Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас имам Жарсуат ауылында өткен Мәуліт кешінің құрметті қонағы болды

 Атыраулық мұсылман жамағаты үшін биылғы жаңа жыл парағы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келген ай – қасиетті Мәуліт мерекесін атап өту шарасымен басталды.  Бұл ретте аудандық мешіттер де Мәуліт мейрамына орай рухани-танымдық шара ұйымдастырып, айтулы мерекені халыққа кеңінен насихаттау үстінде.

5-қаңтар күні Индер ауданы, Жарсуат ауылдық мешітінде имам  Қ.Рспаевтың басшылығымен «Адамзаттың асыл тәжі, уа Расулалла ()» атты Мәуліт мерекесі аталып өтті. Екі дүние сардарының адамзатқа үлгі болған өнегелі өмір жолын ұлықтаған осынау кешке ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы қатысып, жиылған жамағатты Мәуліт мейрамымен құттықтады.

Ол өз сөзінде: «ардақты пайғамбарымыз       (с.ғ.с.) дүниеге келген Мəуліт айы – Ислам тарихындағы аса маңызды мереке. Оның ерекшелігі туралы пайғамбарымыздың өзі «Мен бұл күні дүниеге келдім, үмметіме елші болып жіберілдім, бұл күні маған Құран түсті», –деп,  дүйсенбі сайын ораза ұстау арқылы оған құрмет білдірген. Осыны негізге ала отырып, кей ғалымдарымыз Мəулітті атап өту дəстүрінің пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзінен басталғанын айтады. Ендеше адамзатқа мұра болған  Мəулітті атап өту асыл дініміздің шариғатына сай. Үмметке сүннет болған ізгі  дəстүрді жалғап, халыққа қызмет етіп жүрген жандарға Алланың рақымы жаусын», – деді.

Шара шымылдығы Алланың кəламымен ашылып, «Нұр-Мүбәрәк» университетінің төртінші курс студенті Е.Сағынов Құран оқыды. Сондай-ақ, кеш барысында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) теңдессіз тұлғалық болмысы туралы бейне баян көрсетіліп, сахналық көріністер қойылды. Пайғамбар (с.ғ.с.) шарапатын сипаттайтын арнау өлеңдер оқылып, көпшіліктің көңілінен шықты.

Мəуліт кеші «Нұрбике» мейрамханасында жалғасын тауып, ауыл ақсақалдары тағылымы зор шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған мешіт ұжымына алғыс білдірді.

 

 Қ.Рспаев,

Жарсуат ауылдық мешітінің имамы 

Толығырақ ...

«Қапан қажы» мешітінде Мәуліт мерекесіне арналған рухани кеш өтті

Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылындағы «Қапан қажы» мешітінде Мәуліт мерекесіне орай рухани кеш өтті.

Кешті мешіттің бас имамы Жамбыл қажы Демеуұлы ашып, «Мәуліт» – пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) дүние есігін айқара ашып, қараңғы әлемге қуаныш нұрын ала келген күн. Бұл күнді бүгінде әлем мұсылмандары ерекше қуанышпен қарсылап, қуана тойлайды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с) сансыз салауат айтылатын бұл күн қазақ жеріне де келіп жетті. Соңғы он жыл бойы тәуелсіз мемлекетіміз бұл мерекені өз деңгейінде тойлап келеді», – деді.

Мәуліт мерекесіне арналған салтанатты кешке жиылған ауыл тұрғындарын ауыл үлкені Құлымжан ақсақал мен мешіт қамқоршысы Балжігітов Мейіржан құттықтады. Сондай-ақ, «Қапан қажы» мешітінің шәкірттері дайындаған Иләһи өлеңдерден тұратын мерекелік қойылымдар тамашаланды.

Кеш соңында М.Балжігітов шара қонақтарына шапан жауып, балаларға арнайы сыйлықтар үлестірді. Және «Қапан қажы» мешітінің бас имамы Ж.Ыбыраш жиналған халыққа діни кітаптар тарту етті.

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы

бойынша баспасөз қызметі,

Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылы,

 

«Қапан қажы» мешіті 

Толығырақ ...

«Қапан қажы» мешітінде Мәуліт дастарханы жайылды

«Қапан қажы» мешітінде Мәуліт мерекесі аталып өтілді. Нақты айтқанда, Жылой ауданы, Шоқпартоғай ауылындағы «Қапан қажы» мешітін салған М.Балжігітов мырзаның шаңырағында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туған күні мерекесіне орай Мәуліт дастарханы жайылды.

Дастархан басында Алла Елшісін (с.ғ.с.) ұлықтайтын салауаттар айтылып, Мәуліт дұғасы оқылды. Сондай-ақ, ауыл ақсақалы Оразғалиев Жақсылық және «Қапан қажы» мешітінің имамы Жамбыл Ыбыраш  пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өнегелі өмір жолдарынан сыр шертіп, уағыз-насихат айтты.

Жиын соңында Мәуліт кеші қонақтарына қазақ салтымен шапан тарту етіліп, сыйлықтар үлестірді.

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы

бойынша баспасөз қызметі,

Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылы,

«Қапан қажы» мешіті 

 

Толығырақ ...

Мүмін сипатын айшықтаған кездесу

ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Атырау өкілдігі бойынша жетекшісі, «Иманғали» орталық мешітінің ұстазы Айжарқын Түзелова Мақат аудандық мешітінде әйел жамағатымен кездесіп, «Мүміннің сипаты» тақырыбында

уағыз айтты.

         Ұстаз сөз барысында ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Мүмін біреуге жүк болмайды», – деп келетін хадисіне жүгіне отырып, мүмін мұсылманның басты-басты артықшылықтарына тоқталды. Атап айтқанда, «мүмін мұсылман сөйлесе, шындықты айтады, амал етсе, Алланың разылығын тілеп тұрады, аманатқа қиянат жасамайды, садақасына рия араластырмайды, басшыға бағынады, ғайбаттан ұзақ жүреді. Бұл ретте мұсылман үмметі үшін адамдықтың шыңы, кемел иман иесінің зор үлгісі – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегеге толы мүбәрак өмір жолы. Сондықтан да біз Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Ислам тарихындағы қайраткерлік келбетін жетік біліп, одан тағылым ала білуіміз керек», – деді ол.

         Кездесу соңында ұстаз А.Түзелова жамағат тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауап берді.

 

«Иманғали» орталық мешітінің

 

баспасөз қызметі

 

Толығырақ ...

«Әт-тақуа» мешітінің бас имамы Мақат ауданы жамағатымен кездесті

Қалалық «Әт-тақуа» мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы Мақат аудандық мешіт жамағатымен кездесіп, «Иман байлығы – зор байлық» тақырыбында уағыз айтты. Кездесуді мешіттің бас имамы Дәурен Құттыбаев ашып, басқосудың маңыздылығына тоқталды.  

Ұстаз Ө.Аманбайұлы «Иман – құлшылықтың кілті, қайнар көз бастауы. Өйткені, адамзат баласы иман келтіру арқылы мұсылмандықты қабылдайды. Бес парыз ішінде иман келтіруді алғашқы орынға қойған Алланың хикметі де осында. Бұл біздің дініміздің ілім, ықылас пен ниет діні екенін көрсетеді. Осы ретте пайғамбар (с.ғ.с.) өнегесі де жер бесіктен көр бесікке дейін ілім іздеуді міндеттеп, құлшылыққа адал болуды үндейді. Олай болса, сүннетке лайықты үммет атанып, Алланың разылығын табамыз десек, кемел иман иесі болу жолында табандылық танытуымыз керек», – дей келе, Құран үйреніп, діни сауаттылықты арттырудың қоғамдық қажеттілігін баса айтты.

Кездесу соңында алыстан ат арытып жамағатпен кездесуге келген ұстазға имам Д.Құттыбаев алғыс айтып, мешіт ұжымы атынан ризашылық сезімін білдірді.

 

 «Иманғали» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

 

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу