Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Артық Жұмабекұлы бейіт тұрғызудың бірыңғай стандартын енгізуді ұсынды

Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қ. Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Артық Жұмабекұлы Томарлы ауылдық округінің әкімі Шапхат Қарашұлының есеп беру жиынына қатысып, жаназа және жерлеу рәсімдерін біріздендіру мәселесін көтерді.

«Соңғы кездері халық арасында қабір тұрғызуда бәсекелестік қанат жайып барады. Екі, тіпті кейде үш адамның мәйіті жерленетін аумаққа  бір адамға арналған зәулім бейіт тұрғызылып, айналасы алып дуалмен қоршалып жатады. Сондықтан, бұдан былай бейіт тұрғызудың арнайы стандарты енгізіліп, заңнама түрінде бекітілсе, ысырапшылдықтың және шариғат құптамайтын орынсыз бәсекенің алдын алар едік» деп атап өтті Қ. Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Артық Жұмабекұлы.

Айта кетелік,  апта басында ғана Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан қажы Берденұлы жаназа рәсімдері, марқұмның үш, жеті және қырық күндік қаделерін өткізуге байланысты ұсыныстар жасап, халықты ысырапшылдықтан арылуға үндеген болатын.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі. 

 

Толығырақ ...

Ынтымақ түбі - береке

Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қ. Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Артық Жұмабекұлы  Атырау қаласына қарасты Геолог ауылдық округінің әкімі Қуандық Жақиялиевтың есеп беру жиынына қатысты.

Жиын барысында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен округ алдында тұрған негізгі міндеттер мен мақсаттар сараланды.

«Есепті жиында ауыл ішінде ұрлық-қарлық, қарақшылықтың көбейіп отырғандығы мәселе ретінде көтерілді. Ауыл әкімі әсіресе, жеке үй иелерін абай болуға шақырды. Қалай десек те, өзгенің мүлкіне қол сұғу ислам құптамайтын, былайғы өмірде де айыпты саналатын іс» деген имам Артық Жұмабекұлы  ауыл басшылығын бірлесіп жұмыс атқаруға шақырғанын айтты. «Соның ішінде, халық ағарту, жат ағымдармен күрес және жастармен байланыс саласындағы жұмыстарда өзара ынтымақтаса әрекет ететін боламыз» дейді Қ. Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Артық Жұмабекұлы.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі. 

 

Толығырақ ...

Тағылымды кездесу

Атырау облысының бас мешіті - «Иманғали» орталық мешітінде Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров Құптан намазынан кейін «Иман жастары» ұйымының мүшелерімен кездесті.

Кездесу барысында жастар бас имамға түрлі тақырыптар бойынша сауалдарын қойды. Ислам дінінің мәні, маңызы туралы сөз қозғаған Батыржан қажы Берденұлы еліміздің ислам дінінің қайта өрлеу кезеңін бастан өткеріп жатқандығын атап өтті. «Дін - халықтың мәдени дәстүрлерін сақтаушы және рухани-адамгершілік идеалдардың қозғаушы күші болып қала береді.  Осыған байланысты, діни этиканың күші өскелең ұрпақтың адамгершілік және рухани дүниетанымын қалыптастыруда маңызды роль атқарады. Дін - күрделі және көп қырлы феномен. Сондықтан, Қазақстанда бауырларымыздың діни сауаттылығын арттыру ауадай қажет» деп атап өтті Батыржан қажы Берденұлы.

Кездесу соңы айлық отырысқа ұласты.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз - қызметі.


Толығырақ ...

Атырауда жаназа және жерлеу рәсімдерін атқаруға қарасты ұсыныстар талқыланды

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен орталық «Иманғали» мешітінде  жаназа және жерлеу рәсімдері, садақа өткізу форматына қатысты жиын өтті.

Атырау облысы Дін істері басқармасы, қала, аудан мешіттерінің имамдары, Атырау облысы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жалпы жамағат қатысқан жиында садақа кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі кеңінен талқыланып, нақты ұсыныстар сараланды. Жиын барысында баяндама жасаған Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров нақты ұсыныстарды ортаға салды.   

«Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының басшылығымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап жарыққа шығып, қалың оқырманға жол тартты. Аталмыш кітапта да ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі айрықша талқыланып, нәтижесінде мүфтият садақа дастарханына қойылатын ас мәзірін бекіткен болатын» деген бас имам қайтқан кісінің сүйегі жер қойнына тапсырылмай тұрып, қаралы үйде қазан қайнатпауды, күзетте дастархан жаймауды ұсынды. «Дастархан марқұм жерленгеннен кейін жайылса, бұл да болса біріншіден, о дүниелік болған пенденің рухына құрмет, екіншіден, қаралы үйді қосымша ауыртпалықтан арылтуға арналған қадам болар еді. Екіншіден, марқұмның үш күндік, жеті күндік және қырық күндік қаделерін бір күнге өткізу тәжірибесі енгізілсе. Саралап қарасақ, үш күнге бір бөлек, жеті күнге бір бөлек, қырық күнге бір бөлек дастархан жая беру, оның барлығы сайып келгенде ысырапшылдыққа жол ашады.  Әрі осы қаделердің қай қайсына да сол таныс адамдары айналып қатыса береді. Егер, қаделерді біріктіріп, бір күнді белгілейтін болсақ, былайғы жұрттың уақытын да үнемдер едік. Әрі бұл шаңыраққа да ыңғайлы болады. Үшіншіден, мейрамхана жалдау мәселесінде әулеттің шығынданбауына жол ашсақ. Яғни, қаделер мейілінше шаңырақтың өзінде өтсе. Ал, көп қабатты, тар үйлер болған жағдайда, мейрамхана жалдауға болады. Бірақ, ысырапшылдыққа жол бермейтіндей дастархан жайсақ. Мысалы, ет, бауырсақ, мейіз. Ал, балықтың түрлері, салаттар, жеміс-жидектер сынды тағам түрлері жаназа дастарханы мәзірінен алынып тасталса» деген бас имам Батыржан қажы Берденұлы жалпы халыққа ыңғайлы болатын жаназаның ортақ  дастархан мәзірін бекітуді ұсынды. Жобамен алғанда, мәзірдің үлгісін бауырсақ, сары май, қант, халва немесе жент, өрік немесе мейіз, конфет, печеньеден тұрады деп алып қарастырсақ, қарапайым дастархан қара жамылып отырған үйді соңғы қаражатына дейін садақаға жұмсауына алып келмес еді.

