Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мүмін құрма ағашына ұқсайды

Қасиетті Құран Адам баласының «تراب» топырақ, «طين» балшық, «صلصال» құрғақ топырақтан жаралғандығы жайлы (Әли Ғимран, 95; Әнғам, 2; Хұжыр, 26; Мүминун, 12; Рум, 20; Рахман, 14; Фатыр, 11) бірнеше жерде кеңінен тоқталған.

Алла Тағала: «Ол күллі затты аса шебер жаратты. Адамның жаратылысын балшықтан бастады. Содан соң оның нәсілін арзымас судың негізінен (мәниден) жаратты»[1] десе, Алла Елшісі (с.ғ.с): «Ақиқатында Алла Адамды (а.с) жер бетінің барлық топырағының жиынтығынан жаратты. Содан кейін Адам балалары ақ, қызыл, қара түсті, жақсы және жаман, жұмсақ және қатты болып жер бетінің әртүрлі топырағынан жаралған»[2] деген.

Ибн Кәсир: Алла Тағала Адамды (а.с) топырақтан жаратқан. Демек, сендердің негіздерің – топырақ. Содан кейін шәһуат тамшысынан, одан кейін ұйыған қаннан, одан кейін кесек еттен, соңында адам бейнесіндегі сүйекке айналдырып, сүйекті етпен қаптады. Сосын жан бітірді. Адам баласы анасының құрсағынан әлсіз болып дүниеге келді. Уақыт өткен сайын қимыл-әрекеті, күш-қуаты кемелдене түсті. Бара-бара қалалар, қорғандар салды. Төрткүл дүниеге тарап, теңіздерде сапар шекті. Кәсіп етіп, мал жиып, түрлі мамандықтың иесі болды. Әркім еңбегіне қарай, ақыл-парасатына сай дүние және ақырет істерін игерді. Олар жақсы-жаман, бай-кедей және бақытты-бақытсыз болып әртүрлі дәрежеге бөлінді. Сол себепті Алла Тағала:«Сендерді топырақтан жаратқандығы, одан кейін адам болып (жер жүзіне) таралуларыңның өзі де, Оның (құдіретінің) белгілерінің бірі»[3] деген[4].

Қазақ халқы «Тегін білмеген тексіз», «Жеті атасын білмеген жетерсіздіктің белгісі» деп тегіміз болған Адамды (а.с) білу, ол Адам (а.с) жаралған топыраққа мән беру керектігін ұқтырса керек. Ислам ғұламаларының: «Топырақ бол, гүл өссін» деген қанатты сөзі де Адам баласының топырақтан жаралуы мен адам болып өмір сүруінің арасында тығыз байланыстың жатқандығын бірнеше мағынада талдап қарауға болатын сияқты бізше.

Топырақ – кішпейілдіктің символы. Неге дейсіз-ғой?! Біз көбінесе көзтартарлық көрініс, әдемі үй, жақсы машина, тағы басқаларға таңғала қарап жатамыз. Алтын-күміс, гауһар тастармен өмірдің байлығын өлшейміз. Алайда біз «бағалы» деп білген бұл нәрселеріміз, тіпті өз жаратылысымыз, ішкен-жеген тамақтарымыз, киген киімдеріміз, жер асты, жер үсті байлықтарымыз, т.б барлығы да топырақтан шығады. Соған қарамастан біз көп мән бермейтін, әрдайым табанда тапталып, ескерусіз жататын топырақтың өзіне емес өзгеге, (өзінен шығатын) күллі жаратылыс атаулыға тіршілік сыйлап тұратыны ақиқат еді.

Демек, мағынаға толы Адам баласының топырақтан жаралуы дана Абайдың: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың»[5] деп айтқанындай кішпейілдікті ту етіп, өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүру құлдық жолы.

Мұның дәлелі – Адам ата (а.с) мен Хауа ананың өмірінде тыйым салынған ағаштың жемісін жеуден болған[6] жазатайымдық ісінің жүз беруі еді. Алайда, қолымен істегенін мойнымен көтеру пайғамбар сүннеті екенін білген Адам (а.с) тәубесіне келіп, Жаратушысынан кешірім сұрап, адамға тән кішіпейілдік танытуымен кеңшілікке ие болса, Ібіліс Аллаһтың: «Адамға сәжде (құрмет) қылыңдар»[7] деген әміріне қарсы шығып, қателігін танудың орнына мен-мендігі арта түсті. Бұл ісі оны Алла Тағаланың азабына ұшыратып, лағынетіне ұрындырды. Адамзат өмірінде алғаш көрініс тапқан бұл оқиға бізге кішпейілдік Пайғамбар жолы, тәкәппарлық Ібіліс жолы екенін ұқтырады.

Топырақ – қияметтің хақтығын растайды. Бүкіл өсімдіктердің күзде қурап топыраққа айналуы, келесі жазғытұрым бойларына жан кіріп, топырақ қойнауынан тіршілік есігін қайта ашуы мәңгілік ақырет өмірін растайды. Шортанбай Қанайұлы:

Атамыз Адам пайғамбар,
Топырақтан жаралған.
Мұсылман, кәпір, халайық,
Сол Адамнан таралған.           

Ұрлық пенен қорлықтан,
Өтірік, ғайбат, зорлықтан,
Бойыңды тартып тек жүрсең,
Көрмессің деген залалды. 

Белгісі деген бейіштің,
Жазғы салқын самалды.
Тәркі деген тамұқтың,
Қысқы суық амалды
[8] - деп,
Адамның (а.с) топырақтан жаралғанын, адамзаттың сол кісіден таралғанын айта келіп жазғы әдемі көріністі Жұмаққа, ызғарлы қыстың суығын Тамұққа теңеген.

Яғни, бұл «егістік алаңы» болған дүние өмірі әркімге – тамыры топырақты терең бойлаған өміршең ағаш тәрізді.     

Жер бетінде көптеген жаратылыстар жылдар, ғасырлар өтуімен топыраққа айналып, жоғалып кетеді. Соның ішінде кейбір ғасырлар бойы жемісін беретін құрма ағаштары да бар. Міне, бұл мүмін құлдың ұқсасы. Абдуллаһ ибн Омар: Алла елшісі (с.ғ.ғ): «Ақиқатында мұсылманның ұқсасы болған жапырағы түспейтін бір ағаш бар. Маған оның қандай ағаш екенін айтыңдаршы? – деді. Әркім ойына келген сахараның түрлі ағаштарын айтып, құрма ағашынан ауытқып кетті. Сол кезде менің (Абдуллаһ) ойыма құрма ағашы келді. Бірақ, (жасы үлкендер тұрғанда) айтудан ыңғайсыздандым. Содан кейін олар: Уа, Алланың елшісі! Ол қандай ағаш – десті. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с): Ол, құрма ағашы – деді»[9] деген.

Қасиетті Құранда: «Расында Мен жер жүзінде халифа жараттым»[10] деп адам баласын Өзінің жер бетінде халифасы етіп жарату сыры да – сауабы қияметке дейін таусылмайтын келелі іске лайық өмір кешу болса керек. Себебі, қиямет күні ізгі амалы болмаған жан: «Әттең, бүйткенше топырақ болып-ақ қалсамшы»[11] деп  бұл дүниеде, соңы топыраққа айналып кететін өзге хайуандардың қатарында немесе топырақтың өзі болмағанын аңсайтындығ айтылған. Яғни, адам баласының Алла разылығы үшін істеген ісі ғана өзге жаратылыстан үстем етіп, абыройын асқақтатпақ. 

[1]Сәжде, 7-8 аят.
[2]Әбу Дәуіт, Термизи.
[3]Рум, 20-аят.
[4]Мұхтасар Ибн Кәсир, 2-том, 262-бет.
[5]Абай шағармаларының екі томдық толық жинағы, 2-том, 123-бет.
[6]Бақара, 36-аят.
[7]Бақара, 34-аят.
[8]Он ғасыр жырлайды, 200-201 бет.
[9]Шархү ән-Нәуәуй ғәлә Мүслим, Китәбү сифатил қияма, 63-хадис.
[10]Бақара, 30-аят.
[11]Нәбә, 40-аят.

Толығырақ ...

Серікбай қажы Ораз ақтөбелік жамағатпен кездесті

  islam-atyrau.kz/21 тамыз, 2019 жыл.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Ақтөбе облысынан келген бір топ мешіт жамағатымен жүздесті.

Кездесуге ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлы, мүфтият қызметкерлері қатысты.

Еркін басқосуда Бас мүфти бір мәзһабты ұстанудың хикметі, қазіргі мұсылман жамағатының бірлігі, отбасы құндылығы, діни алауыздықтың зардабы, діни сенім туралы заңның талаптары мен міндеттері, мүфтияттың діни ұстанымы мен жолы туралы әңгімелеп берді.

«Біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Ұлтпен қатар өмір сүріп келе жатқан дініміз, өміршең діліміз, тамыры терең тарихымыз бар. Біздің мақсатымыз – Ислам өркениетінің дамуына қызмет ету, елдің игілігі үшін еңбек ететін қабілетті, байсалды, діни ағымға алданып кетпейтін, дін мен дәстүрді үйлестіріп, өнегелі өмір салтын жаңғыртатын зиялы ортаны қалыптастыру. Біз «әһлі сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Алла Елшісі көпшілікпен бірге болуды өсиет еткен», – деп атап өтті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Кездесу барысында жиналған жамағат көкейде жүрген сауалдарын қойып, өз ойларымен бөлісті.

Басқосу соңында Бас мүфти ҚМДБ-ның «Отбасым» сериясымен шыққан бірнеше кітапты сыйға берді.

 

 
Толығырақ ...

Бас мүфти ҚМДБ қызметкерлері мен өкіл имамдарға алғыс жариялады

 islam-atyrau.kz/21 тамыз, 2019 жыл.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз наиб мүфтилерге, Аппарат жетекшісіне, бөлім меңгерушілері мен өкіл имамдарға алғыс жариялады.

«Құрбан айт – мұсылман үмбетінің ұлы мейрамы. Айтулы күнді лайықты түрде атап өту, мерекелік іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларды ұйымдастыру – дін қызметкеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Аллаға шүкір, осы жылғы қасиетті Құрбан айт қарсаңында жоспарланған шаралар жоғары деңгейде жүзеге асты. Ақпараттық насихат, қайырымдылық, ұйымдастыру-үйлестіру, т.б. бағыттар бойынша тапсырмалар тиянақты орындалды. Сіздер бұл істе ыждаһаттылық пен жанашырлық таныттыңыздар. Өз атымнан баршаңызға айрықша алғысым мен риясыз ризашылығымды жеткіземін. Алла разы болсын!
Жаратушы Иеміз ізгі істер мен игі шараларда бас қосып, діннің қамында, елдің болашағы жолында аянбай еңбек ете беруді нәсіп еткей! Отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге береке тілеймін!» – делінген Бас мүфтидің алғыс хатында.
Толығырақ ...

Ғайбат, жала жабу ұнамсыз іс

  Ғайбаттың сөздік мағынасы біреудің сыртынан жағымсыз,жарамсақ сөз айту. Бір адамның бойындағы кемшіліктерді басқа біреуге оның сыртынан айтуды «ғайбат» дейді.

Жала жабу деп - адамның сыртынан оның ар - намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз. Жалада шындық болмайды.

Қазақта «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар» деген сөз бар. Ғалымдар жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр екендігін айтқан. Себебі, жала жабуда өтірік қоса араласып жүреді. Әбу Һурайрадан  р. а  жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ғайбаттың, жала жабудың не екенін ұқтыру үшін айналасындағылардан:  «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме, - деп сұрайды. Олар: «Оны Алла және Алла Елшісі жақсы біледі»деп жауап қатады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ғайбат деген - бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың» деді. Сонда біреуі: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше ?», - деп сұрақ қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал, егер бойында болмаса, онда жала жапқаның»  - деп жауап берді. (Имам Муслим).

Алла Тағала Құранда ғайбаттың, жала жабудың үлкен күнә екендігі жайында былай дейді: «Мүмін еркектер мен мүмін әйелдерді жоқтан өзгемен ренжіткендер, анық сол жаланы және үлкен күнәні  өз мойындарына артқан болып есептеледі». («Ахзаб» сүресі, 58 аят).

Тағы бір аятта:  «Бір - бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма ? Иә бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар...»Хужурат» сүресі, 12 аят).

Мүмін адам өзге біреуді жамандаудан, ғайбаттаудан, жала жабудан, кемшілігін іздеуден барлық лас істерден аулақ болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Кім Аллаға және қиямет күніне иман еткен болса, жақсы сөз сөйлесін  немесе үндемесін»деп айтқан. Алла Тағала жүректерімізді бірлестіріп, кәміл мұсылман болуымызды, Пайғамбарымыз Мұхммедке (с.ғ.с) лайық үмбет болуды нәсіп етсін.

 Қайрат ХАЙРУЛЛИН,

«Мәулімберген» мешітінің наиб имамы.

Толығырақ ...