Атырау: қасиетті Қадір түнінде тікелей эфирде орталық мешітте баспана кілті тапсырылды
islam-atyrau.kz/1 маусым, 2019 жыл. Қасиетті Қадір түнінде Атыраудың бас мешітінде мұқтаж отбасыға баспана кілті табыс етілді. Демеушілер тарапынан салынған үйдің кілті орталық "Иманғали" мешітінде салтанатты жағдайда берілді. Жергілікті "Атырау" телеарнасы арқылы тікелей эфирде өткен Қадыр түніндегі жүрек тебірентерлік жаңалыққа аймақ жұртшылығымен бірге, күллі қазақстандықтар куә болды.
Мейрамгүл Әмірғалиева көп балалы ана. Бір баласының тумысынан мүмкіндігі шектеулі. Қиын жағдайда өмір сүріп жатқан жалғызбасты ана күні бүгінге дейін пәтер жалдаудың тауқыметін тартып келген еді. Игілікті бастамаға "Сенім Қазақстан" тренинг орталығы себепкер болып отыр. Жеке кәсіпкер Асхат Бағытұлы мұқтаж жанның жағдайымен танысқан сәтте оған көмек қолын созуға бекінгенін айтады.
"Қадір түні күні қандай да бір құл Жаратқаннан сұрайтын болса, Алла Тағала пендесінің сол ниетін, ықыласын, дұғасын қабыл етіп, тағдырын өзгертеді екен. Егер адам шынайы ниетпен, шынайы ықыласпен, сауабын бір ғана Алладан күтіп, құлшылықпен, ғибадатпен, зікірмен, дұғамен өткізетін болса, оның өткені кешіріледі" деді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров тікелей эфирде.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.