Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

МҰХАРРАМ АЙЫ ЖӘНЕ АШУРА КҮНІНІҢ ҚАСИЕТІ

Әуелі барша мадақ-мақтаулар мен хамд-саналар күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті мұхаррам айын жыл басы етіп, сыйға тартқан Ұлы Жаратушы Иеміз Алла Тағалаға болсын!

Алланың игілігі мен сәлемі осындай қасиетті мұхаррам айында өз үмбетін құлшылық-ғибадат пен нәпіл ораза тұтуға ынталандырған пайғамбарымыз Мұхаммедке ﴾с.а.у﴿, оның игі отбасы мен салихалы сахабаларына және де қиямет күніне дейін оның ізінен ізгілікте ілесіп, сүннетін бекем ұстаған барша ізгі жандарға болғай!

Толығырақ ...

Мұхаррам – қадір-қасиеті мол ай

Мұхаррам айында келетін Ашура күні – мұсылман жұртшылығы үшін ерекше күн. Оның ерекшелігі ұсталған оразасы мен құт берекесінде жатыр. Хадисте: «Кімде-кім Ашура күні отбасы мен үй-ішіне сый-сыяпат жасаса, Алла тағала жыл бойы оның рызығына берекет пен молшылықты нәсіп етеді». «Мұхаррам айында ораза ұста, өйткені ол Алланың айы. Онда сондай бір күн бар, Алла сол күні бір қауымның тәубесін қабыл еткен және сол күні басқа бір қауымға да кешірім етеді» делінген.

Ашура күні – Мұхаррам айының оныншы күні. Мұхаррам жыл басы биыл /1438 ж/ қазан айының 2-сі, ал ашура күні Қазан айының 11-жұлдызына келеді Хадис кітаптарында бұл күннің Ашура деп аталуының сыры осы күні Алла тағала он пайғамбарға он түрлі сый бергендігінің нәтижесі екендігі айтылады.

Олар:

1.Мұса (а.с.) пайғамбардың мұғжизасы. Ол осы күні теңізді жарып шығып, Ферғаунды әскерімен қоса теңізге батырады.

2.Нұх (а.с.) пайғамбар кемесін Жуди тауының үстіне осы күні тіреген.

3.Юнус (а.с.) пайғамбар балық ішінен осы күні құтылған.

4.Адам (а.с.) пайғамбардың тәубесі осы күні қабыл болған.

5.Юсуф (а.с.) пайғамбар бауырлары тастаған құдықтан осы күні шығарылған.

6.Иса (а.с.) пайғамбар осы күні дүниеге келген және осы күні көкке көтерілген.

7.Дәуіт (а.с.) пайғамбардың тәубесі осы күні қабыл болған.

8.Ибраһим (а.с.) пайғамбардың ұлы Исмаил (а.с.) пайғамбар осы күні дүниеге келген.

9.Якуб (а.с.) пайғамбар ұлы Юсуф (а.с.) үшін қайғырып соқыр болған көздері осы күні қайта көре бастаған.

10. Айюб (а.с.) пайғамбар науқасынан осы күні айыққан.

 

Осындай маңызды оқиғалар орын тепкен Ашура күні мұсылмандар арасында да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінен бері жалғасын тауып келеді. Мұхаррам айы мен Ашура күні тіпті яһудилер мен христиандар тарапынан да қасиетті деп саналған күн болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдинаға һижра жасаған уақытта сол жердегі яһудилердің ораза ұстағандарын көреді. Сосын оның себебін сұрағанда, олар: «Бүгін Алланың Мұсаны дұшпандарынан құтқарып, Ферғаунды суға батырған күні. Мұса бұл күні шүкірлік ретінде ораза ұстаған», – деп жауап береді. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Мұсаның сүннетін орындауға сіздерден гөрі біз лайықтымыз әрі құқылымыз», – деп, сол күні ораза тұтып, оны өзгелерге де ұстауды әмір етеді.  Ашура күні тек яһудилер мен христиандарда ғана емес, Нұх (а.с.) пайғамбардан бері қасиетті деп саналған. Тіпті Исламнан бұрын жаһилия дәуірінде, яғни арабтар арасында Ибраһим (а.с.) пайғамбардан бері қасиет тұтылып, ораза ұстаған көрінеді. Бұл жөнінде Айша (р.а.) анамыз былай дейді: «Ашура жәһилия дәуірінде Құрайыш тайпасы арасында ораза ұстаған күн болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да осыған сәйкес әрекет ететін. Мәдинаға һижра жасағаннан кейін де бұл оразаны жалғастырды және басқаларға да әмір етті. Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін ғана Ашура күнгі оразаны тастады. Бұдан кейін мұсылмандардың қалағаны ұстап, қаламағаны ораза ұстамады». Басқа бір риуаятта: «Қалаған кісі ұстасын, қаламаған ұстамаса да болады», – дегендігі айтылған. Осының нәтижесінде Ашура күнгі ораза сүннет ораза ретінде қалды. Ашура күнгі оразаның артықшылығы Рамазан айындағы оразадан кейін тұрады. Бұған байланысты бір кісі пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Рамазаннан кейін қай кезде ораза ұстауыма насихат етесіз» – деп сұрағанында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұхаррам айында ораза ұста, өйткені ол Алланың айы. Онда сондай бір күн бар, Алла сол күні бір қауымның тәубасын қабыл еткен және сол күні басқа бір қауымға да кешірім етеді» – деген. Тирмизи келтірген тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ашура күні ұсталған оразаның Алла алдында сол күннен бұрынғы бір жылдың күнәларына кәффәрат болатындығына үлкен үміт артамын» – деген. Тағы бір хадисінде: «Рамазан айынан кейінгі ең абзал ораза – Алланың айы болған Мұхаррам айында ұсталған ораза», – деп бұл күні ұсталған оразаның артықшылығын білдірген. Сондықтан пайғамбарымыздың (с.ғ.с)сүннетіне сай Ашура оразасын ұстап, оның сауабына жетуді Алла баршамызға нәсіп етсін. Сондай-ақ,пайғамбарымыз (с.ғ.с)Ашура оразасын ұстағанда яһудилерге ұқсамау үшін Ашурадан бір күн бұрын не бір күн кейін қоса ораза ұстауды насихат еткен. Бұл күні оразадан басқа да қайырлы, сауапты істерді істеген абзал болады. Әсіресе, мүмин кісі өзінің отбасы мүшелеріне осы Ашура күні көбірек сый-сыяпат жасауы қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде : «Кім Ашура күні жанұясы мен үй ішіне сый-сыяпат жасаса, Алла тағала жыл бойы оның ризығына берекет пен кеңшілік нәсіп етеді», – деген. Бұл күні жанұя мүшелерімен қатар туғануыстарын, дос-жарандары мен жетімдерді және көрші-қолаңды да ұмытпаған жөн. Сондықтан осы күннің қадір-қасиетін біліп, шамамыз келгенше жақсылық жасауға тырысайық. Осы күннің септігімен Алла тағала жыл бойы үй-ішіміздің береке ырысын арттырып, бір-бірімізге деген сүйіспеншілігімізді нығайтсын!

«Жәһилийат дәуірінде (Исламнан бұрын) Құрайыш қабиласы (тайпасы) Мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстайтын. Расулуллаһ (с.ғ.с.) бұл оразаны ұстайтын. Мәдинаға һижрат еткеннен (қоныс аударғаннан) кейін бұл оразаны Өзі (с.ғ.с.) ұстап, оны басқаларға да бұйырды. Рамазан айында ораза ұстау парыз етілгеннен кейін: «Қалаған адам Мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстасын, қаламаса ұстамасын», – деп айтты. Хадисті Айша анамыздан (р.а.) Имам Муслим риуаят етті.

«Расулуллаһ (с.ғ.с.) Мәдинаға һижрат етіп келгеннен кейін, ондағы яһудилердін Мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстайтынын байқады. Яһудилер бұл жайында сұралғанда: «Бұл – Алла тағала Мұса (а.с.) мен Исраил (Яқұб а.с.) ұрпақтарын Перғауынның зорлық-зомбылығынан құтқарған күн. Біз осының кұрметіне ораза ұстаймыз, – деп айтқанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсаға (а.с.) олардан гөрі біз жақынбыз!», – деп Мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстауды бұйырды». Хадисті Ибн Аббастан (р.а.) Имам Муслим риуаят етті.

Ашура күнгі оразаның артықшылығы Рамазан айындағы оразадан кейін тұрады. Бұған байланысты бір кісі пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Рамазаннан кейін қай кезде ораза ұстауыма насихат етесіз?» – деп сұрағанында, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұхаррам айында ораза ұста, өйткені ол Алланың айы. Онда сондай бір күн бар, Алла сол күні бір қауымның тәубасын қабыл еткен және сол күні басқа бір қауымға да кешірім етеді» – деген. Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ашура оразасын ұстағанда яһудилерге ұқсамау үшін Ашурадан бір күн бұрын не бір күн кейін қоса ораза ұстауды насихат еткен. Бұл күні оразадан басқа да қайырлы, сауапты істерді істеген абзал болады. Әсіресе, мүмин кісі өзінің отбасы мүшелеріне осы Ашура күні көбірек сый-сыяпат жасауы қажет.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде : «Кім Ашура күні жанұясы мен үй ішіне сый-сыяпат жасаса, Алла тағала жыл бойы оның рызығына берекет пен кеңшілік нәсіп етеді», – деген. Бұл күні жанұя мүшелерімен қатар туған-туыстарын, дос-жарандары мен жетімдерді және көрші-қолаңды да ұмытпаған жөн.

Ашурада күні атқарылатын жеті іс. Ашура – «ашара» сөзінен шыққан, мағынасы «он», – дегенді білдіреді. Ашура күні тұтылған ораза адамды өткен және алдағы күнәларынан тазартады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бiр хадисiнде: «Арафа күнi ораза тұту бiр жолғы ұсақ күнәсiне кәффарат болар. Ал, ашура күнi ораза тұтса, бiр жылға үлкен және жаңылыс iстеген күнәсiне кәффарат болар».

1.Бұл күнi зiкiрлер және дұға жасалынады.

2. Мұхарам айының 9 -10 немесе 10-11 күнi ораза тұтылады. Нұһ (а.с.) кемесi Ашура күнi тоқтаған. Яғни топан Ережеп айының бiрiнде басталып мұхарам айының оныншы күнi Жудди тауына тоқтаған хз Нұһ (а.с.) және мүминдер осы күнi шүкiр етiп ораза ұстады. Қалған ризықтан Ашура пiсiрдi. Яғни, қалған барлық тамақ түрiн қосып пiсiрген. Ол – Ашура деп аталған ерекше тамақ. Ашура күнi садақа беру, бiреуге сый ұсыну, ораза ұстау – сүннет болып табылған.3. Ғұсыл алынады. (Дененi толық жуу). «Ашура күнi кiмде кiм ғұсыл етсе өлiм ауруынан басқасының бәрiне ем болады», – деп, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан.

4. Бiр мүмин ауыз ашар жасаса, бүтiн мүминге ауыз ашар жасағанымен тең болады.

5. Бiр ауруды зиярат ету. «Ашура күнi бiр ауруды зиярат етсе, бүкiл адамды зиярат еткенмен бiрдей болады.

6. Кiмде кiм 10 мүминге сәлем берер болса, бүкiл мүминге сәлем бергенмен тең болады.

7. Ишрақ уақытында (таң атқан соң бiр сағат уақыты) 4 ракат намаз оқылады. Бұл туралы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мына бiр хадисiнде: «Кiмде кiм Ашура күнi 4 ракат намаз оқыса, әр ракатта 1 Фатиха 51 рет Ықылас оқыса Алла тағала ол кiсiнiң өткен және келер жылғы күнәларын кешiредi. Омар бин Хаттаб (р.а) Алла тағала барша мұсылманның тілеген дұға тілектерін қабыл етіп, Алла тағаланың разылығына бөленетін салих пенделерден болуымызды нәсіп етсін (Әмин).

 

Жамбыл Ыбыраш,

 

«Қапан қажы» мешітінің бас имамы

Толығырақ ...

Бас мүфти имамдарға дәріс өтті (фото)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төарағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматыдағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында «тамыз-қазан» айы оқу легінде білім алып жатқан еліміздің түрлі облыстарынан және көршілес жатқан Моңғолия елінен келген 50-ден астам имам-молдалармен кездесіп, дәріс өтті.

Толығырақ ...

АШУРА КҮНІНІҢ АБЗАЛДЫҒЫ

Алла Тағала уақытты жаратты. Оны ғасырларға, жылдарға, айлар мен күндерге бөлді. Негізінде бір уақыттың екінші бір уақыттан айырмашылығы жоқ. Алайда, Жаратушымыздың құдыреті көрініс тапқан, Раббымыздың сүйікті құлдарының басынан өткен ерекше күндер мен айлар, басқа күндер мен айлардан ерекше дараланып тұрады.

Толығырақ ...

Абайдың намазы

Исі қазақ оны Абай деп біледі. Ал, дінді жанына серік еткен әкесінің оған азан шақырып қойған есімі Ибраһим еді. Абай бала күнінен медреседе молдадан дәріс алып, діни хат таныды. Жалпы, тарихқа көз тастасаңыз, қазақ зиялыларының баршасы дерлік діни сауатты болған. Олардың медреседе алған тәлімі шығармаларына өзіндік бояу бергенінен-ақ байқауға болады.

