Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Зул-хиджа айының ерекшелігі.

         Мейірімі шексіз Алла Тағалаға ең көркем мақтаулар мен мадақтар болсын. Міне біз Раббымыздың мейірім мен кешірім есіктерінің алдына тағы да келіп отырмыз. Бұл – Қасиетті Зүл-хиджа айының басталуы 3 Қыркүйек. Ғұламалар барша мұсылман қауымын бұл айда құлшылықты, тәубені арттыруға, қайырлы іс-амалдар жасауға, Алланың кеңшілігінен мақрұм қалмауға көптеп шақырады. Бұл айдағы құлшылыққа неліктен қатты көңіл бөлінеді екен?

Зул-хиджа айы Кұранмен бекiтiлген төрт қасиеттi ай «әшхурул-хурумның» соңғысы.

Зул-хиджа айы бiзге iстерiмiздi реттеп, орындалмаған жоспарларымызды iске асыруға және ізгі амалдарымызды толықтыруға үлкен мүмкiншiлiк беретiн ай. Осы жылдың амал кiтабы жабылғанда, күнәларымыздан тазарып, бiраз iзгi амал жинап, тәубесi қабыл болғандардан болу үшiн, бұл айды қолымыздан келгенше толықтай пайдаланып қалуымыз керек.                                                       Алла Тағала «Тәубә» сүресiнде былай дейдi:«Расында, Алла көктер мен жерді жаратқалы Оның Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер.»Пайғамбарымыз, оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын, аталған қасиеттi айлар Зүл-қада, Зүл-хиджа, Мұхаррам және Рәджәб деп бұл аятты тәпсірлеген.Зүл Хиджа айының алғашқы он күні ең қасиетті деп есептеледі.  Оның дәлелі Құранда айқын көрініс табады:«Он түнімен (ант етемін), жұбымен де, тағымен де».  (Фәжр» сүресі, 2-3)Ибн Аббас, Ибн аз-Зубейр, Муджахид және т.б тәпсір ғалымдары  (Алла олардан разы болсын) осы он түнді Зүл-хиджа айының алғашқы он түні деп түсіндірген. (Ибн Кәсир, т.4. 3030-б)Сондай-ақ, Жәбiр, Алла одан разы болсын, Пайғамбарымыздың, оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын, былай дегенiн жеткiзедi:«Фаджр сүресiнде айтылған он күн — Зүл Хиджа айының алғашқы он күнi, тақ күніне Арафа күнi, жұп күнiне деп Айт күнiн жатқызамыз»

Зүл-хиджа айының алғашқы он күнi Имам Бұхари жеткiзгендей жылдың ең қайырлы күндерi:

Ибн Аббас, Алла одан разы болсын,  жеткізген бір хадисте Пайғамбарымыз, оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын:

«Алла алдында Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ», — деген. Сахабалар: «Ей Расулаллаһ, бұл айдың алғашқы күндері жасалатын амалдар Алла жолындағы жиһадтан да құнды ма?» – дегендерінде, Пайғамбарымыз «Йә, жиһадтан да құнды болады. Бірақ жанын, малын аямай соғысқа барып, кейін дымсыз қайтқан адамның жиһады өте құнды болады» — деп жауап берген.

Басқа хадите былай делінген:Ибн Умар, Алла олардан разы болсын, Пайғамбарымыздың, оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын, былай дегенін жеткізді: «Аллаһтың алдында зүл-хиджаның алғашқы 10 күнінде жасалған ғибадаттардан асатын ізгілік жоқ және ізгі амалдың сауабы молырақ болған басқа күндер жоқ. Бұл күндері таһлилді (Лә иләһә илләллаһ), тәсбихті (Субханаллаһ), тахмидті (әлхамдулиллаһ), және тәкбірді (Аллаһу әкбар) көп айтыңдар!» Сонымен қатар, Жәбир Ибн Абдулла да, Алла одан разы болсын, Пайғамбарымыздың, оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын, былай дегенiн жеткiзедi:«Ең қайырлы күн — Арафа күні. Алла алдында Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ және ізгі амалдың сауабы молырақ болған басқа күндер жоқ. Сондықтан, көбiрек тәсбих (Субханаллаһ), тахмид (әлхамдулиллаһ), таһлил (Лә иләһә илләллаһ) және тәкбір (Аллаһу әкбар) жасаңдар.»

 

Зүл-хиджа айында  Раббымыздың ұлы Мейірімі мен Ризашылығына бөлеп, нәтижесінде мол сауапқа кеңелуді нәсіп етсін !.

Толығырақ ...

Мейірімнен таралған әлемде - сен де мейірімді бол!

Көркем де кіршіксіз жаратылған бұл әлем адамзаттың барлық қажеттілігін тегін қамтамасыз етіп тұр. Күн жылуын шашып, жер ана топырағынан дәмді дақыл шығарып, таудан сарқырып аққан бұлақ, мөлдіреген теңіз, тап-таза ауа барлығы да адам қажеті үшін тізе бүгіп тұр. Бұндай шектеусіз байлық, көркем жаратылыс өздігінен ешбір жасаушысыз бізге берілді ме? Әлде осыншама мейірім мен рақымның Иесі бар ма? Бұл сұраққа қасиетті Құранның көптеген сүресінен бұлтартпас айғақ бар. Нәбә сүресінде: «....Жерді төсеніш жасамадық па?Ал, тауларды болса қазық.. Үстеріңе жеті қат берік көк құрдық.   Жарқыраған күнді шырақ еттік.        Сығылысқан бұлттардан мол су (жаңбыр) жаудырдық.Онымен дәнді дақыл, өсімдік шығару үшін...»,-деп анық дәлел айтылған. Ал «Ағраф» сүресінде: «Менің рақымым барлық нәрсені тегіс қамтиды»делінген, тағы бір аятта бұл мәселені: «Егер сендерге Аллаһтың кеңшілігі мен рақымы болмаса (жағдайыңыз қалай болар еді?), асылында Аллаһ өте жұмсақ, аса рақымды»деп ашық ұғындырады. Ия, шындығына келгенде жұмыр басты пенделердің Аллаһ Тағаланың мейірімі мен рақымынсыз өмір кеше алмасы хақ. Сондықтан әрбір ісімізді Ұлы Раббымызға мадақ айтып «Биссмилләһир-Рахмәнир-Рахим», яғни «Аса қамқор, Ерекше мейірімді» деуіміздің де астарында үлкен мән жатыр. Бұрындары аталарымыз ас соңында «Әлхам берекетін берсін» дейтін, оның да мәні Аллаға шүкіршілік хәм берекет үзбей беруін тілеуде жатыр емеспе. Алайда  осындай ерекше мейірімнің бар екеніне күмәнмен қарайтын көптеген халық бір-бірімен жауласып, қанағаттан алыстап, қан төгіп мейірімнің шүкірін ұмытып жатырғаны рас. Еліміздің ішінде де шет елдің шырмауық тәрбиесіне уланған отандастарымыз- бейбіт күнге Аллаға шүкір айту түгілі, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» танытуды да ұмытқан. Автобус ішінде қарияларға орын беру, жол жиегіндегі үлкенге жәрдем ету, кішкентай балаларға қамқорлық көрсету сияқты ізгілік істердің орнын, түнгі клубтар, есірткі мен темекі, арақ сияқты харам да пайдасыз дүниелер басып жатыр.   Бұл «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бір-біріне рақымшылық танытып, көп ұлттың басын біріктірген,  әрқашан берекетті өмір сүрген қазақ халқына айтарлықтай сын болып табылады.   Ал, теріс-қылықтардың соңы бұл дүниеде  орны толмас өкінішке, бақытсыздыққа әкелсе, ахиретте жан түршігерлік азапқа жол ашады. Бұл туралы: Пайғамбарымыздың«с.ғ.с» мына хаистерінде:«Мейірім тек қана бақытсыздың (иманнан нәсіпсіздің) ғана жүрегінен алынып тасталған» (Терзими),және «Мейірімді, жұмсақ жүректі болмайынша иман еткен боп саналмайсыңдар». (Ибн Аббас)  «Аллаһ адамдарға мейірімділік танытпағандарға мейірімділік жасамайды»(Бухари) ,-деп қатаң жеткізген.

 Сондықтан адам баласы иман нұрын бойына сіңіріп, мейіріммен жаратылған бұл әлемнің Құдіретті Иесі Аллаға сансыз мадақ айтып өмір сүруі ықтимал. Ғаламға нұр болып жіберілген адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыздың «с.ғ.с» мынадай хадисі бар: «Жердегілерге рақымдылық жасаңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды».

Әрине жүрегінде Аллаға деген махабат, Пайғамбарға «с.ғ.с» деген құрмет ұялаған мейірімді жандар баршылық. Бірақ бұндай мұсылман бауырларымыз  бірен саран. Әлбетте әрбір мұсылман адамның көркем мінезділік, жанашырлық, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі осы өмірде де, келесі өмірде де септігін тигізері анық.Асыл дінімізді ардақтап, Аллаға шүкіршілік айтып, Пайғамбарымыздың «с.ғ.с» сүннетімен жүру адам баласының жүрегіндегі көркем мінездерін аша түседі.Қасиетті Құранда Пайғамбарымызға «с.ғ.с» - «Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік» делінген. Ендеше Елшіміздің «с.ғ.с» артынан еріп, көркем ахлағынан үйрену - болашағымыздың  бақытты,  келер ұрпағымыздың салихалы боларының кепілі емеспе ағайын! Әрқашан мейірім мен жанашырлықта, татулықта өмір сүрейік!

 

 

 

Жарсуат ауылдық мешітінің имамы Қ.Рспаев

Толығырақ ...

Жастармен кездесу – ел ертеңіне жол салу

Асыл дініміздің ұстанымдарына жат экстремизммен күрес – бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтпай отырған мәселелердің бірі. Өйткені, діни алауыздық – ұлт қауіпсіздігіне қатерін төндірмей қоймайтын ғасыр дерті. Олай болса, ел ертеңі үшін өте қауіпті, тіптен жастарымызды жаулыққа тәрбиелейтін жат ағым идеологиясына қалай тосқауыл қоюға болады? Тағдырдың тәлкегімен дәстүрінен, дінінен қол үзген қаракөздерімізді қатарымызға қалай қосамыз? Бұл бүгінгі таңда Ислам дінін насихаттаумен айналысуы тиіс мешіттеріміздің  ең басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Осы ретте «Иманғали» орталық мешітінде Қызылорда облыстық Ішкі саясат басқармасы Діни мәселелерді зерттеу орталығының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ҚММ-нің теолог-дінтанушысы Батырбек Убаев «Жастар және дін» тақырыбында жастармен кездесу өткізді.

    Келелі кездесу барысында сөз алған Б.Убаев жастарға қатысты өз пікірімен бөлісіп, жастық шақтың Алла тағала тарапынан сұралатын құндылық екенін айтты. «Жас дегеніміз – отбасының ұйытқысы, қоғамның тәрбиесіші. Себебі, бала әкеге қарап өсіп, қыз анадан тәлім алады. Сол тәрбиемен қоғамға қызмет етеді. Ұядан алған өнегесін көпке шашады. Демек, тәрбиеміз жақсы болса – қорымыз, жаман болса – сорымыз. Тәрбие Ислам дінімен ұштасып жатса, ол ізгілігімен ерекшеленіп, татулық, бірліктің ұйытқысына айналмақ. Ендеше, жас уақыттарыңызды босқа өткізбей, ілім нұрына қанып, өзіңізді, өзіңізден өрбіген ұрпағыңызды анталай есік қаққан жат ағым қақпанынан қорғау – ел аманаты, Алла тағаланың аманаты екенін ескере жүргендеріңіз жөн», – деді ол өз сөзінде.

     Сөз соңында жастар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап берген Б.Убаев өскелең ұрпақ өміріндегі діни сауаттылықтың маңыздылығын атап көрсетті.

  

  «Иманғали» орталық мешітінің

 

баспасөз қызметі  

 

Толығырақ ...

Найб имам мен ұзтаз тағайындалды

         Индер ауданы «Әйіп қажы» мешітіне Агибаев Бейбіт Мамырович «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислам діни бірлестігінің филиалы Атырау облысы Индер ауданы «Әйіп қажы» мешітіне найб имам болып тағайындалды және «Сарыағаш» медресе колледжінің 2016 жылғы түлегі Есекеева Ұлбала Аманәліқызы 2016 жылдың  «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Руспубликалық ислами діни бірлестігінің филиалы Атырау облысы Индер ауданындағы «Әйіп қажы» мешітіне ұзтаз етіп тағайындалды. Жиналған жамағатқа «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиев  таныстырып асыл дінімізді насихаттауда аянбай қызмет етуін тапсырды.

 

                                                             Индер ауданы мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Мұсылмандардың бірлігі

            17 қыркүйек күні Жылыой ауданының орталық мешітінде жамағаттың бауырмалдығы мен ынтымағын арттыру мақсатында құптан намазынан ақ дастархан жайылды. Сөз басында ауданның бас имамы Арман Исаев жамағаттың бірлігі және осындай бас қосуды жиі өткізуді айтты. Мешіттің ұстазы Дастан Сулейменов  жиналған жамағатқа «Мұсылмандардың бірлігі және 5 уақыт намазда жамағатпен намаз оқу» тақырыбында  уағыз насихат айтты. Уағыз-насихатқа  Жаңа Қаратон ауылының  имамдары және намазды жаңадан бастап келе жатқан жамағаттарда келді. Уағыз насихаттан соң жамағаттың білімдерін арттыру мақсатында сұрақ –жауап жарыстары болып, сұраққа жауап бергендер сыйлықтармен марапатталды. Білім нәрімен сусындап,  «Раббым, білімімді арттыр» (Таха сүресі,-аят) дұғасына сай амал етуден үзбесін деген әр дәрістегі амалымыз, Алланың қалауымен ниетке сай болып келе жатыр. Жамағаттардың да ауыз біршілігі мен ілімге деген құштарлығы күннен – күнге артып келеді. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табуын Алладан сұрап қаламыз.

