Ислам дініндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі – бауырмалдық. Өйткені, оның бойында мейірімділік пен сүйіспеншілік, сыйластық пен кеңпейілділік және тағы да басқа ізгі қасиеттер тұнып тұр. Асыл дініміз Алла Тағалаға иман келтірген мұсылман баласын бауырмалдыққа үгіттей отырып, оның қоғамға, қоғам тыныштығын сақтауға тигізер ықпалын жоғары бағалайды. Тіптен Алла Тағала адамзатты түп-түгел бауырмалдыққа бұйырады: Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды (Әли Имран сүресі 103-аят). Сондай-ақ, Хужурат сүресінің 10-аятында да Алла Тағала мұсылмандардың бір-бірімен қиянатшыл дүниеде қандай жағдайда да достықтан ажырамаудың қажеттігін былай баян етеді: «Шын мәнінде мүміндер туыс. Сондықтан туыстарыңның арасын жарастырыңдар да Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» (Хужурат сүресі, 10-аят).
Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) шынайы мұсылмандықтың бауырмалдық пен достық сезімінен бастау алатыны туралы: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала да оны қиямет-қайымның қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады» - деп үмбетіне бауырмалдықты үлгі еткен.
Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бауырмалдықтың асқақ үлгісін амал-əрекетімен көрсеткен. Ол меккелік және мәдиналық сахабалардың арасында теңдессіз татулық орнатқан. Бұл Алла жолындағы өзара сүйіспеншілік пен өзгеге қол ұшын созып, әрдайым көмекке әзір тұру, бір-бірін жақын тартуды көрсеткен бауырластық қарым-қатынастың озық үлгісі.
Абу Жухайфадан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Салман Фариси (р.а.) мен Абу Дарда (р.а.) арасын бауырластырды. Бірде Салман Абу Дарданың үйіне зиаратқа келгенде оның əйелі Умму Дарданы жүдеу халінде көріп, «Саған не болған? Жүдеп кеткен көрінесің ғой» - деп, сұрайды. Сонда ол кісі жауабында: «Сенің бауырың Абу Дарда бұл уақытша дүниеден ешнəрсені қажет етпейді» - дейді.
Кейін Абу Дарда келіп бауыры Салманға тамақ ұсынып: «Алып отыр мен ораза тұтқан едім» - дейді. Сонда Салман: «Сен жемейінше мен бұл тамақтан ауыз тимеймін», - дейді. Осы сөзден соң Абу Дарда бауырымен бірге тамақ жейді. Түн ішінде сəтте Абу Дарда Раббысы үшін нəпіл намаз оқу үшін оянады. Салман оған: «Ұйықта», - дейді. Жатады. Біраз уақыттан соң қайта тұрып ғибадатына кіріспекші болғанда, тағы да «Ұйықта» - дейді. Жатады. Таң намазының уақыты жақындай бастаған сəтте Салман оған: «Ал енді тұр», - дейді. Сөйтіп, екеуі де, таһажжуд намазына тұрады. Одан соң Салман оған: «Расында сенде нəпсіңнің хақысы бар, Раббыңның хақысы бар, қонағыңның хақысы бар жəне шынында əйеліңнің де хақысы бар. Əрқайсысына өзінің хақысын бер»,-дейді. Ол екеуі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келген уақыттарында осы жайлы хабар береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Салман дұрыс айтқан екен» (Имам Бухариден).
Ислам дінін берік ұстанған ата-бабаларымыз жеті атаға дейін бір-бірін туыс көріп жақын мен жатқа да бірдей қарап, жанашырлық танытқан. Пақыр-міскінге, мүсәпір жолаушыға көмек қолын созып, қиын жағдайда панасыз қалған жандарға жәрдем етуді сауапты іс деп санаған. «Жатырқау – жаттың ісі, жақындау – Хақтың ісі»; «Жақсы адамда жаттық жоқ, жақсы жарда қарттық жоқ». «Жақсы адам жатырқамайды», – дегендей, ұлағатты сөздермен келер ұрпақты тәрбиелеп отырған. Мұсылман мен мұсылманның арасындадағы бауырмалдықтың нығаюы және одан тежейтін әртүрлі рухани дерттерден адам өзін және нәпсісін сақтауға көмек беретін мына төмендегі ережелерге көңіл бөлген абзал.
1. Бауырыңды Алла үшін жақсы көру. Мұсылман бауырыңды дүниелік мақсат үшін емес, тек Алла разылығы үшін жақсы көру. Егер бір мұсылманды жақсы көргенде Алланың разылығы емес, адамның биік мансабы, абыройы, байлығы себеп болса, ол Алла қалаған бауырмалдылыққа жатпайды.
2. Бауырыңа өшпенділік, көреалмаушылық жасамау. Шындығында, мұсылман адам – жаны таза жан, қоршаған ортасына арамдығы жоқ, тіпті кешкілік төсегіне жатарда: «Йя, Алла, жан баласына деген жамандық, өшпенділік және көреалмаушылық деген жаман қылықтардан бойымды тазарттым. Куә бол!» деп айтып жатқан жөн. Абу Хурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бір-біріңе көре алмаушылық пиғылда болмаңдар, бағаларды көтермеңдер, бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе арқаларыңды қаратпаңдар, бірің біріңнің жасаған саудаларыңның үстінен сауда жасамаңдар, бір-біріңе бауыр болыңдар», - деген (Муслим хадистер жинағы).
3. Тілге сақ болу. Тіл – он күнәнің тоғызын жасайтын көлемі жағынан кішкентай болса да, сүйегі ауыр дене мүшесі. Ата-бабаларымыз «Басқа бәле тілден», - деп бекер айтпаса керек. Шындығында, біреу аузына арам ас алмаса да, қолымен ұрлық қылып, аяғымен қылмысқа бармаса да, тілінен шыққан бірауыз күнәлі сөзі себепті жан-тәнімен жаһаннамда күйіп-жануы әбден мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: Адам баласы ұйқыдан оянғанда бүкіл дене мүшелері тіліне қарап: «Біз үшін Құдайдан қорық. Сен түзелсең, біз де түзелеміз. Сен бұзылсаң, біз де бұзыламыз», - деп жалына бастайды екен. Әрі осы көрініс әр күні таңертең қайталанып отырады (Тирмизи хадистер жинағы). Алла Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер. Алла істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды», - (Ахзаб сүресі, 70-71 аят).
Халықтың діни-сауаттылығын арттырып, атадан қалған асыл дініміздің тағылымды тәрбиелік құндылықтарын бойымызға сіңіріп, іске асыра білсек қаны бір қандас бауырларымыздың бірін-біріне деген бауырмалдығы арта түсері ақиқат. Расында, дәстүр мен дінімізді ұстансақ, елдігіміз береке-бірлік, ізгілікпен нұрланары хақ.
Мұнархан Алимов,
«Дина» сауда орталығы
намазханасының имамы