Толығырақ ...

Бала тәрбиесі – пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті

 Бүгінгі қазақ қоғамындағы ұлт тағдырына қатысты ең өзекті мәселелердің бірі – бала тәрбиесі. Өйткені, бала – біздің болашағымыз, ел ертеңі. Олай болса, бала тәрбиесіне аса  жауапкершілікпен қарау – басты міндетіміз. Бұл ретте ізгілік пен мейірім діні – Ислам дінінің көмекке келер жері көп. Ислам – күллі адамзат баласына түскен соңғы дін. Адам бойындағы адамдық пен ұяттың өлшемі. Біле білгенге иман байлығының қайнар көзі. Сондықтан да оның бала тәрбиесінде алар орны да зор.

Адамның көбейіп, перзент сүю – асыл пайғамбардан (с.ғ.с.) жалғасқан сүннет. Алланың аманаты. Шаңырақтың шаттығы. Шал ақынның «Босағасын алтыннан соқсаң дағы, перзент сүймей, адамның мейірі қанбас» деуі де осыдан болса керек. Шындығында, баланың шыр етіп дүниеге келуі – зор қуаныш. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханасымен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген. Тәрбиесіне атүсті қарамаған.

Халқымыз «Ел болам десең – бесігіңді түзе» - деп, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Айталық, Зере анамыз Құнанбайдың тәрбиесіне қатты мән берген. Бір естелігінде: «Мен Құнанбайды бір күн болсын дәретсіз емізіп көргенім жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісміллә айтпай емізбейтін едім», –дейді. Ал, Құнанбай атамыз – Меккеге барып, қажылыққа барған мұсылмандар түсетін үй  салдырған мұсылман.  Құнанбай атамыздың бойындағы мұндай қасиеттер анасы Зеренің берген тәрбиесінің негізі екені күмәнсіз. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», – деп, ата-бабалармыз айтқандай, Құнанбайдай ер тұлғалы атамыздан білімді де алғыр дана Абайдай ұл жалғасты. Өзі өлсе де, сөзі өлмес қазақ халқының бағына біткен ұл қалды.

Парасатты, ізгі тәрбие неден басталмақ? Бұл ең бірінші баланың иманды болып өсіп, ата-анасын сыйлауы, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейіл секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Ата-ана болу жауапкершілігі де осы кезден басталады. Ислам дінінде бала – өмірдегі сынақтардың бірі ретінде қаралады. Сол себепті сынақтан сүрінбей өту үшін балаға өмірде жақсы-жаманның, обал-сауаптың не екенін, қалай болғанда да жақсы адам болып қалыптасудың жолдарын үйрету, үлгілі тәрбие беру – ата-ананың міндеті. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы, жас кезінен сыра, арақ, темекі секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы, әдепті болуы, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсетуі. Егер ата-ана баласын мейірімге бөлеп, ізгілікке бағыттап, туған қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелесе, ұлтқа тұлға болмақ.   

Ғылыми тұжырым бойынша, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі – бала тәрбиесінің қайнар көзі. Өйткені, Құрандағы Алла тағаланың көрсеткен үлгілі тәрбиесі пайғамбар (с.ғ.с) сүннетімен ажарланып толыға түскен. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылманшылық тәрбиені баланың  санасына сіңіруге ерекше мән берген. Бала дүниеге келісімен діни салт бойынша жоралғылар жасалып, мұсылман үмбетінің тағы бір адамға толысқанын қуаныш ретінде атап өткен. Мұсылман үмбеті деген атқа сай тәрбие алуын қадағалаған. Осы орайда, балаға жақсы ат қоюының өзі қандай дұрыс тәрбие екені айтпаса да түсінікті.

 «Отан отбасынан басталады», – демекші, баланы адамгершілікке баулу үшін күллі қоғам мәдениетін жетілдіру керек.  Өйткені бала тәрбиесі ата-ана мен бала-бақша, мектепке, ұстаздарға, дос-жарандары мен ортасына тікелей қатысты. Егер олардың кім, қандай мақсаты бары қадағаланса, тәрбие өте жақсы нәтиже бермек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» деген. Сондықтан  да баламызды имандылыққа баулуға ерекше көңіл бөлгеніміз жөн. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтінімізді» ұмытпайық. Бауыр ет – балаларымызды елжандылыққа, имандылық пен отансүйгіштікке, салт-дәстүрін құрметтей білуге  тәрбиелеу – басты міндетіміз.

 

Нариман Мәжитұлы,

 

«Құспан молда» мешітінің наиб имамы

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу