Өкіл имам медресе түлектерін жұмысқа тартуда
- Бөлім: Жаңалықтар
Атырау өңіріндегі діни ахуалды жандандыру, жергілікті халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында соңғы жылдары өте қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы діни-ағарту бағытындағы іс-шаралардың нәтижелі болуының бірден-бір кепілі маман сапасына ерекше көңіл бөліп келеді. Кадр әлеуететін нығайта түсудің бір жолы – мамандардың білімін жалғастыруына жағдай жасау болса, екінші жолы – сырт облыстардан білікті мамандарды жұмысқа тарту.
Осы орайда өкіл имам Батыржан қажы Берденұлы "Нұр-Мүбәрак" университетінің биылғы түлектерін Атырау өңірінде бірлесе жұмыс жасауға шақырып, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шымкент» және «Сарыағаш» медреселерін бітіруші шәкірттерімен де кездесу өткізді. Кездесу барысында өкіл имам мұнайлы өңірдегі діни-ағарту саласы жұмыстарын жетілдіруде маман қажеттілігінің зор екенін атап көрсетті.
Сондай-ақ, медресе қабырғасында алған теориялық білімдерін Ислам нұрына сусап отырған шалғайда жатқан ауыл, аудан халқының діни білімін арттыруға жұмсаудың Алла Тағала құзырында сауапты іс екенін жеткізді.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі