Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Иманғали» орталық мешітінде айлық отырыс болып өтті

 

6-мамыр күні  «Иманғали» орталық мешітінде алыс-жақын жамағаттың басын қосқан рухани жиын болып өтті. Ай сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан айлық отырыстың осы жолғы көтерген тақырыбы  Алла Тағаланың адамзатқа берген зор нығметі – уақыт мәселесі болды.  

Жиынды ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы ашып, осы кеште уағыз айту міндеті жүктелген мешіттің наиб имамы Артық Жұмабекұлын жамағатпен таныстырып өтті.

Адам баласы қадіріне жете бермейтін уақыттың Алла Тағаланың адамзатқа нәсіп етілген ең үлкен сый екенін атап көрсеткен Артық Жұмабекұлы оны Аллы разы болатын іске жұмсаудың қайырлы амал болып саналатынын айтты.

«Көрер көзге өтпейтіндей болып көрінген бос өткен уақыттың адам баласын алып барар жері – өкініш, күнә, тозақ. Өйткені, адам белгілі бір мақсатпен, яғни, Аллаға құлшылық ету үшін жаратылған. Осы ретте Алла Тағала әр күні орындалатын құлшылық-ғибадат уақыттарын да белгілеп қойған. Айталық, намаз уақытының кіріп-шыққанынан бейхабар қанша адам өз өмірінің текке өтіп жатқанынан хабарсыз жүр?! Ал, оның соңының өкініш, реніш, берекесіз өмірмен аяқталарын өмірдің өзі дәлелдеген шындық. Бұл уақыттың қайтымсыз, қайырымсыз қатал заң жүйесімен жылжып жатқанын көрсетеді. Олай болса, адам баласы өзіне берілген уақыттың қадірін біліп, оны ізгі істерге жұмсауы – парыз», – деді Артық Жұмабекұлы уағыз барысында.  

Келелі отырыс соңында жиылған жамағат өкіл имам Батыржан Берденұлы жайған Ақиқа дастарханынан дәм ауыз тиді. Ақсақал қариялар Ислам дініне қалтқысыз қызмет етіп жүрген, еліне қадірлі, жамағат алдында абыройы зор, дін саласының білгірі, ғалым Батыржандай қажының шаңырағында дүниеге келген сәбидің бауының берік, хайырлы ұрпақ болуын тілеп, Алладан дұға етті.

 

 «Иманғали» орталық мешітінің

 

баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Садақадағы ысырап тоқтатылса...

                                  Садақадағы ысырап тоқтатылса...                                                

 

          Алла тағала ысырап жайлы Құран Кәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер, шын мәнінде Алла ысырап етушілерді сүймейді» (Ағраф сүресі, 31 аят), – деп ескертеді. Осы орайда адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жеңілдетіңдер, әсте ауырлатпаңдар, қуантыңдар, адамдарды қайғыға салмаңдар» (Бұхари), – деп ескертеді.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда қоғамда, жалпы қоршаған ортада ішіп-жеудің нормасы сақталмай ысырапқа жол берілуде. Мысалы, артық тамақтардың төгілуі, нан қалдықтарының қоқысқа тасталуы, суды бекер ағызып қою т.б. Бұған той-томалақта шама-шарқына қарамастан «ешкімнен кем болмайын» деп ысырапқа жол беріп шашылатынымыз да бар. Ал, өмірде күнделікті күнкөріске қаражат таппай тарығып жүргендер қаншама!? Мүміндер үшін табақтағы асты ысырап етпей сүннет жолы деп тауысып ішіп, жеу – әдептіліктің белгісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәрет алу кезінде артық суды қолданудың өзін ысырапқа жатқызған. Сондықтан әрбір ісімізді жақсы ойлап, ысырапқа жол бермегеніміз абзал.

Данышпан Абай атамыз:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, белсеңіз»,
– деп адам баласын құрдымға түсірер істердің біріне осы бекер мал шашып, ысырапқа жол беруді жатқызған.

Хадис шәрифте былай делінеді: «Ішіп-жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер. Бірақ ысырап және тәкаппарлықтан сақтаныңдар!» (Бұхари) Яғни Алла тағала біздің ішіп, жеуіміздің орта деңгейде болуын бұйыруда. Ал, кім бұл орта деңгейді аттап астамшылыққа барса, әрине ол іске Ұлы Раббымыз әсте разы болмайды. Тағы бір ағайынымыз : Егер мен өзім мол садақа жасағым келеді, - десе, онда ол бауырымызға кеңесіміз артығын мұқтаж жанға жеткізіп беріп, мұңайған отбасына қуыныш сыйласын.  

   Бір ғұлама ақырзаман келердегі жағдай қандай болады деп сұрағандарға:

«…Өлігің қойдай болады,

Жаназаң тойдай болады», – деп бүгінгі қоғамдағы жағдайды дөп басып айтқанына

 қайран қалмасқа шара жоқ. Олай болса, ел бірлігін сақтай отырып, қай істе болмасын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарайық, ағайын!

«Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік» (Бәйһақи). «Ысыраптың барлық түрі – харам».Бұл амалдың бәсекелестікке, бақталастыққа, ысырапшылдыққа айналуы жанға батады. Ендеше ысырапшылықтан сақтанайық. Айтылғандай садақа іс-шараларамызда «Абыройдан емес Алладан қорқып істесек, әрине ысырапшылдыққа жол бермейміз».

 Еліміздегі ғұламалардың бекітуі бойынша садақа, кәделердің  ас мәзірі төмендегідей болуын ұсынады:

1.    Нан

2.    Бауырсақ

3.    Жеті нан

4.    Тары

5.    Талқан (жарма)

6.    Құрма

7.    Қант

8.    Кәмпит

9.    Печенье

10.Мейіз

11.Өрік

12.Қаймақ

13.Сары май

14.Шәй

15.Су

16.Ет тағамы

 Мұндағы мақсат – марқұмның артында қалған отбасына салмақ түсірмеу және ысырапшылдыққа жол бермеу. Әркім өзінің шамасына қарай жасайды. Алайда, осы көрсетілген тағам түрлерінен басқасы қойылмайды. Ысырап болмас үшін әр адам тауыса алатындай мөлшерде қойғаны жөн. Алла Тағала еліміздің баянды болашағы, кемел келешегі үшін көздеген арман-мұрат, мақсат-мүдделеріміздің игілікпен іске асырылуын нәсіп еткей. Әмин.

 

А.Исаев,

 Жылыой аудандық

мешіттің Бас имамы

Толығырақ ...

Әйел-ана – ұлттың ұйытқысы

ҚМДБ-ның Атырау өкілдігі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлының бастамасымен құрылған облыстық «Әйел -қыздар» секторы ай сайын дөңгелек үстел өткізуді қолға алған еді. Жыл басынан бері өтіп келе жақан дөңгелек үстелдер барысында Ислам сияқты асыл дінімізбен ұштасқан қазақ тарихындағы әйел-аналардың орны, қыз бала, келін тәрбиесі, сондай-ақ, олардың бүгінгі қоғамдағы сипаты тақырыптарында біраз ұлттық санаға бастайтын келелі әңгімелер қозғалып та үлгерді.

Міне, осындай тағылымды жиындардың заңды жалғасы ретінде мамыр айына жоспарланған дөңгелек үстел 5-мамыр күні жамағатқа жол тартты.

Жиынға облыстық сектордың жанынан құрылған «Әжелер мектебінің» жетекшісі ҚР-ның Қажылар қауымдастығы Атырау филиалының төрайымы Жұмагүл қажы Нәсиқызы және Елена қажы Ізімқызы, Айсұлу Қайырқызы бастаған осы мектептің құрамындағы аналар сөз сөйледі.

 Есімдері ел есінде сақталып қалған Домалақ ана, Қарашаш сұлу, Тұмар ханшайым, Сүйінбике, Бопай ана мен Бегім сұлу, Зере, Ұлжан аналар сынды текті ұрпақ тәрбиелеп, қоғам тәрбиесіне зор үлес қосқан аналардың тағылым-тәрбиелік өмір жолынан сыр шерткен Айсұлу Қайырқызының баяндамасы өте мәнді, мағыналы болды. Сондай-ақ, А.Қайырқызы ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымызды ұлттық код-кілт деп танып, оны жоғары бағалауды елге үндеген ел Президентінің 13-сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын да әдемілеп талдап берді.

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Атыраулық Әйел-қыздар секторы табиғат аясында

7-мамыр Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай ҚМДБ-ның Атырау өкілдігі, «Иманғали» мешітіне қарасты Әйел-қыздар секторы табиғат аясына саяхат жасады.

Ақиқатында, біле білгенге «Ғашия» сүресінде айтылғандай, «Ғажайып тіреусіз тұрған аспанға зер салып, жерге мықтап қазық болып қағылған ешбір қимылдамайтын, жер сілкінсе де қозғалмайтын аспанмен таласқан тауларға қарап», олардан ғибрат алу – Алла Тағаланың  әмірі.

Осы ретте айнала көк желек жамылған «Бесікті» ауылындағы демалыс орнында әйелдер жамағаты Алла Тағаланы еске алуды бір сәт ұмытқан жоқ.

Табиғат-ана сынды Жаратушының шебер жаратылысына зер салып, хикметін тануға үндейтін уағыз-насихат тыңдасты.

Түстік уақытында ас мәзірлерін дайындап, шағын шеберлік сағаттарын өткізді. Түрлі ойындар ұйымдастырылып, викториналық сұрақтарға жауаптар берілді.

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...