«Әт-тақуа» мешіті Рамазан айын ерекше дайындықпен қарсылады
- Бөлім: Жаңалықтар
Қалалық «Әт-тақуа» мешіті күллі мұсылман қауымы асыға күткен биылғы Рамазан айын ерекше дайындықпен қарсылады.
26-мамыр күні құптан намазынан кейін, яғни тарауих намазының алдында мешіттің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы жамағатты Рамазан айымен құттықтап, берекелі айдың қадір-қасиетіне тоқталып өтті.
«Қайталау – оқу анасы» дегендей, он екі айлардың сұлтаны – Рамазан айы жыл сайын оралып тұрса да, оны ерекше ықылас, ниетпен қарсылаудың маңызы зор. Сондықтан Рамазан айы туралы, ораза, тарауих намазына байланысты шариғи үкімдерді еске салу мақсатында ұйымдастырылған білім сайысына белсене атсалысуға шақырамын, - деді Ө.Аманбайұлы жиылған жамағатқа.
Білімді бекіту шарасында жамағатқа 30-ға тарта викториналық сұрақтар қойылды.
Сұрақтарға дұрыс жауап берген жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттаған бас имам 30 күн Рамазанда тарауих намазын Мехмет Шакир Ағаһтың жүргізетінін айтып, жамағатты түркиялық қаримен таныстырды.
Сайыс бітісімен мешіт жамағаты бір атаның баласындай құбылаға бет бұрып, тарауих намазын оқыды.
ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша
баспасөз қызметі,
қалалық «Әт-тақуа» мешіті