Қасиетті Рамазан айының соңы «ораза айт» мейрамымен аталып өтілері хақ.
- Бөлім: Жаңалықтар
Қасиетті Рамазан айының соңы «ораза айт» мейрамымен аталып өтілері хақ. Айт күні – аса салтанатты күн. Әр иманды адам осы қасиетті күнге ерекше дайындалып, сәнді киініп, таң ата мешітке барып, оны мейрамдап өткізсе нұр үстіне нұр.Сондықтан дәл осы күні еліміздің барлық мешіттерінде жиналған ауыз бекітуші жамағат мерекені қуанышпен қарсы алып, барлық дұға тілегіміз қабыл болсын деген ілтипат ниеттерін білдіріп, дастархан жаяды.
Атырау обылы Индер ауданы Жарсуат ауылында да үлкен ағаш үй тұрғызылып, ораза айт мерекесі кең көлемде аталып өтілді. Имам Қ.Рспаев алдымен жамағатқа ораза айттың, жалпы Рамазан айының қадір қасиетін айтып уағыз насихат жүргізді, кейін екі рекағат айт намазы, ораза айт хұтбасы оқылды. Намаздан соң Айбек, Ризабек, Айбар, Ерлан, Нұрасыл, Тілекқабыл т.б ауыл жамағаттары Құран сүрелерін оқып, қариялар батасын берді. Ауыл тұрғындары А.Есенғалиұлы, М.Ахмедияров, Қыдыр отбасы атынан 3 бас қой малы сойылып, мешіт жанынан жайылған киіз үйде ас берілді.
Мешітке жиналған ауыл тұрғындарынан ауыл әкімі Н.Әзіғалиев, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Азанов, Б.Аталық т.б ауыл үлкендері «осы оразадан келесі Рамазанға дейін аман-есен болайық, еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз берік болсын» деген лебіздерімен жастардың имандылық бағытына қолдау білдірді. Жалпы саны 90 нан аса жамағат қатысып, дастарханнан дәм алды.
