Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырау өңірінде Мәуліт мерекесі кеңінен аталып өтуде

 Атыраулық мұсылман жамағаты үшін биылғы жаңа жыл парағы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келген ай – қасиетті Мәуліт мерекесін атап өту шарасымен басталды.  Бұл ретте аудандық мешіттер де Мәуліт мейрамына орай рухани-танымдық шара ұйымдастырып, айтулы мерекені халыққа кеңінен насихаттау үстінде.

Атап айтқанда, Атырау облысына қарасты Индер және Жылыой аудандық мешіттерінің ұйытқы болуымен «Адамзаттың асыл тәжі, уа Расулалла ()», «Адамзаттың абзалы»  атты Мәуліт мерекесі аталып өтілді. Екі дүние сардарының адамзатқа үлгі болған өнегелі өмір жолын ұлықтаған осынау кештерге ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы арнайы барып, қатысып қайтты.

Екі аудан халқын да Мәуліт мейрамымен құттықтаған бас имам өз сөзінде: «ардақты пайғамбарымыз   (с.ғ.с.) дүниеге келген Мəуліт айы – Ислам тарихындағы аса маңызды мереке. Оның ерекшелігі туралы пайғамбарымыздың өзі «Мен бұл күні дүниеге келдім, үмметіме елші болып жіберілдім, бұл күні маған Құран түсті», –деп,  дүйсенбі сайын ораза ұстау арқылы оған құрмет білдірген. Осыны негізге ала отырып, кей ғалымдарымыз Мəулітті атап өту дəстүрінің пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзінен басталғанын айтады. Ендеше адамзатқа мұра болған   Мəулітті атап өту асыл дініміздің шариғатына сай. Үмметке сүннет болған ізгі  дəстүрді жалғап, халыққа қызмет етіп жүрген жандарға Алланың рақымы жаусын», – дей келе, Мəуліт мерекесін атап өтудің артықшылықтарына тоқталды.

Айта кету керек, екі ауданда өткен кештер барысында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) теңдессіз тұлғалық болмысы туралы бейне баян көрсетіліп, сахналық көріністер қойылды. Пайғамбар (с.ғ.с.) шарапатын сипаттайтын арнау өлеңдер оқылып, илəһи əндер шырқалды.  

Сондай-ақ, Мəуліт дастарханы жайылып, қайырымдылық ретінде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік тарту етілді.

 

«Иманғали» орталық мешітінің

 

баспасөз қызметі

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу