Қазақ елі – көп ұлтты мемлекет. Сондықтан Бірлік күні сынды ел бірлігі мен тыныштығын арттыруды көздейтін Рухани келісім күнін насихаттап, оның мән-маңызын түсіндірудің қажеттілігі зор.
Осы орайда бүгін 18-қазан Рухани келісім күніне орай С.Қазыбаев атындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1мектеп-интернатында «Руханият сабақтары» атты жастармен кездесу өтті.
Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, облыстық «Төртінші билік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға «Успен соборы» орыс православтық шіркеуінің дін қызметкері Михаил Соколов, облыстық «Достық» үйі татар-орыс орталығының жетекшісі Гүлсина Байкенова, сондай-ақ, ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы қатысып, сөз сөйледі.
Мәңгілік елдігіміздің ертеңі татулық пен бірлік екенін баса көрсеткен бас имам Ислам дінінің дін мен ұлтқа, ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін әлемдік дін екенін айтты. «Алла тағала тарапынан жіберілген елші, екі дүниенің сардары асыл пайғамбарымыз (с.ғ.с) мәңгілік бақиға аттанар алдында «Сіздерге әһлі кітап иелері христиандар мен яһудилерді аманат етем», - деп, өз үмбетіне өзге дін өкілдеріне құрметпен қарауды өсиет етіп кеткен. Олай болса, біз қашан да пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне сай қазақ жерінде тұратын этнос өкілдеріне достық қолымызды созып, бауырмалдығымызды танытуымыз керек. Және осындай ынтымаққа негізделген бейбіт ұстанымымызды жастар арасында көбірек үгіттеп, достыққа шақырып отыру – алдыңғы толқын ағалардың міндеті», – деді.
Шара соңы интернат оқушыларының концерттік қойылымына ұласты.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі