Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Серікбай қажы Ораз: ЖАҢА БАСТАМАЛАРҒА ҰЙЫТҚЫ БОЛАДЫ

  іslam-atyrau.kz/7 ақпан, 2020 жыл.   Бүгін Елордада өткен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ Құрылтайында Серікбай қажы Ораз 300 делегат бірауыздан дауыс беріп, қолдау білдірген Бас мүфти туралы пікірін жеткізді.

«Наурызбай қажы Тағанұлы менің Бірінші орынбасарым ретінде халықаралық және республикалық деңгейдегі діни-ағартушылық бағыттағы жобалардың жүзеге асуына сүбелі үлес қосты. Діни салада тәжірибесі мол. Оның осы саладағы ынта-ықыласы, ерік-жігері көптеген мәселені шешуге ықпал етеді деп есептеймін.  Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарма жұмысын одан әрі жандандырып, жаңа бастамаларға ұйытқы болатынына сенемін» деп атап өтті С.Ораз.

 
Толығырақ ...

РАВИЛЬ ГАЙНУТДИН ЖАҢА БАС МҮФТИДІ ҚЫЗМЕТІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

  іslam-atyrau.kz/7 ақпан, 2020 жыл.   Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының және мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын лауазымды қызметке сайлануымен құттықтады. Ол бұл туралы Ресей мүфтилер кеңесінің ресми сайтында жариялады.

 
«Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлы бауырым! Ресей мұсылмандары діни басқармасы және Ресей мүфтилер кеңесі атынан Өзіңізді жоғары да жауапты қызмет – Қазақстанның Бас мүфтиі болып сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Ресей мүфтилер кеңесі, Ресей мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасында көпжылғы тығыз ынтымақтастық бар. Екі басқарма арасындағы жылдар бойғы бауырластық байланыс нәтижесінде көптеген жобалар мен бағдарламалар іске асты.

Біраз уақыттан бері сіз, қадірлі Наурызбай қажы Тағанұлы, құрметті бауырым Серікбай қажы Ораздың бірінші орынбасары ретінде біліміңіз бен парасатыңыздың арқасында көптеген қайырымды істердің жүзеге асуына мұрындық болдыңыз» дей келе Равиль Гайнутдин Бас мүфтидің жаңа қызметінде үмметіміздің бірлігі мен өркендеуі жолында жан аямайтын білікті басшы боларына сенім білдірді.

Толығырақ ...

ЕЛШІЛЕР НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫНА ҚҰТТЫҚТАУ ХАТ ЖОЛДАДЫ

 іslam-atyrau.kz/7 ақпан, 2020 жыл.    Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Юсуф Абделғани және Қазақстан Республикасының Кувейт мемлекетіндегі елшісі Дәулет Ембердиев ҚМДБ-ның жаңадан сайланған төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атына құттықтау хат жолдады.

«Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлы! Алланың сізге сәлеметі мен рақымы жаусын! Сіздің ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти қызметіне тағайындалуыңызға орай жолдаған құттықтауым мен жүрекжарды тілегімді қабыл алуыңызды сұраймын. Сіздің аса жауапты да қайырымды қызметіңіз бен игі бастамаларыңызға мол табыс, ал бауырлас Қазақ халқына ырыс пен құт береке тілеймін!» дей келе Иордания елшісі Юсуф Абделғани екі ел арасындағы достық байланыстың одан әрі дамуына тілекші боалтынан атап өтті.

Ал Қазақстанның Кувейттегі елшісі Дәулет Ембердиев: «Құрметті Наурызбай қажы! Сізді Діни басқарманың Төрағасы, Бас мүфти болып сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің тұрғындарының басым көпшілігі ұйыған қасиетті дінімізді нығайтуға, мұсылмандардың арасында дәстүрлі ислами құндылықтарды одан әрі бекітуге бағытталған жауапты қызметіңізде жаңа табыстарға, биік абыройға жете беруіңізге тілектеспін» деп ақжарма тілегін жолдады.

Толығырақ ...

ҚМДБ: КЕЗЕКТЕН ТЫС ІХ ҚҰРЫЛТАЙ ӨТТІ (ФОТО)

  іslam-atyrau.kz/7 ақпан, 2020 жыл.   Бүгін Елордада Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ Құрылтайы өтті.

