Намаз – құлшылықтың кілті
- Бөлім: Мақала
«Ораза, зекет, намаз, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң жақсы тұт бәрін тегіс»
Абай Құнанбаев
Аса Қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Барша мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән.
Адамзат баласын көркем бейнеде жаратқан Ұлы Раббымыз, біздерге хақты танытып, адал мен арамның ара жігін ажыратуды үйретті. Адамзат баласын тура жолға бастап, қиямет күніне дейін сүннетті үйрететін пайғамбарын (с.ғ.с) жіберді. Сол себепті біздерді ақыл иесінен етіп жаратты. Қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласы жайлы көптеген аяттар бар. Тин сүресінде «Расында біз адам баласын көркем бейнеде жараттық» делінген. Басқа аяттарда адамзат баласының әлсіз жаратылыс екендігі баяндалады. Адам әлсіз жаратылыс болғандықтан, күнделікті өмірде көптеген қателіктерге бой алдырары даусыз.
Адам өзінің Раббысын танып, оған шүбәсіз иман келтірген соң, қандай халде болмасын өзінің Ұлық Жаратушысына қалтықсыз құлшылық қылары хақ. Өйткені, адам қандай да бір ақиқатқа көзі жетіп, жүрегімен иланғанда ғана сол істі амалға асырады. Хақ тағала өзінің құлдарына ауыр келетін міндеттер жүктемейді. Қандай да бір жақсылық болсын, жамандық болсын белгілі бір ниетпен, құлшыныстың әсерінен іске асады. Ал, сол ниеттің орны – жүрек. Пайғамбар ﷺхадисінде «Адам денесінде бір кесек ет бар, егер ол жақсы болса бүкіл дене жақсы болады, ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Расында, ол –жүрек», – деген. Біздің жүрегіміз бұзылса, онда оны тазалаудың, емдеудің қандай да бір жолы, дауасы болары сөзсіз. Ұлы Жаратушымыз тарапынан әмір етілген, исі мұсылманның жүрегін тазартушы, рухани азығы намаз болып табылады.
Намаз – тек қана парыз құлшылық емес, рухани байлық пен Аллаға деген шынайы махаббатты, адамдарға деген сүйіспеншілікті, сонымен қатар тән тазалығын, жан сұлулығын қалыптастыратын құлшылық түрі. Қазақ халқының ақындары мен көсемдерінің барлығы да намазға мұқияттылықпен қарайтын адамдар болған. Бұл жайлы Шәкәрім атамыз:
«Тасбиық, сәлде, жайнамаз,
Тастамасаң қыс пен жаз,
Жүрегің болса тайғақ саз,
Сопысынып қылма наз!», – деп жырлаған.
Біле білгенге, аманат етілген қазынасы, жан байлығы да – намаз. Аллаға шүкір, қазіргі таңда жастарымыз діннен алыс емес. Құлшылықтың негізі болған, намаз жайында бүгінгі ұрпақтың да айтары бар. Астана қаласы «Нұр Астана» медресесінің 3-курс студенті, қалалық ақындар мүшәйрасының жүлдегері, ақын Ханағат Харжаубай бауырымыздың мына өлеңімен сөзімді тәмәмдасам деймін:
Намаз – көзімнің нұры!
Кімде-кім өзін таныса, Раббысын таниды
(Әли р.а)
Сабырың болмаса қанша, төзімнің құны!
Намазды сәтке жетпейді, сезімнің бірі.
Алладан жәрдем тілеумен сәжде етемін
Себебі, намаз – Хақ жолы, көзімнің нұры!
Күмәнің болса сенімде, жарамсыз тілек,
Неліктен пенде құлшылықта, алаңсыз жүред?
Пенденің намаз болса да, ақиқат жолы
Амалсыз намаз болмайды, қадамсыз тірек!
Бақталас туған дүниелік, қоғамда мынау,
Жарысып пенде дүниелік, алаңда жүр-ау.
Намазсыз пенде көретін, азапты сәттер
Салады құрық мойынға, адамға бұғау.
Бастыққа жағынып, дүниеге болатын әлек,
Қаныңда қалар, тәніңде болатын әдет.
Уақытты неге соншама, тәрк етесің сен
Мойныңда алтын, қолыңда сағатың бар ед.
Кімде-кім өзін таныса, білсе болмысын,
Намазың үшін әтештей күлсе сорлысың!
Сабырсыздықпен, шыдамсыз, шағымданамыз
Не жаздым дейсің, абайсыз тілсе қолды сым.
Ісің хақ болса, жүрмейсің босқа ақталып,
Кімде-кім өзін таныса, сезер хақты анық.
Рия үшін оқылмас, берілмес зекет,
Жүргенмен ойға алданып, досқа мақтанып.
Иманы үшін, «парыз»- деп, үйленер адам,
Көз салсам егер өнеге, түймеден алам.
Ықласпен барсаң, Жаратқан Раббың алдына
Сол намаз үшін инша Алла сый берер саған!
Бейнамаз адам, дінге де, бейхабар емес,
Пайғамбар (с.ғ.с.) салған біздерге, кей қадам елес,
Өмірде пенде көрмейді ғибратты неге?
Үнемі ұрыс көргені, байқаған егес.
Дайындықсыз келме мешітке, әдепсіз кірме!
Мешітке кірмес білген жан, дәретсіз мүлде.
Ғапылды көрсең, көсемсіп, дана боласың,
Білмейтін істі «білем», - деп, әлекпіз күнде.
Зіркір ет күнде, ұмытпай, Раббыңның атын,
Қолыңнан келсе ете біл, Құраннан хатым!
Шынында қорқар Алладан, ғалым құлдары
Ал сабырлылар, Аллаға өзгеден жақын.
Артық Жұмабекұлы,
«Иманғали» орталық мешітінің найб имамы
