Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бүгінгі талапкер – ертеңгі кәсіби маман

22-сәуір күні «Иманғали» орталық мешітінде биылғы талапкер – мектеп түлектері мен жоғары оқу орнына дейінгі дайындық курсы бітірушілеріне кәсіби бағдар беру мақсатында шәкірттермен кездесу өткізілді.

ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлының бастамасымен өткен кездесуді мешіттің наиб имамы Артық Жұмабекұлы ашып, жүргізді. Алла Тағаланың әмірі, асыл  пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті – білім алудың маңыздылығына тоқталған наиб имам діни білім алудың артықшылықтарын атап көрсетті: «Біріншіден, діни ілім иесі Алланың кәламы болған, сөз төресі – Құранның хикметін терең түсініп, тіптен жаттау арқылы хафиз, қари атану мүмкіндігіне қол жеткізеді. Екіншіден, адамзаттың абзалы болған Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихын жете түсініп, адамгершілік пен кісіліктің өлшемі болған сүннет тағылымын бойына сіңіріп, діни-тарихи сана қалыптастырады. Үшіншіден, кәсіби және тұлғалықтұрғыданқатар кемелденген маман ретінде Алланың аманаты болған Ислам дінін көпке насихаттап, оның келер ұрпаққа жетуіне қызмет етеді. Әрине, бұл – шартты жіктелім. Мұның сыртында Ислам дінінің қайнар бұлағымен сусындаған мұсылман адамның отбасы берекесін сақтауға ерекше мән беріп, имандылық тұрғысынан айналасына үлгі болуды өмірлік мақсат-міндетіне айналдыратыны белгілі», – деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, 50-ге тарта қатысушы шәкіртке еліміздегі діни оқу орындары туралы мағлұмат берген Артық Жұмабекұлы мамандық таңдауда қателеспеу керегін еске салып, ағалық ақылын айтты. Жиын соңында шәкірттер өздеріне арнайы жайылған дастарханнан дәм ауыз тиіп, осындай мазмұнды жиынның өтуіне ұйытқы болған мешіт ұжымына ризашылық сезімдерін білдірді.

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі 

Толығырақ ...