Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

  islam-atyrau.kz/25 қыркүйек, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Мәскеу қаласында өткен "Ислам жаһандық әлемде: Мұсылман мирасы мен мәдениетаралық диалог" атты халықаралық конференцияда баяндама жасады.


"Біз, дін қайраткерлері сындарлы сәттер мен сын-сағаттарда бір-бірімізге көмекші болуымыз керек. Алла Тағала баршамызды осындай берекелі басқосуларда кездестіріп, игі де ізгі істің басы-қасында болуды жазғай! Жаратушы Иеміз Құранда бұйырғандай, жақсы істе, тақуалықта бір-бірімізге көмекші болуды нәсіп еткей!" - деп атап өтті.


Конференция жұмысына қазақстандық делегация тарапынан ҚМДБ Төрағасының Бірінші орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлы да қатысты.

 

 

Толығырақ ...

Мақат ауданында жамағат құрметіне айлық отырыс болып өтті

islam-atyrau.kz/25 қыркүйек, 2019 жыл.  Мақат ауданына қарасты Доссор кентіндегі «Доссор мұсылмандар» мешітінде ауданға қарасты мешіт жамағаттарына арналып айлық отырыс болып өтті.

Мақат аудандық орталық мешітінің Бас имамы Біләл Сағындықов арнайы келген шараға орталық «Иманғали» мешітінің ұстазы Ерболат Боханов және Жылыой  аудандық орталық мешітінің ұстазы Дастан Сүлейменов құрметті қонақ ретінде шақырылды.

Мешітте оқылған құптан намазының алдында Жылыой  аудандық орталық мешітінің ұстазы Дастан Сүлейменов  «Ақыретке иманның пайдалары» тақырыбында уағыз айтты. Сондай-ақ, құптан намазы бітісімен жайылған дастархан басында  «Иманғали» орталық мешітінің ұстазы Ерболат Боханов ұстаз  «Жамағаттың ауызбіршілігі және ұстаздарға құрмет» тақырыбында уағыз жүргізді. «Мұсылман мұсылманға бауыр саналатындықтан, таныса да, танымаса да сəлемінің түзу болмағы шарт. Өкінішке қарай, қазір базбіреулер нанымнан адасып, ағымға бөліне бастады. Қазақта «бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз бар. Сондықтан, жамағат арасында ауызбіршілік пен таныстық нығаюы маңызды» деп атап өтті ұстаз  Ерболат Боханов.

          Кездесу соңында  Мақат аудандық орталық мешітінің Бас имамы Біләл Сағындықов арнайы уақытын бөліп келген ұстаздарға және ауданға қарасты мешіт имамдарына мақаттық мұсылмандар атынан алғыс айтты. Дін жолындағы жауапты қызметтеріне береке тіледі. 

 

Мақат аудандық орталық мешітінің баспасөз – қызметі. 

Толығырақ ...

Неке қиюдың дініміздегі орны

Барша мадақ-мақтаулар ұлы Раббымыз Алла Тағалаға болғай! Жаратқанның игілігі мен сәлемі ардақты Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.)- ке, оның отбасына, сахабаларына, сондай-ақ барша игі мұсылмандарға болғай!

Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Неке ер мен әйелдің өз еріктерімен өмір бойы бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін материалдық-рухани байланыс.

Ислам дінінде отбасын құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Неке қиюдың өз алдына тиісті шарттары бар. Ал, некесіз екі жастың қосылуына Ислам діні қатаң тыйым салады. Қазіргі күнде кейбір жастар некеге мән бермей, бастауын батыстан алатын азаматтық некеге әуестеніп алған. Мұны неке деп те айтуға ауыз бармайды, мұнда ешқандай жауапкершілік те жоқ. Бір-бірін сынау мақсатында бір шаңырақта есеппен өмір сүреді. Бүгінгі күні осындай жалған некеден қаншама адамдар зардап шегуде. Оның салдарынан мыңдаған отбасылар бұзылып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық артып, қауіпті аурулар пайда болуда. Ал, адамзатты адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын Ислам діні болса неке қиюды діннің талабы етіп қойған. Неке – отбасын құрудың негізі, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті. Неке – ер мен әйелдің өз еріктерімен бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін байланыс.

Алла Тағала Құран кәрімде: «Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» делініп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді. (Зарият сүресі, 49-аят). Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің хадистерінің бірінде: «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройдың жоғалуынан ең жақсы қорғайтын нәрсе» -деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады.

Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілген. Шариғатымызда: «неке – шаңырақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуы» болып саналады. Яғни, неке қидыру дегеніміз – үйленуге кедергісі жоқ екі жастың куәгерлердің алдында сөз байласуы арқылы адал жолмен қосылып, перзентті болып, шаңырақ көтеруі деген ұғым.

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) айтады: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Адам баласы некеге тұру арқылы иманын кәміл етеді. Иманын кәміл ететін некеге немқұрайлы болудан Алла Тағаладан қорықсын!»-деген, міне, сондықтан да Ислам дінінде неке адам өміріндегі маңызды бір құлшылық іспетті. Неке ұлы сауаптарға жетелейтін ғибадат болып саналады. Ибн Хуммам (р.а.): «Неке ғибадатқа етене жақын. Үйлену –құлшылық үшін бойдақ қалудан әлде қайда жоғары», - деген, үйленуде Алла тағаланың алдында құлшылықтың бір түріне жататыны белгілі. Сонымен қатар үйлену жауапкершілікті талап қылатын адам баласының өмірінің бір негізі ол – отбасын құру, одан ізгі ұрпақ өрбіту.

Алла тағала Құран кәрімде: «Сендерге өз араларыңнан жұбайлар жаратып, сүйіспеншілік пен мейірім салуы да Алланың белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көп ғибрат бар» (Рум сүресі, 21-аят) делінген. Ендеше, үйлену, отбасын құру адамның жаратылысымен астасып кеткен бір нығмет. Дана бабаларымыз: «Отан отбасынан басталады» десе, халқымыз: «Ақ неке», «Адал жар» деген ұғымдармен отбасының, некенің қасиеттілігін ардақтай білген.

Әрбір жанұя өзінше бір Отан. Оның басшысы отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер адам. Адамзаттың абзалы ардақты Елші Мұхаммедтің (с.а.с.) хадисінде: «Ер кiсi отбасының бақташысы. Сондықтан да ол  –  қол астындағыларға жауапты»,—деген.(Бұхари, Мүслим). Отбасы босағасының берік, шаңырағының биік болуы, ондағы жанұя мүшелерінің тату-тәтті өмір сүруі – бір-бірлерінің алдындағы құқықтар мен міндеттерді орындауларына тікелей байланысты. Дана халқымыз: «Екi жақсы қосылса, өлгенiнше дос болады. Екi жаман қосылса өлгенiнше өш болады», –деп тектен тек айтпаса керек. Ерлі-зайыптылардың түндігі бүтін, түтіні түзу бақытты отбасы қатарынан табылуы үшін бір-бірлеріне қатысты құқықтар мен міндеттерді біліп, оларды іс жүзінде жүзеге асыруы қажет.  Өкінішке орай, «Үйлену оңай, үй болу қиын» – демекші, бүгінгі күнде ажырасқан отбасылар қатары көбейіп келеді. Бірін-бірі шынайы сүйеміз деп «екі жарты, бір бүтін» болып шаңырақ көтерген екі жастың арасына жік түсіп, бір-біріне деген ыстық сезімдерін жоғалтып, шаңырақтың шайқалуына нендей нәрсе себеп болды екен? – деген сауалдың астарында көбінесе ер мен әйел бір-бірлерінің алдындағы міндеттерін орындамаудан туындап жатады.

Ер мен әйелге қатысты міндеттердің ең маңыздысы асыл дінімізде көрсетіп және үйретіп кеткен. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерінде белгілі хақылары бар» - деп айтқан.  Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде: «Шын мәнінде, әйелдерiңнiң сендердiң алдында және сендердiң әйелдерiңнiң алдында тиiстi мiндеттерiң бар» - деп ескертті. Жаратқан Иеміз қасиетті Құран аяттарында, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл хадистерінде көрсеткендей мұсылман ерге әйелінің алдында бірнеше  міндеттері бар екенін көреміз.

Қазіргі кездегі кейбір жастардың отбасын құрып, оны сақтау мәселесіне атүсті қарап, тіпті оны ойыншыққа айналдырып бара жатқаны көңіл қынжылтарлық жағдай болып отыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрак хадистерінің бірінде: «Алла Тағала адал  еткен  істің  ішіндегі  ең  жағымсызы – ажырасу», (Байһақи)-деген. Демек, рұқсат берілген күнде де, талақтың Алла құзырында ұнамсыздығы мәлім болады. Ислам дінін үмбетіне жеткізіп, ең кемел бейнеде үйреткен Алла елшісі: «Ләззат алу  мақсатымен  ғана жиі-жиі әйел  ауыстырған  еркектерге, күйеуден  күйеуге  жүрген  әйелдерге  Алла  лағынет  етсін», - деп, отбасын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп кеткен болатын. Алла Тағаланың рұқсатынсыз тіпті бір жапырақ та үзілмейді. Солай болғанда тоғысқан тағдырлар иесі - ерлі-зайыптылар да Алланың тағдыры екендігі күмәнсіз. Жұбайының қиын мінезі немесе денсаулығының нашарлығы, ризық несібесінің тарлығы, күйбең тіршіліктегі көлденең шығып отыратын көп кедергілер де тек Алланың сынағы деп білген жөн. Перғауындай адамзат тарихындағы ең азулы Алла дұшпанымен бір некеде бола тұра Жәннаттағы сарайын тірі кезінде көріп сүйіншіленген Әсия анамыз бен пасық қауымның күнәсіна ортақ болған әйелдерді өз некесінде соңына дейін ұстаған Нұх, Лұт (Оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлардың өмірі бұл тұрғыда біздер үшін теңдессіз өнеге.

Айрылысуға не себеп болса да, тек шәһуат қуалаған арзан құмарлық болмауға тиіс. Бір отбасыны күйретіп кетпес бұрын мұны істемек болған адам Алланың алдында айтар уәжінің қандай болатынын ойлануы тиіс. Ең әуелі мынаны жақсы білуге міндеттіміз - ажырасу үкімі халал, яғни, рұқсат етілгенімен халалдардың ішіндегі Алла Тағалаға ең жек көрінішті амал болып есептелінеді. Ол тек басқа амалы қалмаған жұптарға шарасыздықтан жүгінетін ең соңғы шешім ретінде ғана берілген мүмкіндік.

Ақ некемен құрылған шаңырақ – Алланың адамзатқа сыйлаған мейірімі, оны сақтауға сіз бенен бізге әрқашан мүмкіндік берілген.  Сондықтан асыл дініміз насихат еткен некенің орны өте ерекше.

Қорыта айтар болсақ, неке қию – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін діни әрі ұлттық мәселенің бірі. Отанды құрайтын отбасы құндылықтарының бұзылуына жол бермеу еліне жанашыр әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс.  Алла Тағала елімізге амандақ, денімізге саулық, отбасыларымызға береке-бірлік бергей! Әумин.

 

Біләл САҒЫНДЫҚОВ,                                                                                      

Мақат ауданы орталық мешітінің бас имамы.

 

 

Толығырақ ...

Исламдағы тамақтану әдебі

           Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

«Ас - адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Шынында  солай, бұған ешкімнің таласы жоқ. Өйткені, ол - тәннің азығы. Сол себепті күнделікті үш мезгіл тамақтануымызды бойға қуат сыйлайтын Алланың нығметі деп білуіміз керек. 

Қасиетті Құран да Алла Тағала «Сендерге берген ризық-несібелеріміздің адалынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят),- деп әмір еткен. Мұсылман адам алдына келгенді, қолына түскенді жей алмайды. Әуелі астың адал әрі таза болуы қажет екенін Алла бізге бұйырған. 

Тамаққа отырмастан алдын және кейін қолды жуу - дініміздің тазалыққа құрылғандығын тағы да қайтара айтудың артықшылығы болмас. Олай болса, тамақтанудан алдын және кейін қолды жуу - тазалықтың және тән саулығының басты кепілі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Тамақтың берекеті ас ішуден алдын және кейін қолды жууда»,- деген.

Ас ішер алдында «Бисмиллә» сөзін айту -  әуелі мұсылман адам күнделікті өмірінде алдына ас келгенде немесе ұсынылған қандай да бір тағамды жеместен алдын «Бисмилләһир-рахманир-рахим» (Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын) деп айтуы тиіс. Ішіп-жеп болған соң «әлһамдулилләһ» (Аллаға шүкір) деп айту сүннет. Себебі ардақты Пайғамбарымыз өсірген перзенті Омар б. Әбу Сәләмәға (р.а.): «БаламБисмиллә айт. Оң қолыңмен же. Әрдайым алдыңнан же», - деп тәрбие берген.

Астан кемшілік іздемеу: адам қонаққа шақырылса, Пайғамбар хадисіне сай берілген астан кемшілік іздемей, асты таңдамау керек. Алла Елшісі аста ешқашан кемшілік іздемейтін. Тәбеті болса ішіп жейтін, тәбеті болмаса, жемейтін еді.

Асты оң қолмен жеу: шариғат бойынша мұсылман адам сол қолымен ішіп-жеуіне болмайды. Олай жасауы мәкрух. Әрине мүгедектік, науқастық секілді үзірлі жағдайдағы жанға мүмкіндігіне қарай ас ішуге рұқсат етіледі. Мұндай тыйым дені сау мұсылман үшін айтылған. Мәселеге  қатысты ардақты Пайғамбарымыз бір хадисінде былай деген:

 «Сендерден ешбірің сол қолымен ішіп-жемесін. Өйткені, шайтан сол қолымен ішіп-жейді»

Тағамды аз жеу: мұсылманға жарасатын амалдың бірі құлшылығы мен тіршілігінде сергек әрі мықты болуы үшін аз тамақтану болмақ. «Тоқ адамды ұйқы басады, аш адамнан ұйқы қашады» демекші, тоқ адамның нәпсісі жалқаулыққа, күнәға, әдепсіздікке, тәкаппарлыққа, дүниемен жарысуға итермелеуі мүмкін. Шайтан ондай жанға өте жақын болады. Егер шайтан ондай жанға үстемдік етсе, адам күнәлі істі шімірікпестен жасайтын болады. Сондықтан бабаларымыз «Аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деп бекер айтпаған. Мұсылман адам әдепке сәйкес ішіп жейтін асын тойып жемегені дұрыс.

Миқдам ибн Мағдикарибтен (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі былай деді: «Адам баласы асқазаннан да жаман бір ыдысты толтырған емес. Адам баласына белін көтеруге жетерлік бірнеше үзім ас жеткілікті. Егер қарынды тойдыру керек болса, онда үшке бөлсін: үште бірін тамақ үшін, үште бірін сусын үшін, үште бірін нәпсісіне (ауаға) қалдырсын».(Термизи)

Әнас (р.ғ) айтады: Пайғамбарымыз () тамақ жеп болысымен саусақтарын жалап, былай дейтін: «Егер біріңнің тамақтарыңнан бір түйірі түсіп қалса, қыл-қоқымын алып тастап, шайтанға қалдырмай, жеп қойсын». Және бізге ыдыстағы тамақты жалап жеп қоюға бұйырып, былай дейтін: «Шынында сендер тамақтарыңның қай жерінде береке бар екенін білмейсіңдер». (Муслим) Пайғамбарымыз () тамақты үш саусағымен жейтін еді, және, егер тамақтың бір бөлігі түсіп кетсе, оны алып, тазалап, шайтанға қалдырмай жеп қоюға бұйырды.

Тамақтан кейін дұға ету: Ардақты Пайғамбарымыз ішіп-жеп болған соң Алланың берген нығметіне, ризығына шүкірлік етіп көп дұға жасайтын. Сол себепті мұсылман баласы ас ішіп болған соң, өзіне ризық берен, ішкізіп-жегізген Аллаға шүкір етуі тиіс. Діні мен дәстүрін сабақтастыра білген бабаларымыз дастарханнан тұрмас алдын ас қайтарып, бата жасауды әдетке айналдыра білген.

 Ішіп-жеп болған соң айтылатын дұғалар қатарында мына бір дұға кеңінен тараған: «Бізді ішкізіп, жегізген және мұсылман еткен Аллаға шүкір».

Әнәс б. Маликтен (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі былай дейді: «Тамағын ішіп болған соң былай дұға еткен адамның өткен күнәлары кешіріледі: жұмсалған күш пен қуат маған тиесілі болмағанымен осы нығметті маған жегізген, маған рызық ретінде берген Аллаға мақтау болсын» (Тирмизи, Әбу Дауд)

 

Қорыта айтқанда, дініміз әмір еткен әрбір амал-әрекеттің белгілі мақсат-мүддесі бар. Сол амалды орындауда ниеттің орны айрықша. Тамақтану да сол секілді. Егер нәпсі үшін тойып тамақтансаңыз, сізге - ол зиян. Енді бойыма қуат болсын деп Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиет еткен мөлшермен жесеңіз болсаңыз, өзіңізді жеңіл, әрі еркін сезіне түсесіз. Сондықтан, тамақтанудың ең басты мақсаты - нәпсіні тойдыру емес, Аллаға деген құлшылығымызды еркін жасау үшін болғаны жөн. Алла отбасымызға амандық, денімізге саулық нәсіп еткей! Әумин.

Арман  ИСАЕВ,  

«Жылыой Мұсылмандар» аудандық

мешітінің бас имамы

Толығырақ ...