Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Облыс мешіттерінің Құрбан айтқа дайындық жұмыстары пысықталды

 Санаулы күндерден соң күллі мұсылман қауымы үшін ізгілікті мереке саналатын Құрбан айт басталады. Осынау атаулы датаға орай, бүгін орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров Атырау қаласына қарасты мешіттердің бас имамдарымен кездесіп, дайындық жұмыстарын пысықтады.

«1, 2, 3 қыркүйек күндеріне келіп отырған Құрбан айт мерекесіне орай, ең алдымен санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтауға назар аударуымыз керек. Халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлау шараларынан тыс, тазалыққа мән беруге шақырамын. Себебі, ислам – тазалықты ту еткен дін. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде «Тазалық – иманның жартысы» деген жолдар бар» деген Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан қажы Берденұлы имамдарды ұлық мереке қарсаңында құрбандық шалынатын орындар мен көп қабатты тұрғын үй аулалары және көше бойларында тазалықты сақтау жұмыстарын насихаттауға шақырды.

Мереке күндері облыс орталығындағы, аудан, ауылдық жерлердегі мешіт үйлерінде уағыз-насихат жұмыстарынан бөлек, ұлттық ойын түрлері бойынша спорттық жарыстар, өзге де бұқаралық сипаттағы шаралар өтеді. Сонымен бірге, әлеуметтік жағынан аз қорғалған мүгедек жандарға, жалғыз ілікті адамдарға, көп балалы, жетім, жесір категориясындағы отбасыларға құрбан малының еті таратылады.

Мәселен, мереке күндері облысымыздың бас мешітінде жамағат арасында ұлттық ойындардан жарыс өтеді. Бүлдіршіндер үшін батуттар құрылып, ойын алаңдары жасақталады. Сонымен бірге, балдырғандарға тәттілер, ойыншықтар таратылады деп күтілуде.

Айта кетелік, Айт намазы 1 қыркүйек күні жергілікті уақытпен таңғы сағат 7.30-да оқылады. Құрбан малы Айт намазынан кейін шалынады. 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі. 

Толығырақ ...

Мектеп оқушылары орталық «Иманғали» мешітіне саяхат жасады

Бүгін орталық «Иманғали» мешітіне Құрманғазы, Исатай, Индер аудандарында және Атырау қаласында білім алып жатқан 6, 7, 8, 9 сынып оқушылары арнайы келіп, ғибадат үйінің тыныс-тіршілігімен танысты. 

Оқушыларды Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық мешіттің бас имамы Батыржан Мансұров қабылдады. «Мешіттің басты міндеті – тәуелсіз елімізде жүзеге асырылып отырған дін саясатын насихаттау. Демек, Аллаға деген сенімді адамның жүрегіне имандылық ұялату арқылы күшейту. Дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттау. Ислам діні – үлкен ғылымның бастауы. Ислам – тазалықтың, бейбітшіліктің, сонымен бірге ілімнің діні» деген облыстың бас имамы Батыржан Мансұров, оқушыларды мешіт ішіне саяхат жасауға шақырды.

Наиб имам Мұрат Мұстафаев шәкірттерді күн санап жамағат саны артып келе жатқан қос қабатты мешіт ғимаратымен таныстырды. Бес уақыт намаз оқитын зал, Құран оқитын бөлмелерді аралаған шәкірттерге ғибадат үйінің күнделікті жұмысы туралы ақпарат берді.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу