Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ИСЛАМ ТАНЫМЫ ТАРИХПЕН ТАМЫРЛАС

Ұшса құс қанаты талатын байтақ жерімізді ислам дінісіз елестету мүкін емес. Дәл айтқанда қазақ халқының ислам дінімен байланысы сондай, құстың қос қанаты секілді әу бастан бір-біріне тіреу боп келеді. Тамыры терең тарихымызға үңілсек немесе мағыналы мәдениетімізге көз сүзсек бұл сөзіміздің шындығын айқын аңғарамыз. Өйткені, ислам діні қазақ даласына VII-VIII ғасырларда жетіп, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге бөтен-бейтаныс болмастан дереу салт-дәстүрімізге сіңісіп кетуі  осының дәлелі. Яғни, табиғатымыз, сеніміміз, тіршілігіміз, әдет-ғұрпымыз исламнан алшақ қалмаған. Бәлки ислам діні дала заңында қалыптасқан мәдениетімізді, танымы мол әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді толықтай мансұқтамастан өз шеңберіне қамти алды.

Аз-кем... Ислам діні – бейбітшілік діні. Күллі адамгершіліктің, ғылым мен өркениеттің, бірлік пен бейбітшіліктің діні. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың заманынан бері барша адамзатты сенім мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай ынтымаққа, тазалыққа шақырып келеді. Алла алдында қабылданатын дін тек ислам діні. Құран Кәрімде былай білдірілген: «Алла құзырындағы дін тек Ислам ғана» («әл-Имран» сүресі, 19-аят). «Кімде-кім Исламнан басқа дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де, ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» («әл-Имран» сүресі, 85-аят). Ислам дінінің ақиқат болғандығынан біз оны өз мұрамызға айналдырдық, мұратымыз еттік. Ғасырдан-ғасырға жалғанып, небір зұлмат заман жетсе де, асыл дінге сызат түсірмей бекемдігімізді танып келеміз.

Тарихқа қайта ойыссақ, 670-жылдары қазақ жерінде араб дін таратушыларының ықпалы жүрді. Діннің тазалығын насихаттады. Қазақ халқының да қожа-молдаларға деген құрмет-сыйы артты. Дәл бүгінгі күні де бұл үрдіс өзіндік құнын жоймастан сол замандағы қожа-молдалардың қазіргі ұрпағын халқымыз көкке көтеріп, құрметтеп бағуда. Мұны жеке басқа жасалған құрмет деп емес, бәлки асыл дінге, оны насихаттап жеткізуші арда ұстаздарға деген ілтипат деп білгеніміз дұрыс болар.

Тарихшылардың пайымы бойынша VIII ғасыр басынан Орта Азияда дін насихаты кең тараған. Сонау қарт Тараз жерінен бастау алған ислам оңтүстік өңірлерге бекіп, мешіт медреселердің кеңінен ашылуына, халықты дұрыс сенімге бағыттап, ғылым-білімге үндеп, жастарды арлы-ұяттылыққа үндеді. Тіпті X ғасырда Қарахан әулетінің билігімен бірге ислам мемлекттік дін мәртебесіне көтерілген.

Ислам дінінің бейбітшілдігі, тыныштықсүйгіштігі, ел ішінің ауызбірлігін қалауының арқасында халық арасында ешбір зорлық-зомбылық орын алмастан бейбіт тарала түсті. Арғы жағы Жетісу, бергі жағы Сыр бойындағы қалаларға жетті. Қазақ даласы имандылыққа бөленіп, исламның бесігінде тербелді. Діннің кең насихатталуымен өркениет алға жылжып, Орта Азияда адами құндылықтың дәрежесі артып, ғылым-білімге деген өрелі өріс ашылды. Мәдениеттің көкжиегі кеңіді. Соның арқасында әлемді аузына қаратқан, өздерін өзгелерге мойындата білген Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари және Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ұлы ойшыл-ғалымдар, діндарлар шықты.

Ислам діні қазақ ұлтының рухани бірлігін онан әрі бекемдеп қана қоймай, ішінара діни алауыздық дегенге мүлдем жол берген емес. Сонау ғасырдан жалғасып кешегі кеңес дәуіріне дейін қазақ даласының шариғи жолы – Имам Ағзам Әбу Ханифа мектебі ғана болып келді. Мұнымызды тарих толық қоштайды. Себебі XIV ғасырдың басында Алтын Орда тұсында ислам мемлекеттік дін болып жарияланған сәтте, Ханафи мәзһабы елдің ұстанар басты рухани негізіне айналған. Өйткені, бұл таңдаудың терең мәні бар еді. Сонымен қатар, ислам діні  мемлекеттің мүддесін көтерудің үлкен мұраты еді.

Тарихтың айналып соғары бар. Дәл бүгінгі дамушы ел болған біз ұстанған бағытымызды басқа арнаға бұрып, бірлігімізді бұзып, елдігімізді езіп, дінді дүбәра етіп көрсетуді мақсат еткен кей діни ағымдардың жымысқы әрекетін көз көріп, құлақ естуде. Алайда оған төтеп берудің бір жолы тарихпен тамырласқан ислами танымымыздан айнымау, ханафи мектебіне берік болу ғана. Сонда ғана біз өркениетті ел, рухы биік халыққа айналамыз. Мұны Діни басқарма ұстанған бағытынан айқын көріп келеміз.   

Тәуелсіз ел болған күннен бері бабалар ізі мәзһаб жолынан еш ажыраған емеспіз. Оның ішінде Ханафи мектебінен десек артық айтпаймыз. Қарап отырсақ, әлем халқының төрттен бірі мұсылман болса, соның 48 пайызы Ханафи мәзһабын ұстанады екен. Былай айтқанда, әлем мұсылмандарының жартысына жуығы ғой. Ханафи мәзһабын тоғызыншы ғасырдан бастап Үндістан, Қытай, Индонезия, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Кауказ елдері, Орта Азиямен қатар Қазақстан мұсылмандары ұстануда.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен болған бір кездесуінде: «Алла – хақ, Пайғабарымыз Мұхамед (с.ғ.с.), қасиетті кітабымыз  Құран болғанымен, әлем сүнниттері төрт мәзһабқа бөлінетінін білетін боларсыздар. Біз көптеген түркі халықтары сияқты Ханафи мәзһабына жатамыз. Мұның өзге мәзһабтардан артықшылығы – Ислам қағидаларына қайшы келмейтін ата-бабаларымыздың дәстүр салттарының да кеңінен қолдануында. Менікі дұрыс немесе мен білемін емес, түсіністік, бірлік қажет. Бұл біздің ортақ мақсатымыз», - деген болатын. Сондай-ақ, Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауының бірінде қазақ халқын «Ханафи мәзһабын ұстанатын сүнниттер» екендігін қадап айтуы да бекер емес.

Нәтижесінде  2011 жылы жаңадан бекітілген ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы бір  нәрсені айқындап берді. Заңның кіріспе сөйлемі: «Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады», - деп басталады. Осылайша рухани жолымыз өткен ғасырлармен тағы сабақтасып, бағытымыз айқындалып, еліміздегі әрбір мұсылман халқының ханафи мәзһабымен жүріп, тірлікте тату болу керектігі білдірілді.

Иә, ислам танымы ешқашан қоғамнан ажырап, өз алдына бөлектеніп қалған емес. Тарихта қалай, бүгінде солай. Керісінше тарихымызбен тамырласып, болмысымызға сіңіп, күнделікті тіршілігіміздің бір бөлшегіне айналғанын неге ауыз толтырып айтпасқа?!

Құдайға шүкір, зуылдап сол замандар өтті, тәуелсіздіктің жаңа таңы жарқырады. Өшкен қайта жанып, жоғалғанымыз табылып, аңсағанымыз алдымыздан шықты. Яғни, ислам танымынан ұлтымыз да, жеріміз де еш ажырамай қайта қалпына бет алды. «Қуана білгенге құт қонар, бағалай білгенге бақ қонар» демекші, бұл бақытымызды әрбір ел азаматы бағалап, оған қарыздар екенін естен шығармауы керек. Тарихын терең таныған ел ғана шүкір етеді, танымын тамырлатады, болашағын пайымдайды. Айтарым, Алла бағымызды арттырып, келешегімізді кемел, рухымызды биік, татулығымызды тұрақты етсін!

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

 

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу