Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Əдептілік - тəрбие бастауы

 «Сендердің жақсыларың мінез-құлқы көркем болғандарың»

 (Сахих Бұхари)

 

          Адам қоғамда әдептілігімен танылады. «Әдептілік» сөзінің шариғаттағы терминологиялық мағынасы: пенденің ойланбастан өз жаратылысына сай барлық жақсы және ізгі амалдарды жүзеге асыру ұғымын қамтиды.

Әдептіліктің қайнар көзі мен негізгі қағидаларын ислам дінінен іздеген абзал. Ислам – көркем мінез бен әдепке негізделгендіктен, әрдайым тазалық пен пәктікті насихаттайды. Бұл дініміздің негізгі қағидаларынан айқын көрінеді.  Исламдағы барлық ғибадат-құлшылықтар осы мақсатта тоғысады.

Әдептіліктің шарттары дегеніміз не?

Әдептілік мәселесінде мұсылман пендеден екі нәрсе талап етіледі. Бірінші, Хақ Тағалаға деген ықыласты болуы. Екіншіден, әдептілік амалы Алла Тағаланың сөзі Құранға және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне негізделу. Бұлай болуының себебі ақиретті мақсат еткен мұсылман пенде әрбір ісін тек Алла Тағаланың разылығы үшін істейді. Бұл – оның өмірлік мақсаты. Сондықтан да, ол барлық мәселеде, соның ішінде, әдептілікке қатысты Құран мен сүннетке назар салады. Бұлай болмаған жағдайда әрбір адам жақсы сипаттың орнына жаман сипаттарды бойына сіңіріп алуы әбден мүмкін.

Әдептілік нышандары қалай өлшенеді?

«Әдептілік нышандары» деп шариғат талаптарына сай көркем мінезділіктің белгілерін айтамыз. Әрбір мұсылман ислами әдептілік нышандарына қол жеткізуді көздеп, сол арқылы иманын кемелдендіруі тиіс. Мәселен, әдептілік – ғұмырыңды ұзартып берекеге кенелтеді. Расуллаһ (с.ғ.с) «Көршімен жақсы қарым-қатынас жасасып, көркем мінезге ие болу елді- мекенді көркейтеді де ғұмыр жасты ұзартады» ( «Канзүл – Ьүммәл», 5408).

Қиямет күні әдептілік таразының оң жағын салмақты етеді. Расуллаһ (с.ғ.с) былай деген. «Қиямет күні таразыға қойылатын нәрселердің ішінен көркем мінезден ауыр салмақ басатыны болмайды».(«Тухфатүл- Ахуази», 2011)

 Әнас ибн Мәлік (р.а) жеткізген хадисте: «Расуллаһ (с.ғ.с) Әбу Зәррды (р.а) кездестіріп:

-        Уа, Әбу Зәрр (р.а)! Мен саған орындалуы өте жеңіл, таразыда тым ауыр екі нәрсе жайында айтайын ба? – деп сұрады.

-        Уа, Рассуллаһ (с.ғ.с)! Әрине айтыңыз.

Көркем мінезді болып аз сөйле, Мұхаммедтің (с.ғ.с) жаны билігінде болған Хақ Тағаламен ант етемін! Жаратылғандардың ешбірі осы екі амалдан артық іс істей алмайды.( «Канзүл – Ьүммәл», 8405).

 Әдептілік пендені Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне жетелейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады:«Пенделердің ішінде Хақ Тағала үшін ең сүйіктісі – мінез-құлқы ең көркем болғаны» деген. («Кәшфүл-Хафа», 131)

 Әдептілік пендені жәннатқа жетелейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Мен, ақиқатта екендігіне сенiмдi бола тұра, талас-тартыстан бас тартқан адамға жәннаттың маңайынан, әзiлдеп болса да өтiрiк айтпаған адамға жұмақтың ортасынан және көркем мiнез-құлық иесiне жәннаттың ең төрінен үй нәсiп болатындығына кепілдік беремін». («Таһзибусунән Әби Дауд», 4792)

Әбу Һұрайра (р.а.) айтады: «Расулуллаһ (с.ғ.с.) адамның жәннатқа кiруiне көп септiгiн тигiзетiн нәрсе жайында сұралғанда: «Тақуалық пен көркем мiнез» деп жауап бердi. Кейiн адамның тозаққа кiруiне себеп болатын нәрсе жайында сұралғанда: «Тiл мен жыныс мүшесiне ие болмау»,-деп жауап бердi». («Тухфатүл - Ахуази»,2012)

Әдепті мұсылман Қиямет күні Алла Елшісімен (с.ғ.с.) бірге болады. Расулуллаһ (с.ғ.с.) айтады: «Расында, сендердің іштерінде ең жақсы көретiнiм және қияметте маған ең жақын болатындарың, мiнез-құлқы жақсы болғандарың. Ал, мен үшiн ең жексұрын әрi қияметте менен ең алыс болатындарың сөз құмар, мақтаншақ және мылжың болғандарың»  деген. («Тухфатүл - Ахуази»,2027»)

Әдептілік – мұсылман баласы үшін тозақты харам етеді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтады: Мен сендерге кім үшін тозақ харам болатындығын (яғни, тозаққа кірмейтіндігін) айтайын ба? Ол өзінің жұмсақтығы мен кеңшілігі арқылы, басқаларға жақын болған адам.(«Әл-Жәмиьус - Сағир», 2863)

          Қорыта келе айтарымыз мынау. Көркем мінез  –  дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек.

Нариман ДЖУМАШЕВ,

«Құспан молла» мешітінің наиб имамы.


 

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу