Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырау: Исатай ауданында жамағат арасында волейболдан облыстық турнир басталды

 іslam-atyrau.kz/25 ақпан, 2020 жыл.  Исатай ауданында Атырау облысы деңгейіндегі волейболдан турнир басталды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығы аясында Аққыстау ауылында өтіп жатқан облыстық турнирге Атырау қаласынан және мұнайлы өлкеге қарасты аудандардың мешіттерінен құралған барлығы тоғыз команда қатысуда.

Турнирдің ашылу салтанатына Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысты.

«Ислам – адамды жан-жақтылыққа тәрбиелейтін дін. Ислам құлшылықпен ғана шектелмейді. Ислам бірлік, ынтымақ, бауырмалдылықты арттыруды дәріптейді. Бұл ретте  спорт достық қарым-қатынасты жалғастырудың үлкен тетігі бола алады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі әлсіз мұсылманнан қуатты мұсылманның абзалырақ екендігін айтқан. Мұсылмандар неғұрлым спортпен айналысып, күшті болған сайын, соғұрлым ақыл-ойы, санасы дұрыс болады. Дұрыс ойлаған адамның өмір жолы қашан да ашық болады.

Біздің мақсатымыз – жат ағымның алдын-алуда жастар арасындағы бірлікті нығайту» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Іс-шараға Исатай аудандық ішкі саясат бөлімі, Исатай аудандық спорт бөлімі, жергілікті ақсақалдар алқасы өкілдері қатысып, командаларға сәттілік тіледі.

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

ҚМДБ: КЕЗЕКТІ ХАТТАМАЛЫҚ ЖИНАЛЫС ӨТТІ (ФОТО)

   іslam-atyrau.kz/25 ақпан, 2020 жыл.  Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен кезекті хаттамалық жиналыс өтті. Жиналысқа наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Бас мүфти кеңесшілері – Балтабай Мекежанов, Бижігіт Нұржігітұлы, бөлім меңгерушілері қатысты.

Жиналыста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асып жатқан 30 игі шарасын пысықтау, «Зекет» қоры жанынан еріктілер тобын құру, қоғам сұранысына орай қазақ, орыс тілінде танымдық кітаптар шығару, қажылық маусымында ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстарын жандандыру т.б. мәселелер талқыланды.

«Әр қызметкер өзіне міндеттелген функцияны асқан жауапкершілікпен орындауы тиіс. 30 жылдық мерейтой аясында атқарар іс-шаралар көп. Сол шараларға дайындық жұмыстарын күн сайын пысықтап отыруымыз керек. Хаттамалық тапсырмалар өз мерзімінде орындалсын» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Басқосу барысында ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев Орталық аппараттың ағымдағы жұмысы туралы Бас мүфтиге баяндады.

Толығырақ ...

МАРАТ БЕКТАЗИНОВ – АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ (ФОТО)

     іslam-atyrau.kz/25 ақпан, 2020 жыл.  Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Орталық аппаратының кезекті хаттамалық жиналысында уағыз-насихат және ақпарат саласына қатысты бірқатар жобалардың жоспары талқыланды.

Мәжілісте Бас мүфти насихат және ақпарат саласындағы жұмыстарды жандандыра түсу мақсатында ҚМДБ жанынан жаңа бөлім ашылғанын хабарлады. Ұжымға «Ақпарат және қоғаммен байланыс» бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазиновты таныстырды.

«Марат Дәлелханұлы талай жылдан бері діни салада қызмет етіп келеді. Тәжірибесі мен іскерлік қабілеті бар. Жаңа жұмысыңызға береке тілеймін. Өзіңізге жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тілектеспін», – деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

«Бектазинов Марат Дәлелханұлы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы қызметінен босатылып, ҚМДБ «Ақпарат және қоғаммен байланыс» бөліміне меңгеруші болып тағайындалсын», – делінген Бас мүфти бұйрығында.

 

Марат Дәлелханұлы Бектазинов

1982 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында дүниеге келген. 

БІЛІМІ:

Алматы қаласындағы «Тайба» қазақ-араб колледжі.

«Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті. 

ЕҢБЕК ЖОЛЫ: 

2000-2003 жылдары Аягөз қалалық қазақ лицейінің араб тілі және дін тарихы пәндерінің оқытушысы;

2003-2005 жылдары Аягөз қалалық орталық мешітінің ұстазы;

2006-2009 жылдары Алматы облысы, Қапшағай қаласындағы №1 «Кәусар» интернаты директорының орынбасары;

2009-2011 жылдары Қарағанды облыстық Орталық мешітінің ұстазы;

2009-2011 жылдары Қарағанды облыстық «5 канал» телеарнасындағы «Ислам: сауалдар мен жауаптар» бағдарламасының діни редакторы және жүргізушісі;

2011-2013 жылдары қажылық компаниясының менеджері;

2013 жылдың сәуір-қыркүйек айлары ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің маманы;

2013-2016 жылдары «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы;

2014-2016 жылдары «Астана медресесі» директорының бірінші орынбасары;

2016-2018 жылдары «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы;

2018-2019 жылдары Астана қаласы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығы басшысының орынбасары;

2019 жылдың мамыр айынан бастап республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы қызметін атқарды;

2020 жылдың 21 ақпанынан бастап Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен ҚМДБ «Ақпарат және қоғаммен байланыс» бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Толығырақ ...

ӨМІРБЕК БАЙГЕЛДІ БАС МҮФТИГЕ БАТА БЕРДІ (ФОТО)

    іslam-atyrau.kz/25 ақпан, 2020 жыл.  Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдімен сұхбаттасты.

Кездесуде тәрбиелі, отаншыл, еңбекқор, білімді жастар шоғырын қалыптастыру, дін мен ғылымның үйлесімділігін насихаттау, дін қызметкерінің зайырлы білімін жетілдіру, т.б. мәселелер кеңінен талқыланды.

Бас мүфтиді лауазымды қызметке сайлануымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізген Өмірбек Байгелді: «Сіздің ҚМДБ төрағасы болып сайлануыңыз тарихи оқиға деп санаймын. Бас мүфтилікке ешкім кездейсоқ келмейді. Білімі мен тәжірибесі үйлескен адам ғана сайланады. Өйткені, бұл – сонау пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан қасиетті жол, қастерлі іс. Алла Тағала жаңа жұмысыңызға береке берсін, деніңізге күш-қуат нәсіп етсін. Ақылдылық пен ұстамдылық – қос қанатыңыз болсын», – деп бата берді.

Өз кезегінде қоғам қайраткеріне алғыс білдірген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Сіз – қоғамдағы абыз ақсақалдарымыздың бірісіз. Сіздің өкшеңізді басқан ізбасарларыңыз елдің игілігі жолында қызмет етуде. Қарияда тәжірибе көп, ал жас адамда тәуекел басым. Осы екеуі көркем үйлесім тапса, көптеген іс-шараларды атқаруға болады. Алла Сізге де күш-қуат нәсіп етсін», – деген ақжарма тілегін арнады.  

Екі сағатқа созылған сұхбатта ҚМДБ Төрағасы Өмірбек Байгелді ақсақалға өмірде көргені мен түйгенін дін қызметкеріне түсіндіріп, имамдарға дәріс беруді, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесіне мүше болып, ортақ іс-шараларға белсене араласуды ұсынды. Ұсынысты қабыл алған ақсақал Діни басқарма қызметін әрқашан қолдайтынын жеткізіп, ағынан жарылды.

Толығырақ ...