Құрылтай жұмысына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, бұрынғы мүфтилер – Серікбай қажы Ораз, Ержан қажы Малғажыұлы, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы, ҚМДБ Төралқа мүшелері, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, еліміздің әр облысынан келген 300 делегат қатысты.

Құрылтайда ҚМДБ Жарғысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, Діни басқарманың құрылғанына 30 жыл толуына байланысты жүзеге асып жатқан 30 игі шараның жоспары пысықталды.

Құрылтай барысында Серікбай қажы Ораз Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасын ұсынды. Еліміздің әр облысынан келген 300 делегат Серікбай қажы Ораздың ұсынысын қолдап, бірауыздан дауыс беріп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфтилікке сайлады.  

 
Толығырақ ...

НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ БАС МҮФТИ БОЛЫП САЙЛАНДЫ (ФОТО)

   іslam-atyrau.kz/7 ақпан, 2020 жыл.   Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс ІХ Құрылтайында Серікбай қажы Ораз ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти қызметіне Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасын ұсынды.

Құрылтайға жиналған 300 делегат Серікбай қажы Ораздың ұсынған кандидатурасына бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфтилікке сайлады.

«Наурызбай қажы Тағанұлы менің бірінші орынбасарым ретінде көптеген игі жобаларды жүзеге асырды. Діни салада тәжірибесі мол. Наурызбай қажы Тағанұлының Діни басқарма жұмысын жандандырып, жаңа бастамаларға ұйытқы болатынына сенемін», – деп атап өтті.

Құрылтайға қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Серікбай қажы Ораздың 2017-2020 жылдары атқарған жұмысына оң баға беріп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, діни саладағы ортақ шараларды бірлесе жүзеге асыруға ниеттестік білдірді.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге берген сұхбатында: «Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300 делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Осы мерейтой аясында 30 мешітке ел игілігі жолында қызмет еткен тұлғалардың, соның ішінде әл-Фараби мен Абайдың есімін беруді, 30 елді-мекеннің ауыз су, жол-көпір мәселесіне оң ықпал етуді, 30 отбасыға қайырымдылық жасауды, 30 студентке грант тағайындауды, 30 мешітке күрделі жөндеу жүргізуді, т.б. игі іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап қойдық. Барша жамағатты сауапты істі бірлесе атқаруға шақырамын», – деп атап өтті.    

Айта кетсек, Наурызбай қажы Тағанұлы осыған дейін ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы қызметін атқарды.

 

ӨТПЕНОВ НАУРЫЗБАЙ ТАҒАНҰЛЫ 

1977 жылдың 13 наурызында дүниеге келген. 

Білімі

1993-1997 жылдары Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында оқып жоғарғы діни білім алған.

1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтын оқыған.

2009 жылы Мысыр Араб Республикасында қысқа мерзімде діни білімін жетілдірген.

2010 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетін сырттай оқып бітіріп жоғарғы білім алған. 2011-2013 жылдары аталған университеттің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

2017 жылдан бастап «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша PhD докторантурасында оқуда.

 

Еңбек жолы:

1997-2006 жылдары Республикамыздың түрлі мешіттерінде имамдық қызметтерді атқарумен бастау алған.

2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің Бас имамы.

2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының Бас сарапшысы.

2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы.

2018 жылдың шілде-қазан айлары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкілі имамы.

2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі,  Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы.

 

Еңбек жолындағы жетістіктері:

Наурызбай Тағанұлының тікелей жетекшілігімен 2002-2005 жылдары ШҚО, Аягөз қаласында орталық және «Жаңауыл» мешіттерінің құрылысы сәтті жүргізіліп, іске қосылған. 2010-2011 жылдары Қарағанды қаласындағы орталық мешіттің салынуына үлес қосқан. Қарағанды облысында «Сұлу әлем», «Нұрлы мінбер», «Жұлдызды гол» атты жобаларды іске асырған. Республикалық БАҚ беттерінде жарияланған көптеген діни, рухани-танымдық мақалалар мен «Үміт сәулесі», «Мазһабсызбен сұхбат» атты кітаптардың авторы.

 

Марапаттары:

«Құрмет» орденінің иегері, Аягөз ауданының құрметті азаматы, Қазақтан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы медалімен, Қазақтан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы медалімен, Қарағанды облысы әкімінің құрмет грамотасымен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.

 

Жеке өмірі:

Отбасылы, 4 баланың әкесі.

 
Толығырақ ...