Сондай ақ, өкіл имам Батыржан қажы Берденұлы соңғы кездері қанат жайып бара жатқан марқұмды жерлеу рәсімін өткерер алдында  дауыс зорайтқышпен митингтер өткізу, осы шара кезінде табыттың алдынан гүл шоқтарын, оған қоса марқұмның суретін алып жүру сияқты ұлтымызға, дінімізге, ділімізге жат әдеттерден арылуға шақырды.

«Мұндай астамшылық марқұмның әруағына да қиындық туғызады. Сондықтан, осындай керексіз әдеттерден арылып, қарапайымдылыққа жақындай түссек деген ұсынысымыз бар» деген облыстың бас имамы Батыржан қажы Берденұлы садақа кезінде «жыртыс тарату» атты жазылмаған заңдылықтан да бас тартуға шақырып отыр. Бас имамның пікірінше, бұрынғы замандары, айталық тоқсаныншы жылдары жыртыстың былайғы жұртқа белгілі бір дәрежеде қажеттілігі болған болуы да мүмкін. Себебі, дүкен сөрелері бос тұрып, жоқшылық болған о заманда жыртыстың матасын аналарымыз киім-кешек тігуге, тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын. Қазір мұндай қажеттілік жоқ. Себебі, адамның барлығы керегін дүкеннен сатып алады. «Қарапайым логикаға салып ойлансақ,  садақа кезінде кемінде жүз адамға жыртыс таратылады екен. Ең арзан деген  матаның метрін орташа бағамен 300 теңге деп алатын болсақ, осы бір жыртысты үлестіру үшін онсыз да қайғыға батып отырған шаңырақ кемінде 100-150 мың теңге артық қаражат жұмсауға мәжбүр. Мұның сыртында әр қаде сайын қайта- қайта жайылатын дастархан, шалынатын мал, одан қалды жалға алынатын мейрамхана шығы бар» деген бас имам Батыржан қажы Берденұлы исламның ең алдымен адамды қарапайымдылыққа үндейтінін еске салды.

Сондай ақ, баяндамашы Батыржан қажы мүфтият үшін маңызы зор мәселені де көтеріп өтті. Жаназа, садақа сынды рәсімдерді атқаруды Бас мүфтидің бұйрығы бар штаттағы имамдарға жүктеуді ұсынды. Ал, халық арасында молда атанып кеткен кісілерді тұрғылықты мекен-жайы бойынша орналасқан мешіттерде тіркеудің берері зор болар еді. Айталық, жергілікті жердің бас имамы ұсыныс беріп, молдаларға құжат берілер болса, діни жоралғы, рәсімдерді орындау кезінде бірізділікке жол ашылар еді.

Шара барысында сөз алған Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев діни жоралғыларды атқару кезінде заңдылық сақталу керектігін еске салып өтті.

Асылында, орынсыз ысырап шариғатымызда әу бастан құпталмайтын іс. Оның үстіне, ысырапшылдық – Хақ тағала қаламайтын іс. Демек, Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) асыл сүннетінде ысыраптан тыятын көптеген ұстанымдарының болуы да тегіннен тегін емес. Мәселен, тұтас мұсылман қауымның конституциясы болып табылатын Құранда «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан, Раббысына тым күпірлік етуші», деп ысыраптың нәтижесінің неге апаратынын еске салып жирендіреді. Ендеше, бұл ұстанымдар мұсылман қауымына ғана емес, күллі адамзат үшін маңызды фактор болуы тиіс.

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі.

Толығырақ ...

Имамдар алдағы жұмыстарды нақтылады

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан қажы Берденұлының басшылығымен аймаққа қарасты барлық деңгейдегі  имамдар арасында алқалы жиын өтті.

Жиын барысында Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер, Мақат, Жылыой және Махамбет аудандарынан келген имамдар өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Көптеген маңызды мәселелер талқыланған жиында облыстың бас имамы Батыржан қажы Мансұров алдағы міндеттерді белгілеп берді. Яғни, мүфтият тарапынан бекітілген жұмыс ережесіне сәйкес, мешіттер ағартушылық, рухани, әлеуметтік сауықтыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра түсуі тиіс.  

Соның ішінде, діни рәсімдер, жоралғыларды өткізуді белгілі бір тәртіпке түсіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде жеделдік қажет болады.

           Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі.


Толығырақ ...