Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда қыз балалар "Иманды балдырған" және "Орамалдағы арулар" ауысымында сауат ашуда

islam-atyrau.kz/9 шілде, 2019 жыл.   Орталық "Иманғали"  мешітінде ерлер жазғы сауат ашу курсымен қатар, қыз балаларға арналған жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастаған болатын.

 

"Иманды балдырған" және "Орамалдағы арулар" атты екі ауысыммен (7 мен 10 жас аралығы түске дейін, 10 жастан жоғары 15 жасқа дейінгі қыздар түстен кейін) білім алып жатқан шәкірттерге жан-жақты жағдай жасалуда.

Қыздар дәрісінің ерекшелігі сол - шәкірттер аптаның төрт күнін дәріске, жұма күнін демалыс уақытына арнайды. Яғни, жұма күні шәкірттерге рухани сағат ұйымдастырылып, нәзік жандармен әр түрлі ойындар ойнатылады.  

"Жұма - мұсылмандар үшін қасиетті саналған күн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде "Мен дұғалардың қабыл болатын сағатының қай уақытта екенін білуші едім, бірақ Қадір түні сияқты бұл да маған ұмыттырылды", - деп Жұма күнінде дұғалардың қабыл болатын арнайы бір сәттің бар екенін айтады. Міне, сондықтан мүмкіншілік болса, жұма күнін толықтай Құран оқу, намаз оқу, салауат айту сияқты ғибадатпен өткізу керек. Сондықтан, балалардың есінде жұма қасиетті күн ретінде сақталсын деген ниетпен, бұл күнді көтеріңкі көңілмен шағын мереке етіп, өткізуге арнадық. Бұл күні жас шәкірттер Ұлы Жаратушыны ұлықтап, жаттаған сүрелері мен салауаттарын жарыса бірнеше рет айтып, әр дәріс сайын жаттаған дұғаларын қайталап, өзара ілім алмасады. Сондай-ақ, бір-біріне және ата-аналары мен басқа да мұсылмандар үшін, Отаны үшін арнайы дұға жасайды. Және де бұл күні орталық "Иманғали"  мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұровтың қолдауымен түрлі тәттілер мен дәмді сусындар таратылып,  түрлі көңілді ойындар ойнатылады" дейді мешіт ұстазы Жанаргүл Бекенова.

Жазғы сауат ашу курсы  екі айға шақталған. Енді курстың бір айлық мерзімін қорытындылау мақсатында  жас шәкірттер арасында "Ілім сайысы" ұйымдастырылғалы отыр. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

 

Толығырақ ...