Қарияға құрмет - дәстүрге құрмет
- Бөлім: Жаңалықтар
Адам өміріндегі ең бір ауыр да, қиын кезең - қарттық шақ. "Сыйласаңыз кәріңді, жарылқаймын бәріңді" демекші, қазыналы қарт болудың өзі де - сын.
Қашаған жырау «Бұл дүниеде не жетім?» атты толғауында:
«Бұл дүниеде не жетім?
Кім қажетсіз болса сол жетім.
Хакімі әділ болмаса,
Бұқара байтақ ел жетім.
Ел қонбаған жер жетім. Жетпістен жасы асқанда, Сексенге аяқ басқанда, Жастар елеп келмесе, Келіп сәлем бермесе, Күнде асыл кисе де,- Қартайған күнде ер жетім..», - деген екен.
Олай болса, қарияларды құрметтеу - адамшылық парыз. Осы орайда Жұмыскер ауылдық әкімі және қалалық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен Жұмыскер ауылындағы "Сұлтан" мейрамханасында
дастархан жайылды.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әйіпқали Бекешовтің ақ тілегімен басталған дастарханда "Мәулімберген" мешітінің бас имамы Мақсот сөз сөйлеп, Ислам дініндегі қарттық шақ туралы уағыз-насихат айтты.
Шара соңы мерекелік ән-шашуға ұласып, Дина Нұрпейісова атындағы өнер академиясының өнерпаз жастары әуезді ән, күмбірлеген күй тартып, қарттардың қам көңілдерін бір сергітіп тастады.
Халқымыз «қариясы бар үйдің қазынасы бар», - демекші, туған ел шежіресіндей қарттарымыз аман-сау жүрсінші! Әумин!
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілдігі
«Мәулімберген» мешітінің баспасөз қызметі
