сөз – Құран Кәрім болды.

Адам баласын өзге жан иелерінен ерекшелеген ең басты сипаттары – ақыл, ұғым, түсінік және баяндау (сөйлеу) болған соң әрине, ең соңғы түскен әрі ең керемет кітап болған Құран Кәрімнің мұғжизалық жағы да ақыл, баян және ғылым саласында ортаға шыққан. Өйткені хақ Тағала былай дейді:

«Рахман Құранды үйретті. Адамды жаратты. Оған баяндауды (сөйлеуді) үйретті» (Рахман, 1-4).

Құран Кәрімнің теңдессіз иғжазы жайында тілді зерттейтін ғалымдар небір еңбектер жазып, бұл еңбектерінде өте құнды пікірлерді алға тартқан. Біз мұнда бұлардың бірнешеуіне ғана тоқталып кетпекпіз. Алла Расулы (с.ғ.с.) пайғамбарлығын мәлімдегенде кәпірлер: «Оған Раббы тарапынан неге мұғжизалар түсірілмейді?..», – деп қарсы шығады.

Алла Тағала оларға былай деп жауап  қайырады: «...Оларға «Мұғжизалар тек Алланың ғана қасында. Мен болсам тек ашық ескертуші ғанамын» де. Әрине, оларға оқылып жатқан Кітапты саған түсіргеніміз өздеріне (мұғжиза ретінде) жетіп аспай ма? (Одан артық мұғжиза бола ма?) Күдіксіз Құранда, иман келтірген қауым үшін, әрине рахмет және насихат бар» (Ғанкәбут, 50-51).

Құранның иғжазы: көркемдігі және баяндау әдісі, мағынасының кеңдігі, қарастырған негізгі мәселелерінің адамзатты қанағаттандыруы, ғайыптан хабар беруі, әрқашан өзектілігін сақтауы, шариғат саласындағы үстемдігі сияқты көптеген тұстарда көрініс табады.

Құранның мұғжизалағының ең көзге түсер әрі маңызды тұсы көркемдіктен (балиғат) және баяндаудан тұрады. Балиғат дегеніміз негізгі мақсатқа, тақырыпқа және қарсы алдындағының жағдайына қарап дәл ыңғайлы әрі орынды сөз айту. Құран Кәрімде сөз қозғалған бүкіл мәселелерде бұны ең тамаша бір түрде жүйеге қойған.

Құран Кәрім – тіл байлығы жағынан да ең керемет кітап. Тілдік байлығы  жағынан да, мағынасы жағынан да титтей де кемшілік табу мүмкін емес.

 

Мұрат Мұстафаев,

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы

Толығырақ ...