Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қариялардың көңілін марқайтқан келелі кездесу

«Иманғали» орталық мешіті жүзеге асырып келе жатқан қайырымдылық бағытындағы шаралардың бірі – жылы ұясынан жырақта – қарттар үйіне қаңтарылған қамкөңіл қарияларға қарайласу. «Ауылыңда қарияң болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, қария – көпті көріп, кейінгіге ақыл-кеңесін айтар көнекөз шежіре. Байырғы қазақ дәстүрінде ерді көгертетін бата мен алғыс ақсақал атаның тағылымға толы көкірек-қойнауынан шыққан. Амандығы сәлемнен басталатын Ислам діні де әке мен анаға асқан құрметпен қарап, жұмақтың ана аяғының астында екенін атайды. Демек, қарияларымыздың амандығын, жағдайын сұрап, көңілін көтеру – ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетімен біте қайнасып жатқан игі дәстүр. Қазіргі таңда мешіттеріміз бұл үрдістің үзілмей, келер ұрпаққа жалғасуына ықпал етуде.

Осыған орай, бүгін ҚМДБ-ы Атырау өкілдігінің Жастар ісі мәселелері бойынша жауапты маманы Арман Урумбаев бастаған мешіттің жас жамағаты қарттар үйіне барып, қайырымдылық шарасын өткізді. Шара барысында қариялар дастарханнан дәм ауыз тиіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Қашан да көңілдерін аулай, дәм-сыйын ала келетін «Иманғали» орталық мешітінің ұжымына алғысын жаудырып, батасын берді.

 

«Иманғали» орталық мешітінің

             баспасөз қызметі 

 

Толығырақ ...