«Иманғали» орталық мешітінде ағаш отырғызу акциясы өтті
- Бөлім: Жаңалықтар
21-сәуіркүні «Иманғали» орталықмешітінде «Аялы ағаш – саялы ағаш» тақырыбында ағаш отырғызу акциясы өтті. Шара барысында мешіт айналасын көгалдандыру сынды игі істің бастамашысы ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы ағаш отырғызудың қоғамдық қажеттілігі, мән-маңызы туралы аз-кем уағыз-насихат айтты. Өкіл имам өз сөзінде "Адам баласының өмір сүруі үшін ауа қандай қажет болса, таза ауа – салауатты өмір салтының кепілі. Яғни, адам ағзасына қажетті оттегіні бөліп, ауа құрамының тазалығына ықпал ететін ағаш тектес өсімдіктердің пайдасы ұшан-теңіз. Ғалымдардың айтуынша, қаншалық ғылым мен технология дамыса да, әлі күнге ағашқа жететін ауа тазартқыш қондырғыларын ойлап табу мүмкін болмай отырған көрінеді. Бұл – жаратылыс құдіреті. Исламмен біте қайнасқан дана халқымыздың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деуінің мәнісі де – осында», – деді.
«Иманғали» орталық мешіті ауласында өткізілген ағаш отырғызу шарасына облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығы, «Жәрдем-Атырау» кооперативтік, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қорларының ұжымдары қатысып, 40-қа жуық тал отырғызылды.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі