"Иманғали" орталық мешіті - ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ
- Бөлім: Бейнероликтер
Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті
Әлемнің барша мұсылмандарымен бірге біз де Құрбан айт мерекесін аса зор қуанышпен қарсылап, Алла тағаланың разылығы үшін құрбан шалып жатырмыз. Елбасы Н.Назарбаев та Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне барып, мұсылман жамағатын ынтымақ пен бірлік мерекесімен құттықтай келе, татулыққа шақырды.
Ислам діні – адамзат баласын бауырмалдыққа, достыққа үндейтін ең ізгі дін. Осыған орай ҚМДБ-ы ұстанып отырған төрт бағыттың бірі – қайырымдылық. «Мәулімберген» мешітінің жамағаты Құрбан айт сынды ұлы мерекеде құрбандық шалып, етін жоқ-жітік жандарға тарату арқылы сансыз сауапқа кенелуден кенде қалмады. Кұрбан айттың алғашқы күні облыстық «Иманғали» мешітіне қарасты Алғабас ауылындағы «Мәулімберген» мешітінде Саламат есімді бауырымыз бен Алтын атты замандасымыз құрбан шалып, оның етін түгелдей қайырымдылыққа арнады.
Мешіт имамы Мақсот Бағытжанов Руслан мен Тұрар есімді азаматтарға және жесір ана Алтынай апаның отбасына, сондай-ақ, мешіт қызметкерлеріне таратып берді. Әрине, бұл садақа «теңізге тамған тамшыдай» десек те, «теңіздің тамшыдан құралатынын» ескергеніміз жөн. Алла тағала барша бауырларымыздың ізгі амалдарын қабыл етіп, айттан айтқа аман-есен қауыштырғай, ағайын! Әумин!
ҚМДБ-ның Атырау облысы
бойынша өкілдігі «Мәулімберген»
мешітінің баспасөз қызметі
Қосшағыл елді мекеніндегі «Қосшағыл ауылдық» мешіті бүгін лық толы болды. Жиналған жамағатты ауылдың әкімі құттықтап, ел амандығын тіледі, және мешіттің имамы Теңел Айдарбекұлы жамағатқа айт намазын оқумен бастады. Сонымен қатар, Құрбан айт күніне орай мешіт жанында ұлттық ойындардан жарыс та өтті. Арқан тарту, гір көтеру, күрес, тоғызқұмалақтан сынға түскен ауылдықтар қатары көп. Киіз үйлер тігіліп, дәстүрге орай бауырсақ, қымыз, көже таратылды. «Құрбандық малы сойылып, ет асылады, қуырдақ қуырылады. Ол да мешітке келіп, дұға еткен жамағатқа беріледі. Мұның бәрі салт-дәстүріміздің діннен алшақ емес екенін, Ислам дінінің дәстүрімізбен тығыз байланысып жатқанын білдіреді. Бір айта кетерлігі, жыл өткен сайын құрбандыққа мал шалатын адам қатары артып келеді»,- дейді Қосшағыл ауылының имамы Теңел Айдарбекұлы. Келген жамағаттың саны күннен күнге саны артып келеді.
Бұған дейін әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасы, көпбалалы аналарға арнайы тізім жасалып, құрбандыққа шалынған малдың еті мешіт жанынан таратылатын. Бұл жолы жергілікті билік 5 орынды бекітіп, арнайы қоғамдық көлік шығарды.«Құрбандық малы сойылып, ет асылады, қуырдақ қуырылады. Ол да мешітке келіп, дұға еткен жамағатқа беріледі. Мұның бәрі салт-дәстүріміздің діннен алшақ емес екенін, Ислам дінінің дәстүрімізбен тығыз байланысып жатқанын білдіреді.
Жылыой аудандық орталық
мешітінің баспа сөз қызметі
Барша мұсылмандардың ұлық мейрамы болған Құрбан айтта өтіп кетті. Бұл мейрамда әр мұсылман құрбан шалуға, жақсылық жасау, ренжіткен адамдардан кешірім сұрау сияқты жақсы амалдарды орындауға асығатыны сөзсіз, бірақ тек Алла нәсіп еткен амалдарды орындайтынымыз хақ нәрсе. Осындай ұлық мейрамда біздің ауданымызда көптеген жақсы амал, шараларды өткізуімізге нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкіршілік. 12 қыркүйек күні ертемен Құран оқып, жиналған жамағатқа «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиев уағыз айтты. Сағат 08:00 Құрбан айт намазы оқылып, хұтпа оқып, барша жамағатпен еліміз үшін дұға етілді. Мешіт ауласына киіз тігіліп, жиналған жамағатқа ас берілді. Жергілікті тұрғындар, аудан әкімінің орынбасары Балахметов Әлифолла айт мейрамымен құттықтап, өз тілектерін білдіріп отты. Дастархан соңы «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиев уағыз айтып, құран оқып, дұға етілді. Биылғы айтта 40 шақты қой құрбандыққа шалынып, 135 жағдайы төмен, мұқтаж, жесір, жетім, соқыр жандарға таратылды. 13 қыркүйек күні жастар жамағаты жиналып, ауданда 7 автокөлік тегін такси қызметін көрсетті. Кешкісін «Жеңіс саябағында» Құрбан айттың құрметіне «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиевтың ұйымдастырумен қазақша күрес, қол күштесу, тоғыз құмалақ, кір тас көтеруден спорттық шаралар өтті. Жүлдегерлерге қой, медаль, алғыс хатпен құңды сыйлықтар табысталды. Саябақта батут орнатылып, жас бүлдіршіндерге тегін ойнатылды. Түрлі тәттілер алынып, жас бүлдіршіндерге таратылды. «Нұр Мүбәрәк» университетінің 4 курс оқушысы Сағынов Ерлан Құран оқыды. Шара соңы Аудан Әкімінің орынбасары Балахметов Әлифолла, аудан ақсақалдары, «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиев тілектерін білдіріп, Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Терме, өлең, діни әндер айтылып жиналған халықтың алғысымен тарқасты.
Индер ауданы «Әйіп қажы» мешітінің баспасөз қызметі
Құрманғазы ауданы «Темірәлі» мешітінде «Құрбан айт» мерекесі жылдағыдан ерекше басталды. Алдымен айт намазына жиналған жұртқа уағыз насихат айтылды. Аудан әкімінің орынбасары Мұса Абдурахман Рахметұлы бүкіл мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айтпен құттықтап жылы лебізін білдірді. Айт намазынан кейін Құрбан шалу рәсімі басталды. Құрбан айтта биыл 30 дан аса қой құрбандыққа шалынып еттері жағдайы жоқ мұқтаждарға, жалғыз басты қарттарға, мүгедек балалары бар ата аналарға таратылды. Түске таяу аудан әкімі Бибоз Байдаулетұлының ұйымдастыруымен мешіт жамағатына, ауыл ардагерлеріне мешіт жанына киіз үй тігіліп ас берілді.
Құрбан айттың екінші күні мешіт жамағаты арнайы мерекенің құрметіне орай отырыс жасап, отырыста уағыз насихаттар айтылып артынан кір тасын көтеруден жарыс болды.
Құрбан айттың үшінші күні жамағат арасында кіші аяқ добынан турнир болып өтті. Турнирге сегіз топ қатысып ең бірінші Теңіз ауылдық округі, екінші Орлы ауылдық округі, үшінші «Темірәлі» мешітінің жамағаты орын иеленді.
Исі мұсылман қазақ халқы екі ұлық мерекені ел болып тойлаған. Оның бірі – қасиетті рамазан айынан кейінгі Ораза айт мерекесі болса, екіншісі – Құрбан айт мейрамы.
Асыл дініміз қанатын кеңге жайып, әлем елдерінде мұсылман жамағаты артқан сайын Құрбан айт мерекесі жылма – жыл саны мен сапасы жағынан көңіл қуантарлық дәрежеде аталып өтуде. Бұл көрсеткіш мұсылман жұртшылығының Құрбан айт мерекесінің мәні мен маңызын толықтай түсіне бастауында.
Нисаб мөлшері 85 грамм алтын немесе сол көлемде қаражаты болған мұсылман адамның мойнына міндеттелген құрбан шалу дәстүрі де дәл осы Құрбан айт мейрамында жүзеге асырылады. Құрбандық шалу ғұрпы Ибрахимге (ғ.с) Алла тағаладан аян болды. Ибрахимнің (ғ.с) Алла жолындағы ізгі қарекетіне ризашылық белгісіндей пейіштен қошқар түсіріледі. Ал Мұхаммед (с.ғ.с ) үмметіне һижраның екінші жылы парыз болды. Бұл туралы Ұлы Жаратушы Раббымыз Қасиетті Құранның кәусар сүресінің екінші аятында : «Ей Мұхаммед! (с.ғ.с) Рабыңның разылығы үшін, намаз оқып құрбан шал!» делінген. Құрбан айт мейрамында құрбан шалып, Аллаһтан кешірім дұғасын тілеудің маңызы өте зор. Мұнда негізгі мақсат жүректегі шынайы ниетте болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде «Амалдар ниетке байланысты» десе, Аса мейірімді әрі Қамқор Жаратушымыз хаж сүресінде «Ұмытпаңдар олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық...» деген. Міне сондықтан жыл сайын еліміздің барлық мешітінде Құрбан айт мерекесі өте жақсы қарқынмен аталып өтеді.
Қыркүйек айының 12-ші жұлдызында Атырау обылысы Индер ауданы Жарсуат ауылында Жарсуат ауылдық мешітінің имамы Қ.Рспаевтың ұйымдастыруымен Құрбан айт мерекесі аталып өтті. Алдымен Айт намазы оқылып, кейіннен ауыл тұрғындарының атынан құрбандыққа 12 қой, 1 сиыр шалып, 47 тұрмысы төмен отбасыларына таратылып берілді. Құрбан айт мейрамына жиналған жамағақа арнайы киіз үй тігіліп, дастархан құрылды. Шамамен 100-120 адамнан құралған бұл жиын-тойда ауыл ақсақалдарымен қоса көрші ауылдан келген жамағатпен толысты. Ауыл имамы Қ.Рспаев құрбан айт мейрамын ұлықтап, оның маңызы мен қадір қасиетін түсіндіретін арнайы уағыз жүргізіп мерекенің шымылдығын ашты. Осыдан кейін ауыл әкімі Н.Әзғалиев, ауылдық ақсақалдар төрағасының мүшесі Ж.Азанов, құрылыс ауылының ақсақалы Қ.Хамидулин және т.б ауылдың беделді мүшелері Құрбан айтқа арналған құттықтау тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қоса ауылыдың өнерлі тұрғындары М.Таласов, М.Ахмедияров, Ж.Мағзомов ән-күй, термемен мейрамның шырайын аша түсті. Түс мезгілінде жамағат астан ауыз тиіп, терме тыңдап, ризашылықпен тарқасты. Бірлігі мол еліміздің басынан бақ таймасын, осындай құтты да мерейлі мерекелерді тойлай берейік ағайын. Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл етіп, Құрбан айттан, құрбан айтқа ел халқымызбен ынтымағымыз жарасып жете берейік дейміз.
Жарсуат ауылдық мешітінің имамы Қ.Рспаев.