 

                                                                  Жылыой аудандық орталық

 

            мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

«ҚАПАН ҚАЖЫ» МЕШІТІ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

        Бүгін күллі мұсылман қауымы асыға күткен ұлық мереке - Құрбан айт мейрамы басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінде айт намазын оқудан бастауын алған үш күндік мерекені «Қапан қажы» мешіті де ерекше атап өтуде. Таңның атысымен айт намазын оқуға ағылған халық қарасының көп болғаны мешіттің іші лық толды. Айт намазының алдында мешіттің имамы Жамбыл Демеуұлы қасиетті Құрбан айт мейрамының туралы айта келіп, айт намазының оқылу тәртібін түсіндірді.
Жылы лебізімен көпшілік алдына шыққан Шоқпартоғай әкімі Е.Елеусінов Айт намазына бір кісідей жиылған жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ел амандығына тілектестігін білдірді.
Намаз оқып, насихат тыңдау сынды айт намазының құлшылық рәсімін түгел орындаған жұртшылық тым-тырыс үйді-үйіне тарап кетіспеді. Мешіт ауласында өткен мерекелік шараны тамашалады.
Шара барысында «Қазақша күрес», «Қол күрес», «Кір тасын көтеру», «Арқан тартыс» сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, мәре-сәре болып жатты. Әр ойын түрінен жүлделі орын алған жеңімпаздар құрбандық малымен (қой) марапатталды.
Намазға қатысып, Құрбан айт мерекесін тамашалауға ата-аналарымен бірге ере келген балалар өздеріне арналған ойын-сауық алаңдарында (тегін) құмары қанғанша ойнап, Балаларға 100-ден астам сыйлық, ойыншықтар таратылды. 
Құрбан айт мерекесі ерекше өтті. Оны күлкі мен қуанышқа толы жамағаттың жадыраңқы жүзінен байқау қиын емес еді. Әсіресе, сыйлықтар, ойыншығын ұстай кеткен балалардың қуанышында шек жоқ. 
Алла тағала құрбандығымызды, жасаған дұға-тілектерімізді қабыл етіп, айттан айтқа аман-есен жетуімізді нәсіп етсін!!!

Толығырақ ...

Діни сауаттылық – елдігіміздің ертеңі

         Бүгінгі таңда ұлттық қауіпсіздігімізге қатерін төндіріп тұрғанэкстремистік ағымдармен күресудің бірден-бір жолы қоғамның діни сауаттылығын арттыру екені белгілі. Ислам діні мейірім, кешірім діні дейтін болсақ, бұл хайырлыілім арқылы жүзеге асып, қасиетті Құран кәрімде айтылғандай адамзат баласын бауырмалдық пен бірлікке бастамақ. Олай болса, өскелең ұрпақтың тарихи санасын оятып, тек тура жолға, имандылыққа бастайтын уағыз-насихат жұмыстарының жүргізілуі – елдің ішкі  тұрақтылығы мен татулығының кепілі.

       Осы орайда Атырау облысы әкімдігі «Азаматтық инициативаларды қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында белгілі теолог мамандар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде студенттермен кездесу өткізді. 

     Кездесу барысыда Қызылорда облыстық Ішкі саясат басқармасы Діни мәселелерді зерттеу орталығының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ҚММ-нің теолог-дінтанушысы   

Батырбек Убаев сөз алып, Ислам дінінің діңгегі, қос қайнар көзі – Құран мен пайғамбар (с.ғ.с) сүннетіне негізделген шариғи қағидалары туралы әңгіме өрбітті. Хақ дінді жат ниетті ағым идеологиясымен салыстыруға болмайтынын тілге тиек етіп, қандай да болмасын діни ағым ұстанымынан шындық іздеудің түбі қателікке ұрындыратынын айтты. «Түптеп келгенде, кей жастарымыздың дәстүрлі емес жат, діни ағымдарға еруінің басты себебі – олардың дәстүрлі Ислам дінінің қағидалары мен құндылықтарын білмеуінен болып отыр. Сондықтан біз жастармен бірге түрлі танымдық, ақпараттық жұмыстар жүргізу үстіндеміз. Мақсат – Ислам дініндегі ізгілік, қайырымдылық, кішіпейілділік сынды құндылықтарды

өскелең ұрпаққа насихаттау.  Жастардың діни сауаттылығын көтеру. Бұл да – осындай мақсатты көздейтін шара», – деді ол өз сөзінде.

              Сондай-ақ, шара барысында «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы ҚҚ-ның директоры Қанат Жұмағұл студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, діни ағымдардың алдын-алып, олардан сақтандыруды көздейтін діни сауаттылықтың мән-маңызына тоқталды.

         Екі дүниенің ілімін қатар игерген дінтанушылармен өткен кездесу тағылым, тәрбиелік мәні өте жоғары кездесу болды. 

 

 

«Иманғали» орталық мешітінің

 

баспасөз қызметі  

Толығырақ ...