Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Діни экстремизммен күресудің қазіргі кезеңдегі маңыздылығы

Қазіргі халықаралық қауымдастық шеңберінде діни экстремизмнің нақты әрі ықтимал қауіп-қатерлері халықаралық құқықтық-саяси сипат алып отыр. Олай деп тұжырым жасауымыздың басты себебі – діни экстремизм ең алдымен қоғамның дәстүрлі тұстарын, яғни моральдік-этикалық, өзіндік діни, саяси, құқықтық, әлеуметтік, психологиялық, экономикалық қырларын, сосын барып жаһандану үрдістерімен ұласып халықаралық қауіпсіздіктің жай-күйін түйреп ететін құбылыс болып табылады. Жалпы ұғымдағы экстремизмнің ең негізгі түрлерінің бірі болып танылатын бұл күрделі құбылыс өз кезегінде діни экстремистік идеологиялық негіздерді қолданудан бөлек, экстремистік идеологиялық құралдарды пайдаланумен де ерекшеленеді. Демек, бұл және одан туындайтын факторлар діни экстремизммен күресудің кешенді зерттеу тұрғысынан қарастыру қажеттілігінің бар екендігін айқындайды. Тілге тиек етіліп отырған құбылыспен күресу ісінің күрделі болуының бүгінде анықталып отырған бірнеше себептері бар: біріншіден, оның қауіптілігін ескертетін арнайы немесе жеке халықаралық-құқықтық құжаттың әлі күнге болмауы оған қарсы іс-қимылдарды жүзеге асыруды лаңкестікпен күресу аясында жүргізуге итермелейді; екіншіден, жоғарыда айтылған себепті ескере отырып мемлекеттердің ішкі және сыртқы мүдделері ортақ көзқарастағы мүддеге толық өтпеуі салдарынан «жалпықамтушы» мүддені толық көздейтін халықаралық-құқықтық модельдің жасалмауын алға тартады; үшіншіден, осы құбылыспен күресу көбінде мемлекеттік, нақтырақ айтқанда ішкімемлекеттік деңгейлерде ғана жүргізіліп келеді; төртіншіден, дін мен діни мәселелерге және діни ағымдарға байланысты кейбір мемлекеттердің саяси-құқықтық ұстанымдарының халықаралық-құқықтық нормаларға сәйкес келмеуінен және бесіншіден, «діни экстремизмге» қатысты теориялық-әдістемелік және тәжірибелік маңызы бар мәселелерді ғылыми зерттеуге арналған еңбектердің, оның ішінде заңгерлер тарапынан талқыланып жатқан жұмыстардың тым аздық болуымен, сондай-ақ олардың бір-бірімен үйлесім таппай жатқандығымен де түсіндіріледі.

Халықаралық ұйымдар, әсіресе Біріккен Ұлттар Ұйымы және аймақтық немесе аймақаралық ұйымдардың қызметтеріне назар аударатын болсақ, олардың күн тәртібіндегі мәселелерінің ішінде діни экстремизмнің біркелкі келісіліп мақұлданған анықтамасын айқындау шешілмей отыр. Мемлекеттердің өзара жасасқан екі жақты шарттары да бұл орайда діни экстремизммен күресудің мақсаты мен қағидаттарын, бағыттары мен нысандарын, қала берді механизмдерін нақтыламайды.

Бүгінде Орталық Азия мемлекеттерінде, оның ішінде соңғы уақытта Қазақстан Республикасының аумағында қалыптасып отырған жағдай экстремизм мәселесіне жалпы көзқарас тұрғысынан ғана емес, оның әрбір түрлері мен ағымдарын және міндетті түрде діни экстремизмге де жете көңіл бөлуді талап етеді. Осы тұста Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемалары бар. Әсіресе халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелермен ұштасып, саясиланғанын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп» деген пікірі маңызды және оның маңыздылығы экстремизмнің, оның ішінде діни экстремизмнің лаңкестікке (террористік актіге) «серпіліс» беруімен немесе оған ұласуымен анықталады.

Жоғарыда айтылып өтілген себептер мен олардың жалпы мазмұндық жиынтығы осылайша зерттеу тақырыбының өзектілігін анықтап береді.

 

 

Атырау облыстық «Иманғали»

орталық мешітінің наиб имамы

Алпысбай Махсат Қайратұлы

Толығырақ ...

Ұстаз Ризабек Батталұлы орталық «Иманғали» және Атырау қалалық Әт-Тақуа мешітінде шәкірттермен кездесті

Атырауға белгілі ұстаз Ризабек Батталұлы жұмыс сапарымен келді.

Әлемге әйгілі Әл-Азһар университетінің «хадис» бөлімінің түлегі Ризабек Батталұлы Атырау облысының орталық «Иманғали» мешітінде жамағатпен кездесті. Құптан намазының алдында уағыз айтқан ұстаз Ризабек Батталұлы Алланың мейірімі тақырыбына ерекше тоқталды.

         «Алланың мейірбандығы, кешірімділігі, құдіреті хақында тоқтаусыз айта беруге болады. Алла Тағаланың рақымдылығы жайлы бір хадисте «Алла жаратылысты жаратпастан бұрын рақымдылықты өзіне жазды және «Расында, менің рақымдылығым азабымнан жоғары» деген. Сондай-ақ, Алланың аса рақымдылығын айқын көрсететін көптеген хадис келтіруге болады: Алла Елшісі (с.ғ.с): «Алланың атымен ант етейін, Алланың құлына деген мейірім-шапағаты бір ананың баласына деген мейірімділігінен сан есе үлкен» деген.

Ал, «Кәһф» сүресінің 57-58 аяттарында: «Раббың өте жарылқаушы мәрхамат иесі» деген. Асылында, Алланың рақымына бөленудің бірден-бір жолы – тәубе ету» деп атап өтті ұстаз Ризабек Батталұлы.

Осындай кездесу Атырау қалалық Әт-Тақуа мешітінде де жалғасты.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Жұлдыз мешітіне жаңа кілемдер төселді

Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіт залдарына жаңа кілемдер төселді.

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлының хабарлауынша,мешіттің үлкен залына, ерлер, әйелдер залына, тұтастай алғанда мешіттің ішкі аумағына толықтай төселген кілемдердің алынуына демеушілер және жамағат қаржылай қолдау көрсетті. Сонымен бірге, мешіттің қабырғалары арнайы ДСП плиталарымен қалыңдатылып, ауыл мешітінің іші  бір жаңартылып қалды.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Атырау облысына қарасты мешіттердің имамдары есеп беруде

Бүгін мұнайлы мекенге қарасты барлық мешіттердің бас имамдары орталық «Иманғали» мешітінде жылдық есеп берді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан қажы Мансұровқа есеп берген имамдар мүфтият бекіткен негізгі төрт бағыт, яғни, уағыз-насихат, теріс ағымдармен жұмыс, қайырымдылық шаралар және сауат ашу жұмыстарын жүргізу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Имамдардың есебіне оң баға берген өкіл имам Батыржан қажы Мансұров халық ағарту және теріс ағымдармен күрес бағытындағы жұмыстарды нығайтуды міндеттеді.

Айта кетелік, асыл дінімізді насихаттау, халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізу мақсатында бүгінгі таңда облыстағы 30 мешітте 71 дін қызметкері қызмет етуде.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу